Маңғыстау облысында алғаш рет электр қуаттандыру станциялары ашылды

18 қазан, 2018, 16:57 3431 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында алғаш рет электр қуаттандыру станциялары ашылды

Заманауи үлгідегі нысандар облыстағы бірегей мемлекеттік жоғары оқу орны – Шахмардан Есенов атындағы университеттің бас корпусының алдында орнатылған.

Маңғыстау өңірі тарихында алғаш рет екі бірдей электр қуаттандыру станциясы ашылды. Заманауи үлгідегі нысандар облыстағы бірегей мемлекеттік жоғары оқу орны – Шахмардан Есенов атындағы университеттің бас корпусының алдында орнатылған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Электромобиль аккуммуляторларын қуаттауға арналған стансалардың ашылу салтанатына аймақ әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

Екі станция аталған жоғары оқу ордасы ғалымдарының еңбегімен жасақталған. Олардың электокөліктерді толық қуаттауға жұмсайтын уақыты үш сағаттан аспайды. Айта кеткен жөн, олар арқылы аккуммуляторлары қуатталатын электромобильдер мемлекеттік университет ұжымының пайдалануы үшін сатып алынған.

Университет ректоры Берік Ахметовтың айтуынша, электрокармен жүретін өлке тұрғындары да көлігін қуаттап алу үшін аталған станциялардың қызметіне жүгіне алады.

"Қазіргі таңда мұндай станциялар елімізге шетелден әкелініп жатыр. Осы мәселені шешуге үлесімізді қосу үшін өзіміздің ғалымдар жиналып, осы жобаны қолға алды. Жүзеге асыру үшін бір жылдай уақыт жұмсалды. Бүгін облыс жұртшылығына таныстырылды. Жуық арада бұл жобалар патенттеуге жіберіледі. Әзірге қолда бары станция болғандықтан, біріншісін университетке, екіншісін халыққа арнап қойдық. Кейін жергілікті әкімдіктерге және қызығушылық танытқан өзге де тұлғаларға ұсынамыз. Электр көліктерді қуаттауға болатын станциялар шетелдік нұсқалармен салыстырғанда бес есе арзан әрі және отандық өнім болып табылады", - дейді ол.  

Жоғары оқу ордасы ректорының мәлімдеуінше, әр станцияның бағасы 500 мың теңге. Келешекте олардың саны көбеймек. Өйткені, мұнайлы өңірде тоқпен жүретін көліктер саны артып келеді.

Инновациялық станциялардың ашылу салтанатынан соң аймақ әкімі Ералы Тоғжанов Yessenov University қабырғасында өткен "I Халықаралық Есенов оқуларына" қатысты.

Аталған іс-шараға 2007 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған Раджендра Кумар Пачаури, Путра университетінің (Малайзия) коммуникациялық технологиялар және желі кафедрасы компьютерлік ғылымдар және ақпараттық технологиялар факультетінің профессоры Мохамед Бин Отман құрметті қонақ ретінде қатысты.

Есенов оқулары "Рухани жаңғыру" бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру аясында өткізілуде. Оның аясында студенттер мен жас ғалымдар үшін "Цифрлық Қазақстан: Ақпараттық жүйелер және энергетика", "Каспий конвенциясы: аймақтың саяси-құқықтық даму үрдістері" және тағы басқа тақырыптар бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Сондай-ақ, осы университет студенттері үшін "Yessenov University үздік стартап жобасы" байқауы да өтеді.

Шара барысында Yessenov University ректоры Берік Ахметов аймақ басшысы Ералы Тоғжанов аударылмалы сынып технологиясын таныстырды. Осы оқу орнының студенттері дәрістерге келмей-ақ, барлық сабақтарды ғаламтор арқылы арнайы арнадан көре алады. Яғни, дәрістің орнына семинарларға қатысып, үй тапсырмаларын тәжірибе жүзінде орындай алады.

Бұдан соң, облыс әкімі жоғары білім беру ордасындағы ситуациялық орталықты аралап көрді. Мұнда студенттердің сабаққа қатысымы туралы, олардың үлгерімі туралы барлық ақпарат шығарылады әрі оқу орнының барлық ғимараты бойынша орнатылған 400 камераның көмегімен университеттің қауіпсіздігі бойынша жағдай бақыланады.

Толықтыра кетейік, "I Халықаралық Есенов оқуларының" екінші күні мұнайшы-геолог Халел Өзбекғалиевтің 90 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері және "Yessenov University үздік жас ғалымы" атты байқау өтеді.

Жалпы, Маңғыстау өңірінде электр қуатымен қозғалатын көліктерді қолданысқа қосу биылдан бастап қарқынды жүзеге асып келеді. Ағымдағы қазан айында Ақтауда алғаш рет банк картасымен жолақы төлеуге болатын электробустар жүре бастады.

Жолаушылар тасымалы бағытындағы инновациялық бастама қазақ елінің үшінші қаласында жүзеге аса бастады. Осыған дейін мұндай мүмкіндікті тек Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары ғана көріп келген болатын. Алайда, Маңғыстау өңірі тарихында тұңғыш рет халық игілігіне ұсынылған жаңа үлгідегі қызмет түрін көрсетудің үлкен айырмашылығы бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: