Маңғыстау облысындағы мемлекеттік органдарда еңбекақы жұмыстың мазмұнына қарай төленуде

Написать нам
09 қараша, 2018, 10:29 3076 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысындағы мемлекеттік органдарда еңбекақы жұмыстың мазмұнына қарай төленуде

Мемлекеттік қызметшілерге айлық жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгелі бері шалғай аймақта өз еркімен қызметтен кету көрсеткіші күрт төмендеп, мемлекеттік қызметке барушылардың саны артқаны байқалады.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы бірнеше есеге өсті. Бұл ретте айлық жалақы жасалған жұмыстың мазмұнына қарай төлене бастады, - деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгелі бері осы өңірде өз еркімен қызметтен кету күрт төмендеп, керісінше мемлекеттік қызметке барушылардың саны артқан. Жаңа жүйенің басты мақсаты "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып, мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге бағытталған.

Айта кетейік, пилоттық жоба әзірге Маңғыстау облысынан бөлек, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде енгізілді.

Ағымдағы жыл басынан бері Маңғыстау облыстық әкімдігіне қарасты түрлі басқарма басшыларының жалақысы 400 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал өңір аумағында орналасқан бес аудандағы ауыл әкімдері болса ай сайын 330 мың теңгеден жалақы алып жүр.

Мұнайлы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Рахмет Садықовтың мемлекеттік қызметке келгеніне бір жылдан асты. Берілген тапсырманы байыпты әрі нәтижелі орындайтын жас маманның еңбек ақысы биылдан бастап екі жарым пайызға көбейген. Осыған дейін 60 мың теңге алып жүрген мемлекеттік қызметші қазір 150 мың теңге жалақы алады.

"Айлық жалақының өсуі біріншіден, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын күрт арттырып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер отбасыларының әлеуметтік жағдайы да оң шешіліп отыр. Ендігі ретте еш уайымсыз, бар күш-жігерімізбен жұмыс істейтін боламыз" - дейді бас маман.  

"Мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі Маңғыстау өңірінде аз уақытта оң нәтиже бере бастады. Расын айту керек, осыған дейін айлық жалақының аздығынан тәжірибесі мол білікті кадрларды қызметте ұстап тұру қиын болып келді. Биылдан бастап өз еркімен қызметтен кету дерегінің екі есеге төмендегенін байқап, қуанып отырмыз", - дейді осы салада басшылық қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, әзірге пилоттық жоба болып табылатын факторлы балдық жүйе шалғай өңірде жылдар бойы үнемі айтып келе жатқан үлкен мәселені тиімді шешуге жол ашқан.

"Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлермен жиі сұхбаттасып, белгіленген кесте бойынша кездесулер жасап тұрамыз. Биыл жыл басынан бері жүргізіліп келе жатқан жиындарға мемлекеттік қызметшілердің, жас мамандардың бастап әкімдердің де көңіл-күйінің де күрт өзгергенін, қызметке деген ынтасының жақсарғанын байқап отырмыз", - дейді аймақтағы өкілетті орган жетекшісі.

Қазіргі таңда осы өңірдегі бос орындар саны - 95, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 166-ті құраған болатын. Таза ауысымдылық саны екі, үш есеге жуық азайған. Қазір конкурс бойынша бір орынға сұраныс 1,9 адамды құрайды.

Мәселен, жалпы конкурс бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасында жарияланған бас маманға 14, индустрия және инновация басқармасы жарияланған бос орынға 13, денсаулық сақтау басқармасы жариялаған бос орынға 8, мәдениет басқармасында кадр бөлімінің бас маманына жарияланған орынға 8, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылдық округі әкімінің аппараты бас маманына жарияланған лауазымға 5, Ақтау қаласының әкімдігі коммуналдық-шаруашылық секторының бас маманына 9 үміткер құжат тапсырған. 

Өткен жылға қарағанда мемлекеттік тестілеуден өтуге ниет білдірушілер  саны 1,9 есеге артып отыр. Бұл, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің енгізілуімен облыс тұрғындарының мемлекеттік қызметке деген қызығушылығының артқандығын көрсетеді.

Сондай-ақ, есептік кезең қорытындысы бойынша жүргізілген құпия сауалнамаға пилоттық жоба енгізілген жергілікті атқарушы органдарының 1051 қызметшісі қатысып, жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне толықтай келісетіндігін және оң баға беретіндігін білдірген.

Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманованың айтуынша, жыл басынан бергі факторлы-балдық жүйе негізінде Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне еңбекақы төлеудің пилоттық жобасы енгізілгеннен бастап оң өзгеріс байқалуда.

Дайындық жұмыстары кезінде алдымен басшы және орынбасары, әкім және орынбасары, басшы және орындаушы, орындаушы және орындаушы арасындағы қайталама функцияларды анықтау міндеті тұрды.  

Айталық, 164 мемлекеттік органдар ережелеріне және 1285 лауазымдық нұсқаулықтарға талдау жүргізу үшін шамамен екі ай уақыт кеткен. Факторлы-балдық жүйені енгізумен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облыстық, аудан-қала және ауыл әкімдіктерінің, мемлекеттік басқармалардың барлық ережелері мен лауазымдық нұсқаулықтарын деңгейлерге сәйкес келтіру бас-аяғы  бес ай уақыт алған.

Еңбекақы орта есеппен 2,5 есе өсіп, бос орындар саны 65,7 пайызға қысқарған. Сонымен қатар, таза ауысымдылық екі есеге төмендеп, еңбек шартымен қызмет етіп жүргендер 84 бірлікке қысқартылды. Ал мемлекеттік қызметке үміткерлер саны 206 пайызға өсіп отыр.  

Мұнан бөлек, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саны үш есе өсіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына келіп түскен шағымдардың саны төрт есеге азайғаны байқалады. Бұл ретте басшылық лауазымдар саны азайып, орындаушылық лауазымдар көбейіне айрықша тоқталып өткен абзал.

Маңғыстау облысында енгізілген жаңа еңбекақы жүйесі өзге аймақтарда да жүзеге асырылатыны жоғарыда айтылды.

Қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиында мемлекеттік қызметке қызығушылық екі есеге артқанын атап өткен еді.

Айгүл Шайымованың айтуынша, агенттікте жалпы қызмет көрсету орталығы құрылып, персоналды басқару қызметінің жұмысы толықтай "Е-қызмет" жүйесіне көшірілді. Нәтижесінде қазіргі таңда кадр қызметкерлері оңтайландырылды. Сондай-ақ, Агенттікте мемлекеттік сатып алулар және заңгерлік қызметтер орталықтандырылды.

Алдын-ала көрсеткіштер мемлекеттік қызмет құрамы сапасының жақсарғандығын және тартымдылығын көрсетіп отыр. Ең бастысы мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етті.

Орта есеппен пилоттық органдарда жалақы екі есеге өсті. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрғысы келетіндердің қатары артты. Егер бұрын жарияланған бір бос орынға екі адамнан артық түспесе, бүгінде бұл көрсеткіш 20 үміткерге жетіп отыр, ал кейбір аймақтарда 60 адамға дейін барады.

Сонымен бірге, еліміздің Әділет министрлігінде шетелде білім алған қызметкерлер саны екі есеге өсті. Факторлық-балдық шкала жүйесі енгізілгеннен бастап құрылымдар оңтайландырылған. Қазіргі таңда орталықта 30 пайыз бос орын сақтаулы тұр, ал жергілікті жерлерде 10-20 пайыз төңірегінде. Бұл өз кезегінде атқарушы буынның 60 пайыз жалақасын көтеруге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілерінің еңбек ақысы факторлық-баллдық шкала негізінде жүргізілуін таратып айтар болсақ, аталған жүйе белгіленген бөлік пен ауыспалы бөлік, яғни бонус негізінде құралатын болады.

Жалпы биылғы жыл басында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова төрт мемлекеттік органда еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі пилоттық режимде іске қосылғаны жөнінде көпшілікке мәлімдеме жасаған болатын.

"Жаңа жүйе бойынша өңірлерде еңбекақы мөлшері едәуір көтеріледі деп болжанып отыр. Мәселен, облыстық деңгейде төмен лауазымдағы ең төменгі жалақы 62 мыңнан 117 мың теңгеге дейін өседі. Бұл жердегі сөз облыс әкімдігінің жетекші мамандарының деңгейі туралы айтылып отыр. Ал орталықта 84 мыңнан 136 мың теңгеге дейін артады. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа жүйені республика аумағында енгізу мерзімі туралы шешім қабылданады" - деді Айгүл Шайымова.

Сондай-ақ, жаңа жүйеге сәйкес мемлекеттік қызметкерлер енді әрбір мереке сайын сыйақы алмайды. Мұның есесіне жыл соңында оған төрт лауазымдық еңбекақыдан кем емес көлемде бонус төленеді.

Енді Маңғыстау өңіріне қайтып оралсақ, ескере кететін бір жайт: осы аймақта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілуімен қатар оларға қойылатын талап та күшейді. Атқарылған жұмыстың маңыздылығын қараудан бөлек, әр маманның қызмет бабында әдеп ережелерін сақтап, берілген тапсырма-міндеттерді адал әрі мінсіз атқаруы басты назарға ұсталады.

Бұл ретте еліміздің мемлекеттік қызмет істері Агенттігі мемлекеттік қызметшілерге арналған көмекші құрал дайындап шығарды. "Үстел кітапшасы" деп аталатын бұл құрал бүгінде Маңғыстау өңіріндегі барлық қызметшілерге таратылды. 

"Мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмыс бабында немесе кейбір жағдайда әдеп ережелерін бұзып қойғанын өздері де байқамай қалатын кездері болып тұрады. Мәселен, қызметтік көліктерді жұмыстан бос уақытта пайдалану, тіптен отбасы мүшелері мемлекеттік қызметшіден принтерден құжат шығарып беруді сұрап, ол орындаған жағдайда - бұл, өз кезегінде мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдалануға жатады. Үстел кітапшасын жұмыс тілінде покидбук деп атаймыз. Бұл кітапшада әдеп ережелерін қалай бұзбауға болатыны қарапайым тілмен түсіндіріп айтылған" - дейді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Нұргүл Жанназарова.

Әзірге Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде және Маңғыстау өңірінде қолға алынған пилоттық жоба сынақттан сәтті өткен жағдайда, мемлекеттік қызметкерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі келер жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде қолданысқа енуі мүмкін.

Жоғарыда атап өткеніміздей, биылдан бастап Маңғыстау өңірінде өз еркімен қызметтен кету көрсеткіші күрт төмендеп, мемлекеттік қызметке барушылардың саны артқаны байқалуда. Пилоттық жобаға сәйкес биыл аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі жарым пайызға өсті. Нәтижесінде мамандардың жұмыстан кетуі екі есеге қысқарған.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысының әкімдігінде жарияланған бір бос орынға он алты үміткер бағын сынап отыр. Мемлекетке қызмет етуге әсіресе жоғары оқу орнын бітірген жастардың ынтасы басым.

Бұл жерде бір ескеретіні, мемлекеттік қызметке келгісі келетін жас буын өкілдеріне айлық жалақының көбеюі бірінші кезекте, мемлекеттік органда атқарылатын жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталғаны кең көлемде түсіндіріледі. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында "Сапа" - мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру - оның басты қағидаты болуға тиіс" екендігіне айрықша тоқталды. Осы орайда  бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекеттік қызметшілер өз білімін жетілдіруге ұмтылуда.

Айта кетейік, мемлекеттік басқару академиясының Ақтаудағы бөлімшесінде осы күнге дейін 600-ге жуық мемлекеттік қызметкер қайта даярлықтан өткен. 

Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментінің бас маманы Назым Сейілханның айтуынша, мемлекеттік қызметте кәсіби білікті мамандар жұмыс істейтін елдің дамуы әрқашанда қарқынды боларын бүгінгі уақыт көрсетуде.

"Біздің еліміз үшін, азат елдің келешегі көзі ашық, оқыған жастары үшін алда тұрған басты міндет - бұл, Қазақстанның өркениеті дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуы. Мен осы орайда өз Отаныма, халқыма адал қызмет ететін мемлекеттік қызметші болғым келеді. Қазір ұстанған өмірлік қағидатым - таңсәріден жұмысқа асығып, тәуелсіз мемлекетіміздің беделін арттыруға өзіндік үлесімді қосу" - дейді бас маман.

Қызмет бабында дөрекілікке жол беріп, әдеп ережесін бұзған мемлекеттік қызметкер ісі тәртіптік кеңесте қаралып, заң тұрғысынан шара қолданылады.

Сала басшылары Елбасының биылғы Жолдауынан соң арнайы жоспар құрып, жұмыс тәртібін бекітті. Бұған Президенттің Қазақстан халқына арнаған сөзінде жемқорлықпен белсене күрестің жалғасатынын, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап айтуы арқау болған. 

"Мемлекет басшысының 5-ші қазандағы Қазақстан халқына жолдауындағы ең бір маңызды тұстарының бірі - мемлекет органдарының тиімділігін арттыру және қоғаммен байланысты нығайта отырып, ашықтықты қамтамасыз ету. Және де  қоғаммен тығыз байланыс кезінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшірілуіне қатысты нақты тапсырмалар берілді. Бұл дегеніңіз, өз кезегінде елдегі сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға бағытталған шаралар екені ақиқат" - дейді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау өңіріндегі департамент басшысы Нұргүл Жанназарова.

Қазан айында Ақтау қаласы әкімдігінің жас мемлекеттік қызметкерлерімен бейресми кездесу өткен болатын. Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин, республикалық арнайы мониторинг топ мүшесі Ырза  Тұрсынзада мемлекеттік қызметкерлермен жүздесіп, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісті.  

Аталған іс-шараға Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі төрайымы Нұргүл Жанназарова мен облыстық арнайы мониторинг топ мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында Арман Бердалин  республикалық арнайы мониторинг тобының мақсаты мен міндеттеріне, мемлекеттік қызметкердің айлық жалақысының өсірудің маңыздылығына, бұдан соң оған қандай талаптар қойылатын айтып, орталық деңгейде қолға алынған жобаларға және жыл басынан бергі республика бойынша сыбайлас жемқорлық деректер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталды.

Бұдан бөлек, Агенттік өкілінің айтуынша әлеуметтік желідегі жеке парақшаға өңірдің кез-келген тұрғынның өз көкейіндегі ой-пікірін жолдауға толық мүмкіндігі бар, жұртшылықпен кері байланыс механизмдерін жетілдіру бағытындағы қолға алынған бұл бастамалар уәкілетті органның ашықтығын көрсетеді.

"Елбасының "Болашаққа бағдар - Рухани жаңғыру" мақаласынан туындаған "Өзгерістерді өзіңнен баста" кіші бағдарламасы еліміздің аймақтарында кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Агенттіктің бұл бағыттағы ұстанымы - әрбір облыста осы бағдарламаны жүзеге асыратын жас мемлекеттік қызметшілерден құралған топтарды құру және жаңашыл, креативті идеялар арқылы сол өзгерістердің мемлекеттік орган қызметкерлерінің өздерінен басталуына жол ашу" - дейді Агенттік өкілі.

Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Ырза Тұрсынзаданың пікірінше, ұлт болып ұйысудың ең басты тетігі - ол рухани тәрбие, яғни жас ұрпақтың бойында адамгершілік, әдептілік, адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастыру.

"Қазақ халқы ежелден-ақ ұстанып келе жатқан іске адалдық, кісі алдында әдіптілікті көрсету, адамгершіліктен бой үзбеуді асыл қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуіміз қажет. Бұл іске аға буыннан бастап, жас буын үлгі тұтатын, ұстаз санайтын мемлекеттік қызметкерлер білек түре белсенді атсалысуы қажет. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық секілді біздің қоғамға жат, теріс құбылыстың жолы мүлдем кесілеріне сенім мол", - дейді Астанада өңірге арнайы келген мониторинг тобының мүшесі.

Басқосу кезінде жас мамандар өкілетті орган мен арнайы мониторинг тобының өкілдеріне көкейтесті сауалдарып қойып, тұщымды жауап алды.

Айта кеткеніміз жөн, қазіргі таңда Маңғыстау облысында 2830 мемлекеттік қызметші бар, олардың 1659-ы, яғни 58,6 пайызын қыз-келіншектер қауымы құрайды. Жекелеген деректерге тоқталар болсақ, шалғай өңірдегі мемлекеттік органдарда еңбек ететін мамандардың тоқсан пайызының жоғарғы білімі бар. Олардың орташа жасы 37,6 жасты көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік органдардағы штат саны 93,3 пайызға толық.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: