Маңғыстау облыстық кірістер департаментінің 111 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды

11 қазан, 2018, 13:59 3266 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облыстық кірістер департаментінің 111 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Олардың 18-і басшылық құрамының лауазымды тұлғалары.

Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық кірістер департаментінің 120 қызметкерінің 111-і тәртіптік жауапкершілікке, қалған 9-ы әкімшілік жазаға тартылған. Ал тәртіптік жауапқа тартылғандардың 18-і басшылық құрамының лауазымды тұлғалары, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаменті басшыларының қатысуымен жергілікті бюджет бойынша болжамның орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, "Мемлекеттік қызмет туралы" ҚР Заңының талаптарын, Этикалық кодекс нормаларын сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.

Соңғы деректерге сәйкес, жергілікті бюджетке салықтар мен төлемдерді жинау 82%-ға орындалды, жоспар бойынша 132 668,2 млн теңге іс жүзінде 108 843,3 млн теңге түсті, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш жоғары, яғин өсу қарқыны 103,6%-ды құрады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов баяндама жасады. Баяндамада заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық, жеке тұлғалардан түсетін түсімдер бойынша бюджетке қосымша түсімдердің түсуі мақсатында атқарылған жұмыстар туралы есептер, жеке тұлғалардың берешек сомаларынан қосымша резервтер бойынша жұмыстар, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер бойынша, 2018 жылдың ІІІ тоқсанында ЖТС және әлеуметтік салық бойынша абарламаларды өңдеу бойынша жұмыстар, онлайн БКМ аясында деректерді өңдеу бойынша жұмыстар айтылды. Бұдан басқа, ол облыс әкіміне және қатысушылардың алдында жергілікті бюджетті толықтыру мақсатында салық төлеушілермен жұмыс істеу кезіндегі жоспарлары туралы баяндады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан Әдеп нормаларының сақталмауы жиі орын алып отырғандығын және тәртіптік жауапқа тартылғандар жайында баяндады. Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық кірістер департаментінің 120 қызметкерінің 111-і тәртіптік жауапкершілікке, қалған 9-ы әкімшілік жазаға тартылған. Ал тәртіптік жауапқа тартылғандардың 18-і басшылық құрамының лауазымды тұлғалары.

"Кірістер департаментінің қызметкерлері 56 ескерту, 27 сөгіс, 5 қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы 12 қызметкер ескерту алған, 2 қызметкер қызметінен төмендетілсе, тағы 2-еуі қызметінен босатылған. Сонымен қатар, 5 мемлекеттік қызметші "теріс" себептермен қызметтен босатылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін немесе тәртібін бұзғаны үшін кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының 2 қызметкеріне 72150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл санылған", - деп баяндады Нұргүл Жанназарова. 

Ералы Тоғжанов мемлекеттік кірістер департаментінің әрбір қызметкерінің функционалдық міндеттерін қайта қарастыру керек екендігін айтты. Себебі атқарылатын қызмет деңгейі бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, жұмыстың сапасыз орындалып жатқандығын байқауға болады. Департамент басшысы мен кеңесте көтерілген мәселелерді ескере отырып, Маңғыстау облысының әкімі барлық уәкілетті органдарға, қалалар мен аудандар әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: