Маңғыстау облысындағы тұрғын үй массивтеріне асфальт жол төсеу қарқынды жүріп жатыр

5 Октября, 2018, 15:35 3355
Маңғыстау облысындағы тұрғын үй массивтеріне асфальт жол төсеу қарқынды жүріп жатыр |  | BNews.kz

Өңірдегі ең жас аудан Мұнайлыға қарайтын Маңғыстау-5 елді мекеніне тәуелсіздік жылдары алғаш рет асфальт жол төселе бастаған.

Маңғыстау облысындағы Маңғыстау 2,3,4 және 5 тұрғын үй массивтеріне асфальт жол төсеу қарқынды жүріп жатыр. Осы өңірдегі ең жас аудан Мұнайлыға қарайтын Маңғыстау-5 елді мекеніне тәуелсіздік жылдары алғаш рет асфальт жол төселе бастады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аудан орталығына жақын қоныстанған ауылда шамамен 7 мыңдай халық тұрады. Жаңбыр жауса батпақтанып, күн қызуымен қатқыл сүрлеуге айналатын көлік жолымен қатынау тұрғындар үшін қашанда өзекті мәселе болып келді. 

Өткен жылы 15 шақырымдық жол құрылысының құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен болатын. Биылғы жаздан бері асфальт жабынды төсеу жұмыстары екі ауысыммен жүргізіле бастады.

Мұнайлы ауданының он бір жылдық тарихы бар. Орталығы - Маңғыстау ауылы. Оған іргелес төрт бірдей тұрғын үй массивіне Маңғыстау-2-ден бастап 3,4,5 атаулары берілген. Соңғысында 1300-дей жеке тұрғын үй салынған.

Осы ауылдың тұрғындары мұнда қоныстанғалы бері талапқа сай көлік жолын көрген жоқ. Әсіресе жауын-шашынды күндері су толатын шұңқырлы сүрлеумен аудан орталығы не Ақтауға қатынау қиынға соғып келді. Аудан әкімдігі өзекті мәселені шешуді өткен шілдеден бастап қолға алған екен. Ауылдықтардың айтуынша, қазір елді мекенге кіре беріс бастапқы бес көшеге асфальт жол төселіп тұр.

"2007 жылдан бері аудан, ауыл әкімдеріне немесе басқа да өкілетті орган мамандарымен кездесуге барсақ, осы мәселені бірінші кезекте көтеріп келдік. Қазір, міне бес көшемізде асфальт жабынды төселіп, жолдарымыз жарқырап тұр. Осы асфальттің төселе бастауымен біздің ауыл мен қалаға қатынау уақытымыз біршама қысқарды. Бұрын бір сағатта баратын болсақ, бүгінде 10-15 минут ішінде діттеген жерімізге жетеміз. Жол салушы жігіттерден бастап ауыл-аудан әкімдеріне айтар алғымысыз шексіз", - дейді Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінің тұрғыны Жайлыбай Сеңгірбаев.

Қалаға іргелес қонған шағын ауылға жол салуға жұмсалатын қаржы 835 млн теңгені құрайды. Бұл шығынды жер қойнауын пайдаланушы компаниялар көтеріп отыр. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданының әкімдігі тағы 10 шақырым жол құрылысының негіздемесін жасақтауға кіріскен. Мердігер мекеме бұл жұмыстарды ағымдағы жыл соңына аяқтауды жоспарлап отыр.  

Мұнайлы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Берік Әбдіхалықтың айтуынша, қазіргі таңда бес шақырымдық жол салынып тұр. Биылғы жыл аяғына дейін 10 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілмек.

"Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінде шамамен жиырмаға жуық көше бар. Бүгінге таңда тек 15 көше жолына асфальт жабынды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалып тұрған көшелерді нақтылап, жуық арада жобалық-сметалық құжатын жасақтауды аяқтаймыз", - дейді ол.

Жол салушылар басты назарға алып, асфальт жол төсеп жатқан он бес көше бойында әлеуметтік нысандар орналасқан екен. Ал қалған төрт көшеге тегіс жол жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға аяқталған бойда төселеді. Сондай-ақ, осы ауылға іргелес жатқан Маңғыстау 2,3 және 4 тұрғын үй массивтеріне де 15 шақырымдық жол төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр.


Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13934

Похожие новости