Маңғыстау облысында алғаш рет биоакустикалық түзету кабинеті ашылды

26 қазан, 2018, 15:15 3167 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында алғаш рет биоакустикалық түзету кабинеті ашылды

Биоакустикалық қондырғы ұйықтап кеткен бала санасына түрлі әуендерді электр импульстері арқылы жеткізеді.

Ақтаудағы емханада ашылған кабинетте ресейлік ғалымдар ойлап тапқан медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Енді өңір тұрғындары науқас перзентін емдету үшін басқа аймақтар мен мемлекеттерге сабылмайтын болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Маңғыстау облысында аутизм дертіне шалдыққан балалар саны аз емес. Бүгінде жүзден астам жеткіншек өңірлік психоневрологиялық диспансерде есепте тұр. Науқас перзентін емдету үшін өңір тұрғындары шетел асып, еліміздің өзге аймақтарына баратын. Енді осы мәселе шешімін тапты.

Ақтаудағы емхана дәрігерлері биоакустикалық құралдардың көмегімен науқас бала санасын түзеу шараларын жүргізе бастады. Соңғы жылдары аутизм детінен шалдыққан жеткіншек саны облыс бойынша 107-ге жетті. Барлығы облыстық психоневрологиялық диспансерде есепте тұр.

Айта кетейік, еліміздің өзге аймақтарында емдік шараларын шетелдік ғалымдармен бірлесе жасау күнделікті тәжірибеге енген. Ақтаулық дәрігерлер бұл ретте нақты ұсыныс болса, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр.

Ақ халатты мамандардың пікірнше, бала дамуындағы ауытқушылықтан ауыр түрінен оңалтуда дәрі-дәрмекке қарағанда әлемдік тәжірибеде бар инновациялық емдеу тәсілдерін қолданған артық. Аймақ дәрігерлерінің пікірінше, осы бағыттағы іс-шаралар шетелдік ғалымдармен бірлесе атқарылса тиімділігі ұлғаяды.  

"Бұрынғы жылдары тек дәрі-дәрмекпен емдейтін еді. Қазір дүниежүзілік тәжірибеде дәрігерлер аутизм дертінен сауықтыруға ұсынылатын дәрі-дәрмектерден бас тартып жатыр. Шетелден ғалымдар Астана мен Алматы қалаларына арнайы шақырумен келіп, Матвиевский және АВА методикаларын қазақстандық дәрігерлерге үйретіп келеді. Шалғайлығына орай болса керек, Маңғыстау өңіріне әлі келе қойған жоқ. Алайда, келіп жатқан жағдайда бірлесе жұмыс жасауға дайынмын" - дейді облыстық психоневрологиялық диспансердің психиатры Гүлжан Қожиева.

Ақтау қаласында тұратын Алтыншаш Қуаншалиева төрт жасар сырқат сәбиін емдету үшін Ресейге баруға әзірленіп жүрді. Ақтаудағы емханада "Биоакустикалық түзету" кабинеті ашылғанын естіп, сөнген үміті қайта жанды. Инновациялық емдеу тәсілін алғаш қолданудан бері бала санасы өзгере бастағаны байқалады. Қамкөңіл ата-ана қуанышында шек жоқ.   

"Негізінен баланы бір жастан бастап невропотологқа апарып байқату керек екен. Өкінішке орай, біз уақыт ұттырып алдық. Кеш білсек те, дәрігердің және жаңа медициналық құралдармен жұмыс жасап жатырмыз. Қазір шүкір 15 күн ішінде нақты нәтиже бар. Бұрын дауыстап шақырғанда келмейтін еді. Қазір адамға қарайды, өздігінен сөйлеп бастады. Тамағын да өзі ішетін болды" - дейді ол.

Емдеу тәсіліне келсек, биоакустикалық түзету кабинетінде жарық бәсеңдетіледі.  Толық тыныштық жағдайда арнайы бас киім мен құлаққап киген сәби мультфильм тамашалайды. Биоакустикалық қондырғы ұйықтап кеткен бала санасына түрлі әуендерді электр импульстері арқылы жеткізеді. Нәтижесінде науқас баланың түйсігі жетіліп, өзіне есеп беру қасиеті дами бастайды.

"Аутизм дертіне шалдыққан баланы биоакустикалық қондырғы көмегімен емдеу тәсілі логопед-дәрігердің қосымша сабақтарымен қатар жүреді. Бір ай шамасында сырқат жеткіншектің сөздік қоры көбейіп, ойын толық жеткізу қабілеті қалыптаса бастағанын көріп отырмыз" - дейді невролог-дәрігер Эльнура Гафарова.

Ресейлік ғалымдар ойлап тапқан емдеу тәсілі Ақтаудан бөлек Алматы қаласындағы емханада қолданылады екен. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: