Маңғыстаулық кәсіби емес медиаторлар сот жұмысын жеңілдетуде

16 қараша, 2018, 10:46 2781 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық кәсіби емес медиаторлар сот жұмысын жеңілдетуде

Қазіргі таңда Маңғыстау ауданының Шетпе елді мекенінде осындай орталық жұмыс істеп тұр.

Ақтаудан шалғай ауданда алғаш ашылған орталықтағы кәсіби емес медиаторлар аптасына бір күн ауыл тұрғындарын қабылдайды. Араздасқанды татуластырып, жанұя бірлігін сақтап қалуға осы өңірдің құрметті азаматтары мен елге сыйлы ақсақалдары атсалысады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Бүгінгі күнге дейін бірнеше азаматтық іс қаралып, соңы келісімге келумен аяқталған. Осы ретте бітімгерлер тобын сот саласының ардагері басқаратынын айтып өткен жөн.

"Тура биде - туыс жоқ". Бұл, Шетпе ауылында ашылған татуластыру орталығындағы кәсіби емес медиаторлардың ұстанымы. Даулы істі қарау кезінде ақсақалдар рулас, жақын адам деген ұғымнан бойын аулақ ұстайды. Тараптарды мұқият тыңдап, жанжал шығудың себептерін анықтайды.

Айта кетейік, бітімгерлер тобын сот саласында 40 жыл абыройлы еңбек еткен Итемген Орынбаев басқарады. 

"Жақында бізге үш бала тәрбиелеп отырған жанұя хабарласты. Сотқа барып, ажырасамыз деп келген ерлі-зайыптылар ақсақалдардан әсерлі әңгіме тыңдап, бірауыздан тоқтамға келді. Татуласып, кабинеттен қол ұстасып шықты. Мұнан басқа, арада бір баласы бар адамдар келді. Үйде үндемей жүруге бір келіспеушілік себепкер болған. Сөйлесіп, жанұя сақтап қалудың перзент үшін маңыздылығын түсіндіріп айттық. Енді кезекте араздаспаңыздар, тату болыңыздар деп айттық", - дейді сот саласының ардагері.

Маңғыстау ауданындағы алғашқы татуластыру орталығы жергілікті әкімдіктің қолдауымен ашылған. Мұнда отыратын кәсіби емес медиаторлар жергілікті сот мамандарының қызметін әжептәуір жеңілдетіп отыр. Мәселен, жыл басынан бергі тоғыз айда қаралған 47 азаматтық істің 15-і бітімгерлер арқылы оң шешімін тапқан.

Маңғыстау аудандық сотының төрағасы Жұмабай Жанәділовтің айтуынша, Шетпеде татуластыру орталығының құрылуына аудан көлемінде неке бұзылу жөнінде істердің тым көбейіп кетуі түрткі болған.

"Жыл басынан бүгінгі дейін қаралған азаматтық істердің он пайызы неке бұзу жөнінде болды. Араздасқан ерлі-зайыптыға шара қолданып, олардың некесін бұзып, балаларын екі жаққа жібергеннен біздің ұтарымыз жоқ. Қазір ауданымызда татуластыру орталығы құрылғалы бері жағдай өзгерді. Оның үстіне Итемген ақсақал бұрын судья болып істеген. Әсіресе, азаматтық істерді талдауға келгенде өте тәжірибелі маман. Мұнан бөлек, ауыл жастарына, жасы үлкенге сөзі өтімді. Қазір жасы 80-ге келсе де, елге қызмет етуге белсенді атсалысып жүр", - дейді Жұмабай Жанәділов.

Ақсақалдардан құрылған бітімгерлер тобы Маңғыстау ауданы орталығынан қашық қонған ауылдарды аралауға да әзір. Өйткені, әділ төрелік іздеген Сай-Өтес, Үштаған мен Қызан тұрғындары жолдың қашықтығына орай "Виртуалды сот" қызметіне жүгініп отыр.

Осы мақсатта аталған ауыл әкімдіктерінде арнайы бөлме бөлінген. "Виртуалды сот" бөлмелері бейнебайланыс, компьютер және маманмен қамтылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: