Маңғыстау облысында іскер әйелдер саны 20 мыңға жетті

13 қараша, 2018, 10:02 1679 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында іскер әйелдер саны 20 мыңға жетті

Шалғай өңірде жеке кәсіп ашқан тұрғындардың 40 пайызын нәзік жандылар құрайды.

Шағын және орта бизнеспен шұғылдануға әсіресе ауыл әйелдерінің қызығушылығы басым, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Мысалға алар болсақ, Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында тұратын Гүлшат Демеуова әлеуметтік бизнес ашып, мүгедек жандарды жұмысқа алды.

"Bastau Бизнес" жобасымен 1 айлық курс оқыған іскер әйел төмен пайызбен 1 млн 200 мың теңге несие алды. ІІІ-топ мүгедегі бұл қаржысын озық үлгідегі тігін машиналарын сатып алуға жұмсаған. Қазіргі таңда қолға алған ісі өрге домалап, табысқа кенеліп отыр.

Қыз жасауы мен құрақ көрпелерді шебер пішетін ісмерлер тапсырысты бірнеше ай бұрын қабылдайды екен. Екі қолға бір күрек іздеген қыз-келіншектер мұнда тегін шеберлік курстарынан өте алады. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін шағын тігін шеберханасының есігі аптаның барлық күнінде ашық.

"Қазіргі жұмысымды осы жылдың қаңтар айында бастап аштым. Мүгедек жандар, жалғызбасты ана, көпбалалы аналарға тегін шеберлік сыныптарын өткізе аламын. Қызылтөбе елдімекенінен Дәріғаным Имашева деген апай осында қатынып жүр. Өзі ІІ-топ мүгедегі. Күнде келіп бізбен бірге жұмыс жасайды. Біздің жұмысымызға қарап бір шәйі көрпесін де тігіп алды. Сол сияқты басқа да адамдарды жұмысқа шақырып, ала аламыз", - дейді ауылда әлеуметтік кәсіпкер атанған Гүлшат Демеуова.

Ал Шетпеде тұратын іскер әйел Айнұр Қожақова 10 қыз-келіншекке айлық жалақы төлеп отыр. Ауыл кәсіпкері былтыр "Бастау-бизнес" бойынша курс оқып, төмен пайызбен 6,5 млн теңге несие алған. Берешегін озық үлгідегі екі тігін машинасын сатып алуға жұмсапты. Заманауи технология компьютермен басқарылады.

"Алматыдан және Қытайдан екі қондырғы алдырдым. Олар киім-кешекке сыртына әртүрлі суреттер мен кескіндер салады. Қазіргі таңда сұраныс көп, өйткені біздің қызметімізді тұтынушылардың барлығы киім үлгелірінің этностильде болғаны қалайды. Банктен несие алғаннан соң жақында тағы төрт жұмысшы алдық", - дейді ауыл кәсіпкері.

Ақерке Таңбайқызы да осы ауылда цех ашқан. Мұнда алуан түрлі терезе перделері жасалады. Ауданда баламасы жоқ кәсіпорында бүгінде 11 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Олар отандық өнімді тұрғын үйден бастап мекемелерге жеткізіп, орнатып береді. Шикізат Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Жұмысшылар әлеуметтік желіден келетін тапсырысты игеру үшін аптасына алты  күн еңбек етуде.

Бастапқыда 1 млн теңгемен кәсіп бастаған іскер әйел келешекте өндіріс орнын автоматтандырып, қосымша жұмыс орнын ашуға ниетті. Қазір бизнес бастауға  баулитын курсқа құжат жинап жүр.

"Кішкентай кезімнен бастап тігін өнеріне құштарлығым жоғары болды. Енді мінекей, есейе келе киімнен бөлек терезе перделерін тіге бастадым. Қазіргі заманға сай перделердің неше түрі осы цехтан шығып жатыр. Ендігі мұратым - осы бизнесімді кеңейту", - дейді іскер әйел.

Айта кетейік, маңғыстаулық іскер әйелдер бүгінде он екі үкіметтік емес ұйым мен бес қауымдастықты басқарып отыр. Былтырдан бері кондитерлер, дизайнерлер мен қолөнер шеберлері бір одаққа біріккелі бері кәсіптің дамуына кедергі сұрақтар бірлесе шешілетін болды. Жуық арада фармацевтер, сән ательелері мен мейрамхана иелері қауымдастығы құрылмақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: