Маңғыстау облысының тарихында бұрын болмаған ірі туристік жоба қолға алынды

15 тамыз, 2018, 12:30 1996 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысының тарихында бұрын болмаған ірі туристік жоба қолға алынды

Әлемге әйгілі Қарақия ойпатының Ащысор деп аталатын төңірегінде таяу жылдары рекреациялық аймақ көтеру жоспарда бар.

Маңғыстау облысының тарихында бұған дейін болмаған ірі туристік жоба қолға алынды. Әлемге әйгілі Қарақия ойпатының Ащысор деп аталатын төңірегінде таяу жылдары рекреациялық аймақ көтеру жоспарда бар. Бұл үшін Каспий теңізінен арық қазылып, аумағы 200 шаршы метрге жуық жер тұзды сумен толтырылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Таяу жылдары жасанды суқойма жағалауында қонақүйлер бой көтеріп, демалуға келушілерге арналып жағажай кешендері салынатын болып шешілді. Бүгінде өңір үшін тың бастама халық қалаулылары тарапынан қолдау тауып отыр.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Клинчевтің айтуынша, Қарақия ауданындағы Ащысор ойпаты теңіз суымен толтырылатын болса, бұл өз кезегінде жалпы аумағы 300 шаршы шақырымнан асатын су айдыны пайда болады. Осылайша теңіздің жалпы аумағы үлкейіп, келешек Ащысор шипажайға айналуы да бек мүмкін.

Осындай пікірді Маңғыстау облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Найзабек Жайлау те айтып отыр.

"Каспий теңізінен біршама алыс жатқаннан кейін Ащысордың суы жылы болып келеді. Осы бастама жан-жақты зерттеліп, экономикалық-геологиялық тұрғыдағы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатса, бұл аймақ келешекте шипажайға айналуы ықтимал. Бұл Ащысорға қатысты ұсынысты оңтайлы шешудің бір нұсқасы. Жобаны жүзеге асыру мақұлданса, жергілікті басшылық бұл істің қалай жүргізілетінін, оған қажет қаржы қайдан келерін және қай басқарма нақты айналысатыны шешілетін болады", - дейді ол.

Ащысор мекені әлемдегі ең терең жерлердің бірі – Қарақия ауданындағы Қарақия ойпатында орналасқан. Ұзындығы мен ені орта есеппен 12, аумағы 105 шаршы шақырымды құрайды. Теңіз деңгейінен 38 метр төмен жатқан ойысты айнала құм төбешіктер қоршаған. Жағалау бойына шөлді өңірге тән сораң шөптер өседі.

Аумағы ат шаптырым осы төңірікті туристік орынға айналдыру үшін шамамен 60 млрд теңгеден аса қаржы керек. Бұл ретте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова жаңа жобаның техникалық-қаржылық негіздемесі дайын екендігін жеткізді.

"Осы негіздемеге сәйкес біз бұл жобаны жан-жақты қарап, тиімді жүзеге асыру жолдарын қараймыз", - дейді Шолпан Лазарқызы.

Таяу күндері туристік жоба негіздемесі мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан ойдағыдай өтсе, жобалық-сметалық құжаттары жасақтау жұмыстары басталады.

Айта кетейік, Каспий жағасындағы өңірдің туризм әлеуеті жыл санап қарқынды түрде дамып келеді. Әсіресе, аймақтық пилоттық жоба аясында төмен пайызбен несие алған кәсіпкерлер өлке тарихында бұрын-соңды болмаған тың бастамаларды батыл жүзеге асырып келеді. Бұл салаға шетелден инвестиция тартудан бөлек, мемлекет тарапынан да қомақты қаржылай қолдау бар. Бүгінде облыс орталығының жағажай инфрақұрылымын дамытуға, Каспий теңізіне демалуға келетін туристер үшін қолайлы жағдай жасалуда.

Әдетте, жас жұбайлар өміріндегі ең ыстық кезеңді есте сақтау үшін жағалаумен шектесетін құрлықта бой көтерген қаланың аса көрнекті жерлерін таңдайтындары белгілі. Бұл ретте Ислам Мағзам мен Ұлжан Жолдасованың таңдауы бірден 15-ші мөлтек аудандағы бар болғаны екі айда салынып, қолданысқа берілген жаңа жағажайға түсіпті.

"Әрине, үйлену тойы болған соң біз секілді жас жұбайлардың осындай көрікті, жаңа орында естелік суретке түскені жақсы ырым деп ойлаймын", - дейді күйеу жігіт.

"Осыдан бірер ай бұрын теңіз жағасымен серуендеп жүргенде, осы жерде қызу құрылыстың күні-түні жүріп жататынын көруші едік. Енді, міне әдемі дала сахнасы бой көтеріп, түрлі сәулет ескерткіштері жағалай бойлай орнатылды. Болашақ жұбайым екеуміз отбасылық өмірге бірге қадам жасауды осы орыннан бастауды ұйғардық. Әсем қаламызда осындай жағымды жаңалықтар жиі болып тұрсын", - дейді той көйлегін киген сұлу қалыңдық.

Осы күнге дейін 14-ші мөлтек аудан мен жергілікті тұрғындар "Қызғылт жарқабақ" деп атап кеткен жерге дейін ашық дала болып келді.

Қала билігі "Жағажайларды дамыту" аймақтық жобасын қолға алғалы бері бұл төңіректің сырт келбеті мүлдем өзгерді. Амфитеатр салынып, тас мүсіндер қойылған жаңа жағалауға туристерден бөлек, шаһар тұрғындары да сүйсіне, зор мақтанышпен қарайды.

"Бұл жер бұрын шаң-топырақ болып жатушы еді. Тіптен, адам аяқ басатын жері жоқ еді. Енді қараңыз, бар-жоғы екі айдың ішінде осыншама жұмыс жасаған қала, облыс әкімшілігіне, қала берді осы жұмысты жасаған құрылысшыларға көп рахмет", - дейді қала тұрғыны Гүлсім Ошақбаева.

Айта кетейік, 10 тамыз күні Каспий теңізінің жағасында облыс тарихында алғаш рет озық үлгідегі көпсалалы дала сахнасы ашылған болатын. Бас-аяғы 19 бағанадан құралған кешеннің жалпы биіктігі 9, ал ұзындығы 70 метрді құрайды. Мәдени-көпшілік нысан заманауи үлгідегі дыбыс және түрлі-түсті жарық беру құралдарымен қамтылған.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзинаның айтуынша, бұл нысан бұған дейін коллонада ретінде тұрғызылады деп жоспарланған екен.

"Өлке халқының сұранысын, облысымыздағы барлық өнерпаздардың арманын орындау мақсатында облыс басшылығы мұндай қуантарлық іс-әрекетке барғаны үшін алғысымыз шексіз", - дейді Пания Оңалбайқызы.

Соңғы жылдары жекелей инвестицияның көптеп салынуымен қала жағажайларындағы курорттық кешендер қатары көбейіп келеді. Әсіресе, Ақтаудан 25 шақырым жердегі демалыс орнына жыл он екі ай туристер барады. Күнге қыздырынып, Каспийге шомылу үшін келушілерге мұнда барлық жағдай жасалған.

Қала бойынша ең ірі саналатын аквапарктен кісі аяғы үзілмейді. Бұл жерде таяу жылдары қазақ елінде еш баламасы жоқ толқынды бассейн салынады деп жоспарланған.   

"Біздің елімізде туризм саласы жақсы дамып келеді. Мұндай көрікті орындарды кез-келген туриске мақтанышпен көрсетуге болады деп ойлаймын. Жағасында осындай керемет демалыс орны бар Каспий біз үшін теңіз емес, әлемдік деңгейдегі алып мұхит болып көрінеді", - дейді көршілес өңірден Ақтауға демалуға келушілер.

Атырау қаласының тұрғыны Әсемгүл Шұңғұлованың айтуынша, оның жанұясы Каспийге түсіп, демалу үшін жыл сайын Ақтауға арнайы келеді екен.

"Әркез келген сайын мұндағы демалыс орындарының жақсарып, жаңадан көптеген кешендердің қолданысқа берілгенін көріп қатты қуанамыз. Ендігі жылы мұнда достарымызбен және әріптестерімізден бірге келуді жоспарлап отырмыз", - дейді ол.

Шалғай өлке – Маңғыстаудың аңызға толы тау-тасы да туристерге қызықты. Аумағы ұлан-ғайыр қазақ еліндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бірін осы өлкеден табылады. Былтырғы жылы 300 мыңға жуық турист әйгілі Шерқала, Айрақты, Отпан тауларына барып, Шетпе ауылының маңындағы Көгез этноауылына арнайы барып, бірнеше күн аялдаған.

Жеке кәсіпкер салған осы бір туристік аймақты биылдан бастап кеңейту жұмыстары қолға алынды. Жалпы айтсақ, Маңғыстаудағы ішкі туризм үлесі өңірлік жалпы өнімнің 1,2 пайызын құрайды. Ендігі мақсат - бұл көрсеткішті 2023 жылы дейін 4 пайызға жеткізу.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: