Маңғыстау облысында салықтан жалтарғандарға арнайы тексеріс жүргізіледі

24 қыркүйек, 2018, 14:39 1814
Маңғыстау облысында салықтан жалтарғандарға арнайы тексеріс жүргізіледі

Аймақ басшысы тұрғындарды азаматтық борышы ретінде өз еркімен салық төлеуге шақырды.

Маңғыстау облысында салықтан жалтарғандарға арнайы тексеріс жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалу қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңес барысында белгілі болды. Басты мәселе – салықтан жалтарған салық төлеушілер мен облыс аумағында бюджетке қосымша кіріс көздерін табу, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов салықты төлеу әр азаматтың борышы екенін атап өтті.

"Салық – халық қазынасы" дегендей, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу әр азаматтың борышы. Өйткені қазіргі күні өңірдегі өзекті мәселенің бірі – ел қазынасына тиесілі салыққа салық төлеушілердің немқұрайлығы", - деді облыс әкімі.  

Жиында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов  мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалу қорытындылары бойынша баяндады.

Ол өз баяндамасында жергілікті және республикалық бюджеттердің кіріс бөлігін орындау мәселелеріне тоқталып, Маңғыстау облысы бойынша 2018 жылдың қйыркүйек айына дейінгі деректермен бөлісті.

"Жергілікті бюджет кірістері бойынша жоспар 88,9% орындалды (жоспар 103 168,6 млн теңге болса, іс жүзінде 91 683,3 млн теңге түсті, 11 485,3 млн теңге орындалмады). Осы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке күтілетін түсімдер 132 915,5 млн теңгені құрайды, бұл бекітілген жоспардан 7 042,9 млн теңгеге немесе 95,0%-ға аз, яғни жоспар – 139 958,4 млн теңге", - деп баяндады Данияр Жаналинов.

Ол баяндамасында шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты, атап айтқанда ірі сауда үйлері, Ақтау қаласының базарларына қатысты мәселені атап өтті. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі уәкілетті органдарда ескерілмеген ірі жеке үйлер мен коттедждердің мүлік салығы мен жер салығы туралы олқылықтарды ортаға салды.

Сондай-ақ, ол еңбекақы төлеу қорын жасыратын және қызметкерлер бойынша ең төменгі жалақыны көрсететін салық төлеушілер бойынша атқарылған жұмыстарды ұсынды, шетелдік жұмыс күшін тартатын заңды тұлғалардың жеке табыс салығын төлеуден жалтару, сұйытылған газбен бөлшек сауда нарығында салық төлеу мәселелерін көтерді, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемнің толық түсуін қамтамасыз ету бойынша, меншігінде көлік құралдары бар заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша жеке тұлғалардың берешегі туралы және оны өндіріп алу бойынша жеке сот орындаушыларының жұмысындағы проблемалар туралы, мұнай мен газ өндірумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар таратуға берген мұнай шламдары мен бұрғылау қалдықтарының мөлшері туралы мәліметтерді алу кезіндегі мәселелер бойынша көлік құралдарына салынатын салықты төлеуден жалтару жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері айтылды.

Кеңесте көтерілген мәселелерді ескере отырып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов барлық уәкілетті органдарға, қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді. Салықтан жалтарған немесе жалған дерек көрсетіп мемлекеттік төлемнен жалтарған жеке және заңды тұлғаларға арнайы тексеріс жүргізіп, бір ай бойы құзырлы органдарға рейд ұйымдастыруды тапсырды және тұрғындарды азаматтық борышы ретінде өз еркімен салық төлеуге шақырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Маңғыстау облысы #салық #Ералы Тоғжанов

Читайте также

Похожие новости