Маңғыстау облысында "Қазақстанда жасалған" брендімен матрас шығаратын цех ұлғайтылмақ - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстау облысында "Қазақстанда жасалған" брендімен матрас шығаратын цех ұлғайтылмақ

17 шілде, 19:42 2093 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында

Аймақта "Нұр-Капитал" пилоттық жобасы аясында жұмыссыздар саны азайып келеді.

Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылдық округінде ортопедтік матрастар шығаратын цех бар. Мұнайлы ауданында 2008 жылы ашылған баламасыз өндіріс орны "Қазақстанда жасалған" брендімен 15 түрлі төсек-орын жабдығын дайындайды. "Нұр-Капитал" пилоттық жобасы аясында кәсіпорынның жұмыс қуаты ұлғайтылмақ, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Мұнда аудандық жұмыспен қамту бөлімінен жіберілген 8 адам еңбек етуде. Кәсіп ашқан ағайындылар жуық арада 1 пайызбен несие алуды жоспарлап қойған. 30 млн теңге берешек соманың бір бөлігі кәсіпорын қызметін толық автоматтандыруға жұмсалады.

Сапасы жоғары төсек-орын жабдығын шығаратын кәсіпорын қызметі құрастыру цехынан басталады. Мұндағы жұмысшылар арнайы құрал көмегімен болат темірді иіп, төрт бұрышты пішінге енгізеді. Одан әрі ауа қысымымен жұмыс жасайтын пистолет арқылы темір серіппелер матрас қаңқасына бекітіледі.

Кәсіпорында жұмсақ матрастар бір немесе екі адамға және балаларға арналып жасалады. Алдымен ортопедтік бұйым қаңқалары құрастырылады. Қағаздағы нұсқа бойынша тұтынушы таңдау жасаған соң, жұмысшылар төрт бұрышты төсек-орын жабдығының ортасына серіппелі құрастырылымды бекітеді. Одан әрі қаңқаның барлық қабаты синтетикалық тығыз материалмен тысталады.

Ермек Қиянов ауылдағы кәсіпорынға жақында жұмысқа кірген жастардың бірі. Ол матрас қаңқасын алуан түсті маталармен тыстаудың шебері. Мәселен, бір төсек-орын жабдығын тігіп шығаруға бас-аяғы 10 минут жұмсайды екен. Жалпы, бұл цехтың мамандары тәулігіне 30-дан 50-ге дейін ортопедтік матрас дайындайды.

"Жұмыс бастапқыда маған аздап қиындау болды. Кейін уақыт өте келе бойым үйреніп, алып кеттім. Бізде әртүрлі матрастар дайындалады. Тұтынушылар қандай көлемде тапсырыс береді, сол бойынша уақытында жасап беруге тырысамыз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды, айлығымызды кешіктірмей төлейді. Бізге қызықты қызмет ұсынған ауыл кәсіпкеріне айтар алғысымыз шексіз", - дейді ол.

Ілес және Тілек есімді ағалы-інілі жігіттер Алматыға барған сапарында осы тәріздес кәсіпорынды көріп, өз ауылында ашуды ойлайды. Өз бетімен бизнес-жоспар әзірлеп, өндіріске қажет құрал-жабдықтарды туған жерге жеткізуге 20 млн теңге жұмсаған.

"Ағамыз екеуміз бірнеше жыл бұрын ішкі нарықты зерттей келе, мұндай кәсіпорынның Маңғыстау облысында мүлдем жоқ екеніне көз жеткіздік. Сәйкесінше, осы өндіріс орнын аштық. Қазіргі таңда шүкір, жергілікті мұнай компаниялары және жиһаз салондарымен ұзақ мерзімдік әріптестік негізде жұмыс жасап келеміз. Аймақтық "Нұр-Капитал" жобасы аясында қаржылай қолдауға ие болсақ, бірінші кезекте кәсіпорын керегесін кеңейтуді қолға алатын боламыз. Нәтижесінде, мұндағы жұмысшылар саны көбейеді", - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Тілек Құрылысұлы.

Еске сала кетейік, "Нұр-Капитал" пилоттық жобасы Маңғыстау облысында биылғы маусым айынан бері нәтижелі іске аса бастады. Бар болғаны 1 пайызбен 30 млн теңгеге дейін несие алған кәсіпкерлер жеке өндіріс орнын жетілдіріп, халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсынуда.

Басқұдық ауылдық округінің әкімі Өсер Тлеповтың айтуынша, жеке кәсіпкер жазған өтініш - 2018 жылы өңір басшысы Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолдау тапқан "Нұр-Капитал" өңірлік бағдарламасы аясында 1 пайызбен несие алуды көздейді.

"Бұл бағытта қазіргі таңда ауыл әкімдігі тарапынан қолдау шаралары жасалып жатыр. Әрине, ол өзінің өндіріс көлемін ұлғайтса, тағы да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамти алады деген сөз. Осылайша, бізге де жұмыссыздық мәселесін тиімді күресуге жаңа мүмкіндік ашылды", - дейді ауыл әкімі.

Ағалы-інілі кәсіпкерлер жергілікті әкімдікке жазған өтініші таяуда мақұлданған. 30 млн теңге несиенің бір бөлігі шағын цех жұмысын толық автоматтандыруға жұмсалады. Яғни, келешек кәсіпорынның жұмыс қуаты ұлғайып, отандық тауар сапасы жақсара түспек. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: