Маңғыстау облысының орталығындағы көрнекті жерлердің бірі күрделі жөндеуден өтуде

Написать нам
31 шілде, 2018, 13:35 2399 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысының орталығындағы көрнекті жерлердің бірі күрделі жөндеуден өтуде

Ақтаудағы "Жеңіс" саябағын абаттандыру, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысының орталығындағы көрнекті жерлердің бірі бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл мақсатқа шетелдік инвесторлар есебінен 360 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Қалпына келтіру жұмыстары әйгілі "Мәңгілік алау" ескерткішінен бастап "Реактивті ұшақ" макетіне дейінгі 10 мың шаршы метр жерді қамтиды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Екі айдан соң мұнда көпшілік-демалыс орындары, жаяу жүргінші жолдары салынып, көше шамдары жаңарады. Жобаға жауапты мамандар құрылысты күзде аяқтауға уәде беріп отыр.

"Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ақыбаевтың айтуынша, "Жеңіс" саябағының қырланған кеспе тастар төселген ішкі жолы, сондай-ақ орындықтар мен урналар толық жаңарады. "Мәңгілік алау" жанындағы қаһарман батырларға арнап салынған қабырға тіреулерінің сырты ауыстырылады. Сонымен қатар, "Реактивті ұшақ" макеті жанындағы тас басқыштарды қайта төсеп, жиегіне сүйеніш қанаты бар пандустар қоюды көздеп отырмыз", - дейді шенеунік.

Мұнан басқа, Каспий жағалауындағы шаһардың 97 көп қабатты тұрғын үйінің сыртқы қабатына streetart стилімен ерекше суреттер салынатын болды. Осы мақсатта Ақтауға Ресей, Қырғызстан, Украина мен көршілес аймақтардан он саусағынан өнер тамған сәулетшілер және мен суретшілер арнайы шақырылды.

Жобаға жауапты мамандардың сөзіне сенсек, қала орталығындағы биік ғимараттардың қабырғасында Маңғыстаудың тарихи жерлері мен Каспийдің көркем бейнесі пайда болмақ.

Ең алдымен барлық үй сырты ақ түске бояу жұмыстары жүріп, содан соң түрлі-түсті кескіндемелер салу шаралары қолға алынады. Айта кетейік, әсем қаланы одан әрі абаттандыру ісі жергілікті меценаттардың қаржысымен жүзеге асады.

"Біз осыған дейін көпқабатты үйлердің сыртына ілініп келген баннерлерден мүлдем арылуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, аптап ыстық әрі қатты желді аймақ үшін көшеге баннер ілу тиімсіз. Дауыл соқса ұшып кетеді, аңызақ кезде бір маусымға жетпей өңі кеткен соң ауыстыруға тура келеді. Яғни, шығыннан көз ашпаймыз. Ал қабырғаға салынған суретке келсек, алыстан көз арбап, шаһар сұлулығын арттыра түсетін мұндай кескімдемелер 10 жылға шыдас береріне сенім мол", - дейді Ақтау қалалық құрылыс және архитектура бөлімінің инспекторы Далер Нұрұллаев.

Биыл 55 жылдық мерейтойын кең көлемде тойлағалы отырған жас шаһардың барлық көшелеріне электр қуатын аз тұтынатын шамдар орнатылып жатыр. Былтыр пилоттық режимде бір мөлек ауданның жарықтандыру желілері бастан-аяқ жаңарған еді. Енді кезекте бар болғаны екі айдың ішінде Ақтаудағы 7 мың көше шамдары ауыстырылатын болды.  

Озық үлгідегі автоматты жүйе күн сәулесінің түсуіне орай өз бетімен шамдардың жарық қуатын өзгертіп отырады. Сәйкесінше, қала қазынасынан коммуналдық төлемге бөлінетін қаражат 60 пайызға дейін азаяды деген болжам бар. Аймақ әкімдігі таяу жылдары мұндай электрүнемдегіш шамдарды облыстың барлық елді мекендерінде орнатуды жоспарлап отыр.  

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова өңір экономикасының дамуына қомақты сомада инвестиция тартуға жол ашылып отырғанын атап өтті.

"Жасыл экономика" бағытындағы жаңа жоба облыстың коммуналдық саласын цифрландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біздің өңір экономикасының дамуына қомақты сомада инвестиция тартуға жол ашып отыр. Себебі, бұл бастама Ресей, қытайлық және қазақстандық компаниялардың қаржыландыруымен жүзеге асуда", - дейді Шолпан Илмұханбетова.

Айта кетейік, осыған дейін де Ақтау қаласын жарықтандырудың жаңа жобасы жасақталған болатын. Алдағы күзге дейін шаһардағы 50 ғимаратқа түрлі-түсті шамдар орнатылмақ. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, үлкенді-кішілі сауда орталықтары, қонақүйлер мен ірі мекеме-кәсіпорындардың кеңселері де бар.

Заманауи үлгідені игі жоба түнгі қалаға көрік беріп әрі тұрғындардың көшеде қауіпсіз жүруіне мүмкіндік бермек. Облыс орталығын жарықтандыру жұмыстары Ақтаудың 55 жылдығына орай биыл басталған "55 игі іс" жобасы аясында атқарылады.

Ақтау қалалық құрылыс және архитектура бөлімінің инспекторы Далер Нұрұллаевтың айтуынша, ақмаржан қала Ақтаудың мерейлі туған күніне орай қалталы азаматтар мен компаниялар шаһар келбетін арттыруға белсенді  атсалысып жатыр.

"Айталық, қала кәсіпкерлері мөлтек ауданішілік балалар ойын алаңдарын жаңалап берсе, енді бірі ғимараттарды әрлеуге көмек бермек. Тағы жиырмаға тарта инвестор қаланы жарықтандыруға үлестерін қоспақшы. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қыркүйек айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз", - дейді қала әкімдігінің жауапты маманы.

Тізбектей берсек, жағымдық жаңалық мұнымен толастамайды. Жаппай цифрландандыруға көшу аясындағы толымды еңбектердің бірі ретінде - жаңа оқу жылынан бастап қала аумағындағы балабақшаларға электронды кезек жүйесі енгізілетіні ерекше атауға болады. Ақылды жүйе көмегімен ата-аналар балаларының кезегін бақылап, олардың қай уақытта қандай бөбекжайға баратынын біле алады. Ең бастысы, балабақшаға жолдама да осы сандық үлгідегі технология арқылы берілетін болды.

"Бұл бастама – жергілікті білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, сала мамандарының халықпен ашық түрде жұмыс істеуі үшін жасалып жатқан шара", - дейді қалалық білім бөлімінің өкілдері.

Қазіргі таңда Ақтауда 3 пен 6 жас аралығындағы екі мың жарымға жуық бала бөбейжай кезегінде тұр. Шаһар басшылығы биыл қала тұрғындарын балабақшамен жүз пайыз қамтуды жоспарлап отыр.

Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева қаладағы балабақшалар туралы айтып берді.

"Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 280 орындық 4 балабақшаны іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Мұнан бөлек, жаңадан салынып жатқан жаңа үйлердің төменгі қабатынан мемлекеттік тапсырыс алып, жекеменшік әріптестік арқылы балабақшалар ашу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында бас-аяғы 34 мемлекеттік балабақша жұмыс жасап тұр. Оларға тағы 4 балабақша қосылса, таяу жылдарға халық сұранысын қамтуға жеткілікті деп отырмыз", - Светлана Төлебаева.

Сөз соңында тоқтала кетсек, таяу жылдары студент жастарға арналған бірнеше әлеуметтік кешендер да қолданысқа беріледі. Бүгінде облыс көлемінде алты бірдей жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.

Бес ғимарат өңір орталығында, тағы бірі Жаңаөзен қаласында бой көтеруде. Жаңа нысандар қолданысқа берілген соң, аймақтағы студенттердің жатақханаға деген сұранысы толық қамтылады деп күтілуде. Барлық кешендер 2600 орындық. Екеуі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Қалғау төртеуі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шәкірттеріне ұсынылмақ. .

Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бұл жобалар 2019 жылы қолданысқа қосылады деген жоспар бар. Айта кетейік, барлық кешендер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвесторлардың қаражатына салынып жатыр.

Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қойжановтың айтуынша, қазіргі таңда жаңа жатақханаларды салатын жер телімдері белгіленген.

"Құрылыстардың басталуын күтіп отырмай-ақ, жекеменшік-әріптестік арқылы қосымша дайын ғимараттарды сатып алу жолдарын да қарастырып жатырмыз. Жақын күндері бізге 300 орындық жатақхананы мемлекетк меншігіне беру туралы өтініш келіп түсті. Осы бағыттағы жұмыстарды да қыркүйек айына дейін аяқтаймыз деп ойлап отырмыз", - дейді өкілетті орган жетекшісі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: