Маңғыстауда өткен жылы жаңартылған көлік жолы бір жылға жетпей жарамсыз болып қалған

21 шілде, 2018, 11:26 2627 Маңғыстау облысы
Маңғыстауда өткен жылы жаңартылған көлік жолы бір жылға жетпей жарамсыз болып қалған

"Ақтау-Форт Шевченко" автожолының төменгі қабаты көтеріліп, әр қадам сайын төмпешік пайда болған. Ал бұл ақау көлік жүргізушілер өміріне қауіп төндіреді.

Былтыр ғана салынып, қолданысқа берілген осы жолдың сапасына көңілі толмаған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ахмет Салманов аталған жобаға жауапты құрылыс компаниясынан тез арада олқылықтың орнын толтыруды талап етті, деп хабарлайды  BNews.kz тілшісі.

Осы орайда бүгінде қалааралық жолды жөндеу жұмыстары қайта басталды. Түпқараған ауданына қарасты елді бірнеше елдімекенді облыс орталығымен жалғайтын бұл жолдың маңызы зор. Сондықтан ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, әбден тозығы жеткен көлік жолы былтыр толықтай жаңарып еді. Алайда, көпшіліктің көптен күткен қуанышы ұзаққа бармады. Арада жарты жылға өтпей, тақтайдай тегіс даңғыл кедір-бұдыр жолға айналды. Бұл жерде жоғары жылдамдықпен жүйткитін көліктер үшін аса қауіпті.

"Мен осы екі ортамен көп жүремін. Күн сайын кей жерлерде ойлы-қырлы төмпешіктердің пайда болғанын көремін. Қазір мұнда жүру мүмкін емес болып қалды. Қазір тас жолдың қалпына келіп жатқанын көріп қуанып тұрмын" - дейді көлік жүргізуші Нұржан Аманшаев.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ахмет Салмановтың айтуынша, осы жолдың сапасы туралы өңірлік жолаушылар басқармасы және автомобиль жолдары басқармасына депутаттық сауал жолданған. Тез арада жауапты мамандардан осы жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деген жауап келіпті.

"Ақтау-Форт Шевченко" бағытындағы тас жолдың 43 және 75 шақырымы аралығында күрделі жөндеуден өткен тас жолдың қазірде кей жерлері көтеріліп кетуіне байланысты қайтадан жаңарту жұмыстары қарқынды жасалуда" - дейді Ахмет Салманов.

Сонымен 33 шақырым жол қайта жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда осыған жауапты құрылыс компаниясы жолдағы асфальтты жабындыны түгел сүріп тастап, қайта салып шығуды қолға алған. Мамандардың айтуынша, техникалық ақау тас жолдың төменгі қабатынан кеткен. Кезінде құрылыс материалдарын үнемдеу мақсатында топырақты қатайтатын қоспа қосылған. Ол құрамында гипс пен теңіз тұзы шамадан тыс көп болатын аймақ топырағына кері әсер етуіне орай жолдың кей жерлерінде биіктіні 10-15 сантиметрге дейін төмпешіктер пайда болған.

"Бүгінгі таңда осы бір бөлігін түгелдей аламыз. Содан соң асфальт-бетонын, оның астындағы цемент қосылған түгел құрамын алып тастап, қайтадан салып жатырмыз. Енді қайтадан өзіміздің отандық үлгідегі төзімді материал төсеп, үстіне 15 см асфальт салып, жолдың екі қабатын да шамамен 7-10 күн ішінде қайта жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз" - дейді құрылыс мекемесінің директоры Батанияз Елешов.

Ақтау мен Түпқараған ауданы арасындағы тас жол құрылысын тезірек аяқтау үшін жұмысшылар күні-түні бірдей еңбек етіп жатыр. Салу жұмыстарына бас-аяғы 20 арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы жұмылған.

Айта кетейік, бұдан былай осы құрылыстың ендігі тағдыры Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының ұдайы бақылауында болмақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: