Маңғыстау облысында студенттердің жатақханасында бөгде адамдардың заңсыз тұрғаны анықталды

26 қараша, 2018, 17:29 1705 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында студенттердің жатақханасында бөгде адамдардың заңсыз тұрғаны анықталды

Мұндай заңсыздықтар тосыннан жасалған рейдтік тексеру кезінде анықталды.

Маңғыстау облысында студенттерге арналған жатақханаларда бөгде адамдардың заңсыз тұрып жатқандығы жөнінде деректер анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нариман Айтжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Студенттерге арналған жатақханаларда бұл заңсыздық тосыннан жүргізілген рейд барысында анықталып отыр. Дәлірек айтсақ, арнайы мониторингтік топ мүшелері аймақтағы жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханаларын тексеріп шыққан.

Нәтижесінде колледж жатақханаларында он шақты адамның заңсыз тұрып жатқаны белгілі болды. Ереже бойынша студенттер тұруы тиіс бөлмелерге мұғалім, жүргізуші, жұмысшылар, тіптен шетелдің азаматтары жайғасқан.

Нариман Айтжановтың айтуынша, жергілікті білім басқармасының атына тиісті ұсыным хаттар жолданған.  

"Қазіргі таңда сол білім басқармасының ақпаратына сай, жатақханаларда заңсыз тұрып жатқан бөгде адамдар шығарылды. Осылайша, студенттерге қолайлы жағдай жасалып отыр. Келешекте мұндай кемшіліктердің алдын алуы үшін тосыннан рейдтік шаралар тұрақты жүріп тұратын болады", - дейді өкілетті орган басшысы.

Айта кету керек, жоғарыда аталған заңсыздыққа жол берген колледж директоры мен жатақхана меңгерушісі жұмыстан босатылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: