Маңғыстау облысында "7-20-25" аясында 200-ге жуық өтініш мақұлданды

16 қазан, 2018, 16:47 2312 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында

Жыл соңына дейін Ақтау қаласында 2300 пәтер тапсырылады деп күтілуде.

Маңғыстау облысында "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 194 өтініш мақұлданды. Бұл туралы аймақ әкімдігінде өткен жиында өңірлік сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Эльдар Машырықов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Облыс активі қатысқан кездесуде ҚР Президенттінің бес әлеуметтік бастамасы мен қазақстандықтарға Жолдауында нақты айтылған "7-20-25" бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар талданды.

Жиында сөз алған Маңғыстау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Эльдар Машырықов айтуынша, биылғы жылдың өткен тоғыз айында өлке аумағында жалпы көлемі 910,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қолданысқа берілген. Айта кетейік, өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 664,8 мың шаршы метр баспана халық игілігіне берілген еді.  

"Ағымдағы жылдың соңына дейін іс жүзінде 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде", - деді Эльдар Машырықов.

Осы салаға жауапты басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету кісі басына шаққанда 22,4 шаршы метрді құрайды (жалпы республика бойынша 21,6 шаршы метр).

Халықтың пайдалануына берілетін тұрғын үй көлемінің жыл сайын 10 пайызға  өсіп отырғаны байқалады. Тоқтала кететін бір жайт, соңғы бес жылдан бері халық саны орташа есеппен 3 пайызға өсіп келеді.

"Тұрғын үймен қамтамасыз етілу көлемі 2025 жылға қарай бір адамға 30 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда "7-20-25" ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы негізінде екінші деңгейлі банктермен жалпы құны 1,6 млрд теңгеге бағаланған 194 өтінім қолдау тапты. Аталмыш бағдарламаға 700 млн теңге бағыттау жоспарлануда", - деді басқарма басшысы.

Осының нәтижесінде Маңғыстау облысы тұрғындарының мыңға жуық жаңа пәтерді несиеге сатып алуға қолжетімділігін жақсартады. Жыл соңына дейін Ақтау қаласында 2300 пәтер тапсырылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, қосымша несиелер тұрғындарға қайтарымдылық, ақылылық және мақсатты пайдалану негіздерінде берілмек. Қосымша несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды, берілу мерзімі - 3 жыл.

Айту керек, "Баспана" ипотекалық ұйымы мен Маңғыстау облысының әкімдігі жыл аяғына дейін әріптестік меморандумға қол қояды деп көзделген. Мұндағы басты мақсат - "7-20-25" бағдарламасына қатысушы төлейтін алғашқы жарна мөлшерін субсидиялау.

Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаға "Жас арман" және "Қамқор баспана" жобалары кіреді. Олардың негізінде тұрғындардың пәтер алуына қажетті алғашқы жиырма пайыз жарнаның он пайызы субсидияланбақ. Ал бұл қаржыны жергілікті бюджеттен алу амалдары қарастырылып жатыр.

Ақылбек Нұрбосын, үйдегі екі ұлдың кенжесі. Өз алдына бөлек отау тігіп, ата-анасынан бөлек шығуды қалаған мұратына "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізді. 16 шағын ауданда салынған жаңа үйдегі екі бөлмелі пәтерді 20 жылға рәсімдеп, айына 40 мың теңгеден төлеп отыр.

Екінші деңгейлі банктер алған ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын төлеу мұнай және газ өндіру саласының маманы үшін аса қиындыққа түспеген.

"Ендігі жерде мемлекет қолдауымен алғашқы жарна көлемі екі есеге азайса, мен секілді үй алған бақытты отбасы саны көбейер еді", - дейді жаңа пәтер иесі.

"7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасын азайтып немесе субсидия бергені тұрғындар үшін өте тиімді болар еді. Қазір қаладағы баспанаға қол жеткізу оңай шаруа емес. Өйткені, алғашқы жарнасын төлеуге де біраз ақша қажет. Біз секілді жас отбасылар, баспана алғысы келетін адамдардың жағдайын жасап, жақсартып жатыр. Осы қамқорлығы үшін Елбасыға рахмет", - дейді жақында қоныс тойын тойлаған қала тұрғыны.

Күн санап "7-20-25" бағдарламасына қатысуға ниетті маңғыстаулықтардың қатары артып келеді. Осыған Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өңірлік филиалы мамандарының облыс халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізуі оң ықпал етуде.

Еліміздің өзге де аймақтарын айтпағанда, "7-20-25" мемлекеттік бағдаралмасын Маңғыстау өңірінде жүзеге асыру басталғалы бері Ақтаудағы екінші деңгейлі банктерге 286 өтініш келіп түскен. Олардың 194-і мақұлданды. Жалпы, өңір тұрғындарының пәтер сатып алуына берілген несие көлемі 1,6 млрд теңгеге жуықтайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өңірлік филиалының бөлім басшысы Нұртас Машановтың айтуынша, "Баспана" ипотекалық ұйымы мен аймақ әкімдігі арасында меморандум жасақтауға дайындық жуық арада жүреді деп жоспарланған.

"7-20-25" бағдарламасына кіретін екі жоба бойынша алғашқы жарна бөлігін субсидиялау басты назарға алынады. Мемлекеттік бағдарламаға жасы 21-ден асқан кез келген азамат қатыса алады. Басты талап – ол адамның атында жылжымайтын мүлік болмауы және тұрақты табысы болуы керек", - дейді ұлттық банк қызметкері.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірі бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығы Ақтауға іргелес жатқан Қарақия, Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында көпқабатты үйлер салынып жатыр. Демек, келешекте ауыл тұрғындары да мемлекеттік "7-20-25" бағдарламасына қатыса алады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: