Маңғыстау облысында қайраңда қалған кемелерден Каспий теңізіне төнер қатер жоқ

17 қаңтар, 2019, 16:29 2864 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында қайраңда қалған кемелерден Каспий теңізіне төнер қатер жоқ

Су айдынының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шалғай өңірде бірқатар жұмыс қолға алынған.

Қазіргі таңда теңіздің Маңғыстау секторында қайраңға тұрып қалған шетелдік үш кемеде тазарту шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бес мемлекетке ортақ Каспий теңіздің биоресурстарын қорғау мен молайту – қазіргі күннің ең басты талабына айналды. Осы ретте балық шаруашылығын дамытудың заманауи әдістері қолға алынып, оларды қаржыландыру көздері іздестірілуде.

Мәселен, Каспий проблемалары ғылыми-зерттеу институтының Ақтау филиалының кешенді бағдарламасын жасақтау үшін облыс бюджетінен 40 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ, "Астана" халықаралық ғылыми кешені Маңғыстау облысы бойынша экологиялық жағдайды жақсартудың 2025 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарламасын мерзіміне сай жасақтап, қолданысқа қосты.

Оқырманға мәлім, соңғы жылдары Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінде "АРАКС", "ТИБА" және "НАМ-217" атты шетелдік үш кеме қайраңға тұрып қалды. Сәйкесінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың қоршаған ортаға зардабын залалсыздандыру шаралары жасалды.

Жекелей тоқтала кетсек, бортында 930 тонна мұнай қалдықтары тиелген ресейлік "АРАКС" кемесі (аталған су көлігі Ресей Федерациясының Махашқала қаласында тіркелген "Транскаспий" мекемесіне тиесілі) 2016 жылдың сәуір айында Қарақия ауданымен түйісетін теңіз жағалауынан 100 метр жердегі Песчаный мүйісінде тоқтап қалды.

Каспийдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы аймақ бюджетінен 39,2 млн теңге бөлінді. Тазалау жұмыстарының 50 пайызын конкурстық негізде "БатысМұнайТранс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Одан кейін тазалау және металл сынығы ретінде бөлшектеу жұмыстарын жүргізу үшін қазақстандық мекеме 2018 жылдың 29 маусымында ресейлік "Судоходная компания Транскаспий" ашық акционерлік қоғамынан сатып алу-сату келісімшартына сәйкес келіссөздер жүргізді.

Бүгінде бұл аумақтағы мұнай қалдықтары "Batys Energy Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандарымен толық тазартылып, қазіргі кезде кемені бөлшектеп кесу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қоршаған ортаға төнген экологиялық қауіп жоқ.

Бұдан басқа Иран Ислам республикасының "ТИБА" кемесі 2015 жылдың қараша айында Каспий теңізінің жағалауында Құрық елдімекенінен 30 шақырымдай қашықтықтағы қайраңға тұрып қалды. Бұл кеме жүксіз және экипажсыз сол жерде әлі күнге дейін тұр.

Қазіргі таңда металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында аталған су көлігін "Бейсатов С.Д." жеке кәсіпкер "Муалем инсуранс компаниясынан" сатып алған.

Сондай-ақ, шетелдік "Каспиан Дреджинг энд Марин Контракторс" компаниясына тиесілі (ұзындығы - 63,4 метр, ені - 16 метр) "НАМ-2017" атты кеме Қарақия ауданындағы "Адамтас" қаумалы жағалауында жергілікті тұрғындар "Ақ Маяк" деп атайтын жерге жақын суда тұр.

Оны металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті "КазАзОйлСервис" ЖШС жоғарыда аталған сырт ел компаниясынан келісім-шарт негізінде сатып алды.

Қорыта айтар болсақ, бұл үш кеме бойынша да табиғатқа ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрған жоқ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: