Маңғыстау облысында кәсіпкерлік жобалар әкімшілік кедергісіз жүзеге асып жатыр

Написать нам
09 қазан, 2018, 10:39 1704 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында кәсіпкерлік жобалар әкімшілік кедергісіз жүзеге асып жатыр

Шағын және орта бизнес өкілдері осы аймақтағы құзырлы органдар қамқорлығын нақты іс жүзінде сезініп келеді.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер Елбасы Жолдауында айтылған бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан қорғау шараларын арттыру қажеттігін зор қуанышпен қабылдады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Шалғай өңірдің шағын және орта бизнес өкілдері құзырлы мекемелер қолдауын нақты іс жүзінде сезініп келеді. Мәселен, Ақтаудағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жалпы құны 410 млрд теңгеге бағаланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын 16 инвестормен әріптестік келісім жасасты.

Аталған құжат негізінде кәсіпкерлік жобаның әкімшілік кедергісіз жүзеге асуы бақылауға алынады. Қиындықтар туындаса, заң жүзінде шешілуіне септігін тигізеді. Айта кетейік, өкілетті органмен әріптес болуға ниетті азаматтың өтініші Ақтаудағы кәсіпкерлер палатасында ашылған фронт-кеңседе қабылданады.

"Әркез сайын Елбасы Жолдауында шағын және орта бизнесті қорғауға басымдық беріледі. Нәтижесінде, өкілетті органдардың қолдауын іс жүзінде көріп отырмыз. Ақтауда ашылған фронт-кеңсе жөнінде аймақтық бизнес форумда естідім. Дереу мамандарға хабарласып, Агенттік департаментімен әріптестік келісімге отырдым. Нәтижесінде, жиһаз шығаратын фабрикаға газ құбырын тарту және көшеге жарнама баннерін орнатуға қатысты мәселелерім тез арада шешілді", - дейді жеке кәсіпкер Альберт Битнер.

Ақтаудағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары жыл басынан бері аймақ кәсіпкерлерінің басын үш бизнес-форум өткізді. Нәтижесінде, облыс әлеуетінің дамуына қаржы құюшы он алты жеке кәсіпкермен әріптестік келісімге отырды. Осы жылдың соңына дейін тағы бірнеше қазақстандық инвестор және шетелдік компаниялармен бірлесе кәсіпорын ашқан азаматтармен меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Ендігі жерде өкілетті орган өңір аумағында кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген компаниялардың мүддесін қорғауды да басты назарға алды. Дәлірек айтсақ, бизнес жобасының ешқандай әкімшілік кедергісіз қысқа мерзімде жүзеге асуын бақылап отырады.

Айта кетейік, бұл игі бастама Елбасы Жолдауындағы айтылған нақты тапсырманы орындау мақсатында барлық өңірлерде қолға алынған. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі өңірлік департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, инвестор аталған жоба аясында тікелей заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтерді уақытында алып отырады.

"Тура жолда кездесіп қалатын әкімшілік кедергілер немесе басқа да қолайсыздықтар болып жатса, Ақтауда арнайы ашылған FRONT OFFICE мамандары көмегімен тезірек шешілуіне біз барынша ықпал жасаймыз", - дейді аймақтағы өкілеттік орган басшысы.

Бұл бастаманы бірден қолдап, әріптестік келісімге отырған жеке кәсіпкерлер құзырлы мекеме қамқорлығын шынайы іс жүзінде сезініп отыр.

"Жаңа жобаның облыстың инвестициялық ахуалының жақсаруына жол ашарына сенеміз. Игі бастама жөнінде естіген әріптестеріміздің Қазақстанға деген қызығушылығы артары сөзсіз. Үндістандық инвестор ретінде Маңғыстау өңіріне 1,6 млрд доллар инвестиция салдық. Қазіргі таңда 6 ірі жобаны жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз", - дейді шетелдік компаниямен бірлесе ашылған кәсіпорын өкілі Инаят Тұрсынов.

Ақтаудағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары аймақ кәсіпкерлерімен әріптестік келісімге отыру мақсатында келіссөздерді жалғастырып келеді. Жыл соңына дейін бірнеше кәсіпкермен меморандумға қол қойылады деп жоспарланған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: