Маңғыстау облысының екі ауданында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстау облысының екі ауданында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады

23 шілде, 20:26 41 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысының екі ауданында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады

Бұл туралы Ақтауда аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен кеңес барысында белгілі болды.

Ақтауда аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен кеңес барысында Маңғыстау облысының Қарақия және Маңғыстау аудандарында негізгі экономикалық макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалатыны мәлім болды. Басқосуда Қарақия және Маңғыстау аудандары әкімдерінің 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептік баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы Қарақия ауданының әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков баяндады.

Облыс орталығынан шалғай ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің (үй шаруашылығы секторын есепке алғандағы) ауқымы 2018 жылы қаңтар-маусым айларына 519,6 млрд теңгені құрап отыр. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 139,8 млрд теңгеге өскен. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 102,9 пайыз.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 76 млн 887 мың теңге. Құрылыс жұмыстарының көлемі 33,8 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге өскен. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 2018 жылдың 6 айында 771,2 млн теңгені (2017 жылдың 6 айында 536,8 млн теңге) құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға жетіп отыр.

Бүгінгі күні Қарақия ауданы бойынша 485 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 41 егін шаруашылығы. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал саны – 2724 бас, қой – 60784 бас, ешкі – 12 665 бас, жылқы – 13 775 бас, түйе – 11 742 бас, құс 3426 басқа артты.

Қазіргі уақытта ауданда бас-аяғы 41 жеке шаруа қожалығы өсімдік-егін шаруашылығымен айналысады.

"Ағымдағы алғашқы жартыжылдықта аудан көлемінде 1500 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 1288 тұрақты және 212 уақытша. 2018 жылдың қаңтарынан маусымға 840 адам жұмыссыздыққа қарсы әлеуметтік қорғау шараларымен  қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты жұмысқа 527 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 55 адам, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 32 адам, қоғамдық жұмыстарға 125 адам жіберілді", - деді жиында сөз алған Қыдырберді Беков.

Келесі сөз алған Маңғыстау ауданың әкімі биылғы жыл басынан бері жергілікті кәсіпорындардың, дәлірек айтқанда қиыршық тас карьерлері, "Каспийцемент" компаниясы 295,8 млрд теңгенің өнімін өндіргенін мәлімдеді.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі индексі 102,3%, ал бөлшек сауда көлем индексінің 101,7% болғаны туралы баяндалды.

Жармағанбет Айтуаровтың айтуынша, аудандағы ауылшаруашылығының негізгі түрі - мал шаруашылығы. Ірі қара мал басының саны 180 мыңнан асқан. Жылқы саны – 41 мың, түйе – 23 мың бас. Өткен алты айда осы саладан ел қазынасына 1844 млн теңге пайда түскен.

Қазіргі күні Маңғыстау ауданында 381 шаруа қожалығы, 10 ұйымдасқан шаруашылық, 4 ауыл шаруашылығы кооперативі қызмет етеді. Оның ішінде 343 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, 36 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен, тағы бір шаруашылық кооперативі өңдеу өнеркәсібімен айналысады.

Ауданның ауылшаруашылығының негізгі бағытына ет, сүт, жұмыртқа өндіру де жатады. Мәселен, осы күнге дейін 1569 тонна ет, 1214 тонна сүт, 47,2 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Аймақта биыл жүзеге аса бастаған "Нұр Капитал" пилоттық жобасы аясында жалпы сомасы 226,5 млн теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданды. Бұл, өз кезегінде 83 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Аймақтық үйлестіру кеңесі мақұлдаған соң, ол жобалар қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге жіберіледі.

Жалпы, 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы жағдай бойынша кәсіпкерлер саны 2479 адамды құрап отыр. Жыл басынан бері 25 кәсіпкер 82,87 млн теңге несие рәсімдеген.

Бұдан басқа, мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 10 ауылдық округ пен 14 елді мекенде орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесі іске қосылған.

"2017 жылдың қорытындысы бойынша орталық сумен қамтамасыз ету аудан көлемінде 67 пайызды құрады. Сондай-ақ, Тұщыбек, Қызан, Шебір, Шайыр, Ұштаған ауылдарында "Қолжетімді баспана – 2020" бағдарламасы бойынша 4 пәтерлі муниципиалдық тұрғынүй құрылысына жергілікті бюджеттен 93 миллионға жуық қаржы қаралды", - деді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров.

Екі бірдей аудан әкімінің көпшілікке есеп беру кездесуін қорытындылаған аймақ басшысы оларға халыққа бастапқы білім беру, денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет көрсетуді арттыру бойынша тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: