Маңғыстау облысын көрші екі мемлекетке жалғайтын көлік жолдары жаңартылып жатыр

12 шілде, 2018, 15:23 4670 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысын көрші екі мемлекетке жалғайтын көлік жолдары жаңартылып жатыр

Өңірдің ең шалғай ауданы – Бейнеуден Өзбекстан мен Кендірлі демалыс аймағынан түрікмен шекарасына дейінгі тас жолдар қалпына келтірілуде.

Мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Маңғыстау облысын көрші екі мемлекетке жалғайтын көлік жолдары жаңартылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен Жетібай - Жаңаөзен күрежолы толықтай сүріліп, қайта салынып жатыр. Осы көлік дәлізі арқылы Ақтау және Құрық теңіз айлақтарына ауыр көліктермен жүк тасымалданып, Каспий маңы аймағының одан әрі дамуына жол ашу көзделіп отыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Облыс орталығы мен мұнайшылар қаласы Жаңаөзенді жалғап жатқан автожолдың тең жартысы толық жаңартылып, жарты жыл бұрын ел игілігіне берілген болатын.

Осыған дейін ені 7 метрге де жетпейтін тар жолдың аясы 19 метрге кеңейтілді. Төрт жолақтан тұратын талапқа сай 1-ші дәрежелі жол салынды. Республикалық маңызы бар бұл жолдың жөнделуі бірінші кезекте жолаушылар қауіпсіздігі үшін аса маңызды болды.

Жаңа жол қолданысқа берілгелі бері жол апатының 25 пайызға азайғаны байқалған. Былтыр 17 жол көлік оқиғасы тіркелсе, биыл қайғылы жағдайдың саны беске кеміген.

"Қазір Жетібайға дейінгі жолды жақсы салып қойды. Бұрын ол жолдың қандай күйде болғанын Маңғыстау облысының тұрғындары жақсы біледі. Бұрын мына жол ойқы-шұйқы болып, соның кесірінен көптеген жол-көлік апаттары болып, қиын жағдайлар болып жататын. Бүгінгі таңда өздеріңіз көргендей, жолды жоғары талаптарға сай етіп, жақсы деңгейде жасап жатыр", - дейді көлік жүргізуші Ілес Нұрадинов.

Жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын жолдың Жетібайдан - Жаңаөзенге дейінгі бөлігін жаңарту жұмыстары биыл көктемде басталды. Құны 21 миллиард теңгеге бағаланған жобаны "Азия даму банкі" қаржыландырып отыр. Жол салуға жергілікті зауыттарда өндірілетін битум, сапасы халықаралық талаптарға сай цемент пен өңірдің ұлутас аралас құмы қолданылуда.

"Маңғыстаужолзертханасы" РММ басшысы Сайын Демесіннің айтуынша, қазіргі таңда жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Жолдың төменгі қабатына 31 км асфальт төселген, яғни құрылыстың 45 пайызы аяқталып тұр. Жол 2019 жылдың қараша айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Салу жұмыстарына бас-аяғы 768 адам мен 500-ден аса арнайы техника тартылған.

"Ақтау - Жаңаөзен" автожолы – шалғай өңірді Түрікменстан мемлекетімен жалғайтын көлік дәлізінің бір бөлігі. Бұл жол ел игілігіне берілген соң, мұнайшылар қаласынан түрікмен шекарасына дейінгі жол құрылысы басталады. Осылайша, "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында көрші елдермен қарым-қатынас нығая түспек. Жалпы, мұнайлы түбектегі жаңа жолдар іске қосылған соң, Маңғыстау облысы арқылы жылына 20 млн тоннадан аса жүк тасымалданады деп күтілуде.

Осы аймақтағы "Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы" жолы бастан-аяқ қалпына келтірілуде. Аталған көлік жолы қазақ елі егемендік алғалы бері алғаш рет жөнделіп жатыр.

Мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қолға алынған жобаға 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жол салу жұмыстары "Қамқор Менеджмент" холдингінің "Теміржол жөндеу" компаниясына жүктелген.

Қазірде "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы" бағытындағы жолмен автокөліктер еш кедергісіз жүріп жатыр. 85 шақырымдық тас жол көлік ағынын "Ташкент-Самарқанд-Бұқара-Нөкіс-Бейнеу-Атырау-Астрахань" халықаралық көлік-транзиттік дәлізіне апарып қосады. Жөндеу басталғалы Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерге жүк және жолаушы тасымалы артқан.

"Біздің компания бес айға жоспарланған жұмыстарды уақытында аяқтады. Қарқынын жеделдету үшін жоба құрылысы қыс мезгілінде де жүргізілген болатын. Көктемде жол бетіне асфальт төселді. "Теміржол жөндеу" компаниясы жол құрылысын аяқтаған соң мұндағы орташа жүру жылдамдығы 50-ден 100 шақырымға дейін артады. Бұл жолмен тәулігіне 6 мың көлік жүріп өтеді", - дейді "Теміржол жөндеу" ЖШС бас директоры Ескендір Қарсыбеков.

Күтім көрмей, азып-тозған күре жолды қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына қазақстандық көлік жүргізушілермен қатар автомобильмен әлемді шарлауға құмар туристер де дән риза.

"Жөндеу жұмыстары басталғанда 8-10 сағат уақытымыз жолға кететін. Қазір бар болғаны 3-4 сағатта жоғары жылдамдықпен жүріп өтуге мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Қазақ елінен үлгі аларымыз көп" - дейді Ресей Федерациясының азаматы Улугбек Гулямов.

Бейнеу ауданының құрметті азаматы Басшы Әзірхановтың айтуынша, жол құрылысы биыл басталғанына жергілікті халық қуанышты. Жолды салу сеніп тапсырылған мекеме осыған дейін Бейнеу-Шалқар бағытындағы жолды қайта салып, жұмысшылары ұйымшылдық, іскерлігімен көзге түскен екен.

Бұл жол құрылысына бас-аяғы 400 жұмысшы тартылған. Олардың сексен пайызы Маңғыстау облысының тұрғындары. Компания ұжымы жуырда Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылына кіреберіс пен тағы үш көше жолын қалыпқа келтіріп берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: