Маңғыстау облысында халықаралық "ТENIZ-2018" кешенді оқу-жаттығуы өтті - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстау облысында халықаралық "ТENIZ-2018" кешенді оқу-жаттығуы өтті

03 тамыз, 19:47 3134 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында халықаралық

Дәстүрлі шара Каспий маңы елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін V саммит қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Екі күн аясында Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Түркіменстан мемлекеттерінің құтқару қызметтері оқу-жаттығу өткізіп, Каспий теңізі акваториясында сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттері аумағында табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуы кезінде қалай әрекет ету керектігін меңгеріп, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Кең көлемдегі шараның мақсаты - Каспий маңы елдері құтқару қызметтері, жағалау күзеті мен мемлекеттік мекемелердің төтенше жағдайларда бірігіп тойтарыс беру арқылы қарым-қатынасын нығайту. Сондай-ақ, көк айдынды жағалай орналасқан елдердің құтқару қызметтері арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту болып табылады.

Жаттығудың алғашқы күні Ақтау портында өткен шарада сөз алған  облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, Маңғыстау облысында Ақтау және Баутино порттары қарқынды түрде дамуда. 2016 жылы Құрық портында паром кешені іске қосылды. Бұл өз кезегінде транскаспий халықаралық көлік-логистика дәлізіндегі маңызды байланыс болып табылады.

"Бұдан бөлек, Каспий теңізінде "Қашаған" ірі мұнай-газ кен орны бар. Бұл теңіздегі шұғыл қызметтердің рөлі ерекше екендігін айқындайды. Жыл сайын теңіз порттары арқылы 12,5 млн тонна жүк тасымалданады. Негізі басымдық мұнай, металл, бидай, контейнерлерге беріледі. Ақтау порты жүк тасымалында ерекше рөл атқарса, Баутин порты мұнай операцияларын өткізуге машықтанған. Сондықтан теңіздегі қауіпсіздік мәселесі жіті назарда болуы шарт. Біз теңізде орын алатын түрлі оқыс жағдайда бірігіп жұмыс жасап, кәсіби тұрғыда шыңдалу керекпіз", - деді аймақ басшысы.

Оқу-жаттығу екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқысында Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей мен Түркіменстан елдері құтқару қызметінен жасақталған командалар төтенше жағдайда қалай әрекет етуді меңгерсе, екінші кезеңде Каспий теңізінде кемелердің соқтығысуы кезінде қалай әрекет ету керек, кемеде болған өрт кезінде адамдарды құтқару, қызыл жалынмен дер кезінде күресу, химиялық қауіпті заттарды жою, бұрғылау қондырғысындағы өртті сөндіру су тасқыны кезінде адамдарды құтқаруға машықтанды.

Екі күндік шара кезінде Ресей, Әзірбайжан, Иран Ислам Республикасы мен қазақстандық мамандар кәсіби шеберлігін көрсетті. Халықаралық жаттығуға Катар елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты. 700-ге жуық адам, 75 түрлі техника жұмылған шараның екінші кезеңі Түпқараған ауданындағы Баутино портында өтті.

80-ге жуық арнайы техника порт жиегіндегі тас жолда қаз-қатар тізіліп тұр. Әр машинаның қай елден келгенін кабинаға ілінген жалаудан байқауға болады. Көлік экипаждары жаттығу алды даярлықтарын тексеріп, командир нұсқауын күтуде.

Колонна алдындағы бірніші сапта тұрған 11 жігіт Форт-Шевченко қаласына жұмыс сапарымен келген қызылордалық құтқарушылар. Олар былтыр өндіріс орнында газға тұншыққан үш адамның өмірін құтқарып қалды.

"Атап айтсақ, химиялық қоспа шығаратын зауыт жұмысшылары ғимарат ішіне арнайы демалу аппаратынсыз кірген. Соған байланысты 7 адам уланып қалды. Қолдан келгенше жедел әреке етіп, үш адамды аман алып шықтық. Бүгінгі жаттығуда бізге берілген тапсырма да химиялық улы заттарды залалсыздандыру, адамдарды құтқарудан тұрады. Ереже бойынша жарты сағат ішінде зардап шеккендерді қауіпсіз аймаққа шығарып, шұғыл көмек көрсетуіміз қажет" - дейді "Оңтүстік" өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының командирі Бақыт Егембергенов.

Тау төбесінде орналасқан бас штабтан пәрмен жеткен бойда көлік колоннасы екіге бөлініп, алға жылжыды. Бір бөлігі жер сілкінісінен қираған химиялық қауіпті нысандардан 12 адамды құтқаруға жұмылды. 10 тоннадан аса улы заттар төгілген аумаққа тікұшақтан және арнайы құралдардың көмегімен залалсыздандырғыш сұйықтық шашылды.

Құтқару жұмыстары құрлықтан бөлек теңіз бетінде де қатар жүргізілді. Жаттығу бағдарламасы бойынша кемеде және жылжымалы бұрғылау қондырғысында бір мезгілде өрт шықты. Жалын өрт сөндіргіш машиналар, су атқылаушы тікұшақтар мен корабльдердің бірлесе әрекет етуіне байланысты тез басылды. Тілсіз жаудың бетін қайтаруда БЕ-200 ұшақ пилоттарының шеберлігі ерекше көзге түсті.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, кешенді оқу-жаттығуа қатысқан Каспий маңы елдерінің құтқарушылары әдеттегідей жұмыла әрекет еткен.

"Жауапты тапсырманы бір кісідей атқарған мамандарға ризамын. Бақылаушы ретінде қатысқан катарлықтар да шара қорытындысына жоғары баға беріп отыр" - дейді вице-министр.

Айта кетейік, кешенді оқу-жаттығу кезінде теңіз толқыны шайған порт кешендерінен халықты қауіпсіз жерге шығару, су сору және уақытша бөгет салу жаттығулары да сәтті аяқталды.

Дәстүрлі шара былтыр Ресей Федерациясы мен Әзірбайжан Республикасында өткен еді. Биыл кезек қазақ еліне берілді. Ендігі шара 2019 жылы Каспий маңындағы тағы екі мемлекет - Түрікменстан мен Иран Ислам Республикасында өтеді деп жоспарланған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: