Маңғыстау облысындағы үш ауылды жалғайтын дала жолына асфальт төселіп жатыр

27 шілде, 2018, 16:32 3482 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысындағы үш ауылды жалғайтын дала жолына асфальт төселіп жатыр

Бұл бастама өлке туризмінің дамуына тың серпін бермек.

Маңғыстау облысында үш ауылдың арасын жалғайтын Шерқала-Шайыр-Жыңғылды сүрлеуіне тұңғыш рет асфальт жабынды төселіп жатыр. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов көтерген игі бастама өлке туризмінің дамуына тың серпін береді. Себебі осы жол саяхаттаушыларды киелі өңірдің Шерқала тауы, Ақмыш сайы, Қызылқала сынды көрнекті орындарына апарады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазір Шетпеден Шайырға дейінгі дала жолының 10 шақырымы тегістеліп жатыр. Жол құрылысының бірінші кезеңіне 10-ға тарта ауыр техника мен осы шамада жергілікті тұрғын тартылған.

Шайыр ауылында тұратын Наурызбай Шәуенов бір айдан бері осы жол құрылысының басында жүр. Міндеті – жүк көліктеріне бағыт сілтеп, астында кесек тасы көп сүрлеуге төселіп жатқан топырақ жабындының көлемін өлшеу. Ол бұған дейін туған жеріне іргелес Қызан ауылына асфальт жол салуға араласқан тәжірибелі мамандардың бірі.

"10 шілдеде сол жұмыстарды бітіріп келдік. Енді расын айтуымыз керек, бұл жол бұрынғы жылдары өте нашар болды. Сол себепті қазіргі бағытымызды жергілікті халықтың игілігі үшін асфальт жол салу деп отырмыз. Дала жолындағы шоқалақты тегіс жабындымын тегістейміз, ретке келтіреміз деп еңбек етіп жатырған жағдайымыз бар. Басқа жерден алған құрылыстарымыз бітіп, сол техникаларымыз осында келді. Қазіргі таңда мұндағы жұмыс қызу жүріп жатыр", - дейді Шайыр ауылының тұрғыны Наурызбай Шәуенов.

Айта кетейік, шайырлықтар Шетпеге жету үшін бір сағаттан аса уақытын жолға жұмсайды. Олар аудан орталығына сауда-саттық жасауға, жұмыс көзін іздеуге, бастысы емхана мен теміржол вокзалы үшін барады. Қиыршық тасы  дөңгелек қиятын сүрлеумен тілшілер мінген жеңіл көлік ақырын жылжып, жүріп өтті. Көлік жылдамдығын 30 шақырымнан асырсаңыз, далада қалуыңыз мүмкін.

Арнайы техникалар тізгіндеген құрылысшылар елдімекендер арасында асфальт салу жұмыстары биыл аяқталса, арақашықтықты бар болғаны жиырма минутта еңсеруге болады деп отыр. Мұны естіген ауылдықтардың қуанышында шек жоқ.

"Біздің қазір тұрған жеріміз қасиетті, киелі, тарихи орын. Біріншіден, мына жағымыз Ақмыш, Қызылқала сынды тарихи-мәдени орындары. Бір жағымыз әлемге әйгілі Шерқала тауы. Бұл енді болашақ туристердің орталығы болатын жер деп есептеймін. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы халықпен кездескен бір жиналыста Шайыр мен Шетпенің арасына Жыңғылдыға дейін жол салынады деп айтқан еді. Енді осы жыл биыл Шайырға жетсе, біз оған көп рахметімізді айтар едік", - дейді Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Санақбай Тілегенов.

Маңғыстау ауданындағы үш елді мекен арасын ұзындығы 37 шақырым жол жалғайды. Шетпеден басталатын 17 шақырымында асфальт жабынды бұрыннан бар. Қалып тұрған 20 шақырымына жол салуға облыс бюджетінен 3 миллиардқа жуық қаржы қаралған. Құрылыс сапасын 2 мыңдай халық тұратын Шайыр ауылдық округі әкімдігінің мамандары бақылап отыр. 

Шайыр ауылдық округінің әкімі Бердібек Нұрғожаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары биылғы жылдың басында басталған. Оның бірінші кезеңі, яғни, жолдың астыңғы қабатын дайындау шаралары кестеге сай жүріп жатыр.

"Жоспар бойынша, 10 шақырым жерге асфальт төселеді деген мақсат бар. Шайыр мен Жыңғылды арасындағы 10 шақырым бұйырса келесі жылға қарастырылған. Бұл сүрлеу бізді аудан орталығына айналмай, тікелей Ақтауға қарай шығып кетуге ыңғайлы жолдардың бірі болып есептеледі", - дейді Бердібек Нұрғожаев.

Осы сүрлеу Маңғыстаудың табиғаты көркем жерлерінің бірі - Ақмыш сайының жанынан өтеді. Жасыл желекке көмкеріліп, бұлақ суы сылдыраған орында жылына жүздеген саяхатшылар аялдайды. Қазір мұнда ауыл кәсіпкері абаттандыру шараларын жүргізіп, дәмхана, қонақ үй салуды көздеп отыр. Жолда қызмет көрсету кешендерін тұрғызуды жол құрылысымен бірге аяқтау жоспарда бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: