Маңғыстау облысында құм көшін тоқтату жұмыстары оң нәтиеже бере бастады

18 маусым, 2018, 13:43 2363
Маңғыстау облысында құм көшін тоқтату жұмыстары оң нәтиеже бере бастады

Таяу жылдары мұнайлы өңірге ат басын тіреген шетелдік туристер үшін қызықты саяхаттар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осыдан 10 жыл бұрын Маңғыстау облысында басталған құм көшін тоқтату жұмыстары оң нәтиже бере бастады. Бүгінде Қарақия және Маңғыстау аудандарына қарайтын бірнеше ауыл айналасы жасыл желекке бөленіп тұр. Әсіресе Шебір, Тұщықұдық, Сенек пен Үштаған маңындағы құмдақ жерлерде жайқалып тұрған 4 миллионға жуық тал көшеттері алыстан көз тартады. Яғни, ұзақ жылдар өлі күйде болған төбелердің шөп жамылғысы толық қалпына келтірілген, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қарақия ауданындағы Сенек ауылын биіктігі 20 метрге дейін жететін құм жоталары қоршап жатыр. Өткен ғасырдың соңғы жылдары көш бастаған сусыма құм 30 жылда шалғай елді мекеннің біраз бөлігін басып қалған. Сусыма топырақтың жылжу жылдамдығының артуына жергілікті халықтың өсімдік бұталарын шауып алып, отынға жаратуына себеп болыпты. Тұрғындар өміріне қауіп төнген соң бірнеше үй ауылдың басқа бөлігіне көшірілген.

"90 жылдары құм көшкінін тоқтату мәселесі күн тәртібінде тұрды. Құзырлы органдарға хат жазылып, көмек сұралды. Нәтижесінде, Алматыдағы география институтынан мамандар келіп, зерттеу жүргізді. Бүгінде сол шаралардың кәдеге жарағанын көріп отырмыз", - деді Сенек ауылының әкімі Бауыржан Еркеғұлов.

Өзге өңірден мамандар тобы келген соң арнайы компания құрылған. Ең бірінші кезекте Сенек маңындағы 2 мың гектар жер қоршалып, Маңғыстау климатына төзімді сексеуіл, жыңғыл, жүзген, жусан, қарағаш өскіндері отырғызылды. Соңғы 10 жылда Ұштаған, Шебір мен Тұщықұдық ауылдарында 5 га аумаққа 3 миллионнан аса өсімдік егілген соң, құм сілемдерінің үстінде шағын ормандар пайда болды.

"Жасыл әлем" мекемесінің директоры Қошқарбай Мәтіковтің айтуынша, білікті мамандармен бірлесе жасақталған жоба шалғай елді мекендерді құмнан қорғау және жасыл желекпен көмкеруге бағытталған. Қаржының түсуіне қарай бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Қазіргі таңда ауылдарды құм басу қаупі сейілген.

Аудан басшылығы осы жерлерде экстремалдық спорт түрлерін дамытуды көздеп отыр. Биыл мұнда автораллиден әлем чемпионатының үшінші кезеңі өтті. Алыс-жақын 13 мемлекеттен келген автошабандоздар сусыма құм үстінде жарысты.

Айта кету керек, таяу жылдары мұнайлы өңірге ат басын тіреген шетелдік туристер үшін қызықты саяхаттар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Маңғыстау облысы #абаттандыру #ағаш отырғызу

Читайте также

Похожие новости