Маңғыстауда әскери-теңіз кемелеріне қазақстандық екі батырдың есімі берілді 

12 Декабря, 2018, 11:38 1985
Маңғыстауда әскери-теңіз кемелеріне қазақстандық екі батырдың есімі берілді  |  | BNews.kz

Аталған шекаралық катерлер Қазақстанның мемлекеттік шекарасының аумақтық суларын қорғауға, мұнай-газ объектілерін қорғауға арналған.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай бүгін Баутино портында әскери катерлерге әскери-теңіз туы тапсырылып, оларға "Иса" және "Досан" аты берілді, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әскери катерге 1870 жылы Иса Тіленбаев пен Досан Тәжиев бастаған намысты батырлар орыс отаршылдарына қарсы көтерілген Маңғыстаулық екі батырдың аттары берілді. Әскери катерлер Орал қаласындағы "Зенит" зауытта құрастырылған. 

Аталған шекаралық катерлер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мен континенттік шелфінің мемлекеттік аумақтық суларын қорғауға, аумақтық сулардан тыс террористік көріністер болдырмау және мұнай-газ объектілерін қорғау міндеттерін шешу; заңсыз балық аулауды тоқтату үшін патрульдеу және 8 экипажды тасымалдауға арналған. Катердің іске қосылуы – бұл осы саладағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Кеме басшылығына әскери-теңіз туын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тапсырып, сәттілік тіледі.

"Шекара қызметінің құрылымдарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету де жылдан-жылға оң шешімін табуда. Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның айғағы бүгін пайдалануға берілгелі отырған "Иса" және "Досан" шекаралық катерлер және пайдалануға берілген заманауи үлгідегі салынған теңіз айлағы. Бұл айлақ шекарашылардың алдында тұрған проблемаларды шешуде үлкен маңызға ие болады. Осының бәрі Сіздердің Отанымызды қорғаудағы қызметіңізге ерекше серпін беретініне сенімдімін", - деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.

Теңіз айлағының құрылысы өткен жылдың соңында басталған болатын. Айлақтың ұзындығы 150 метрді құрайды және  бір мезгілде 10 әскери кеме тоқтай алады. Жаңа теңіз айлығының басты ерекшелігі заманауи  үлгіде салынған құралдары бар, өрт сөндіру бекеті,  электр қуат алу нүктесі.

Баутино порты шекара күзеті кемелерінің Каспийдің оңтүстік және солтүстік бөлігіне жылдам шығуға мүмкіндік береді.

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13981

Похожие новости