Маңғыстаулық 600 кәсіпкер салықтан босатылады

10 қазан, 2018, 14:13 1352 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық 600 кәсіпкер салықтан босатылады

Елбасы Жолдауында анық айтылған амнистия салық берешектері осы жылдың 1 қаңтарына дейін пайда болып, 1 қыркүйекке дейін төленбеген жағдайда ғана жүргізіледі. 

Маңғыстау облысының 600 кәсіпкері салықтан босатылады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында анық айтылған амнистия салық берешектері биылғы жылдың 1 қаңтарына дейін пайда болып, 1 қыркүйекке дейін төленбеген жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл туралы Ақтауда аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен облыс активінің жиналысында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Алқалы кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жаңа Жолдауында айтылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті шаралар айқындалды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз сөзінде Елбасы Жолдауындағы бірінші басымдық қарапайым халық табысының өсуі екендігін атап өтті.

"28 мың бюджет қызметкерінің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 25 мың адам үшін төлем мөлшері ұлғайтылатын болады", - деген аймақ басшысы жиынға қатысқан өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен барлық бюджеттік мекеме басшыларына жалақыны көтеру туралы есепті дереу ұсынуды тапсырды.

Жиын кезінде бәсекелестікті дамыту және монополистік компаниялардың тарифтерін реттеу мәселесі бойынша монополияға қарсы департамент мамандарына өалалық және аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, тұрғындардан жиналған қаражатты тиімді пайдалану бойынша монополистер мен ПИК-ке тексеру жүргізуге тапсырма берілді.

"Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жүргізуге тапсырма берді. Бұл – өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару деген сөз. Негізгі критерий – тек адал салық төлеушілер үшін амнистия жарияланады. Амнистия салық берешектері ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін пайда болып, 1 қыркүйекке дейін төленбеген жағдайда ғана жүргізіледі. Мемлекеттік кірістер департаментінің деректері бойынша, шамамен 600 шағын және орта бизнес субъектісі амнистияны қолдана алады. Осы департаментке кәсіпкерлік және сауда басқармасымен, қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, салықтық амнистияға түсетін шағын және орта бизнес субъектілерімен тиісті жұмысты жүргізуді тапсырамын", - деді Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысының айтуынша, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға мемлекет бөлген қаражат, бірінші кезекте өңірдегі жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы ретте облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тиісті министрлікпен қажетті қаражат бөлу мәселелері бойынша тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Бұл қаражат өңірді жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді.

"Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы қажетті қаражатты облысқа бөлу бойынша тиісті министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізуі қажет. Сонымен бірге, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ауыл кәсіпкерлеріне арналған оқыту картасын әзірлеуді, сондай-ақ қаржы институттары арқылы қаржыландырылатын жобаларды жандандыруды тапсырамын", - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Аймақ басшысы инновацияны дамыту бағытында нақты іс-шаралар жасалып жатқандығын да тілге тиек етті. Баламалы энергия көздерін қолдану, жаңа материалдар, биомедицина және басқа да бағыттарда ілгерілетуді қамтамасыз ету бойынша шалғай өңірде бірқатар жұмыстар атқарылуда.  

"Атап айтсақ, Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылында қуаты 2 Мвт күн электр станциясы пайдалануға берілді. Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жел және күн электр станцияларының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, өлке аумағындағы жұмыс жүргізіп жатқан мұнай компаниялары да инновациялық жобалар бойынша үлкен жұмыстарды қолға алуда", - деді облыс әкімі.

Алқалы жиынға қатысқан шағын және орта бизнес өкілдері, ұстаздар қауымы мен жастар қауымы да Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды.

Мәселен, жеке кәсіпкер Надежда Карась кәсіпкерлерді дамытуға және қолдауға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Бизнес-орта үшін несиелендірудің қолжетімділігі мәселесі ерекше маңызды.

"Біз несиелеуге қол жеткізгенде өндірісті дамытуға және жаңғыртуға дайынбыз. Екінші деңгейдегі банктермен ұзақ мерзімді қаржыландыру бойынша жұмыс істеу қиын, пайыздық мөлшерлемелер өндірісті дамытуға мүмкіндік бермейтін. Осы тұрғыдан ел Президентінің бұл мақсаттағы халық тұтынатын тауарларды шығаратын жобаларға 600 млрд теңге бөлінетіндігі туралы шешімі өте өзекті және уақтылы. Бұл, өз кезегінде отандық өндірістің дамуына тың серпін береді", - дейді Надежда Карась.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы "7-20-25" бағдарламасы бойынша қолданысқа берілген пәтерлер бойынша республикада үздік үштіктің қатарында келеді.

Жиынға қатысқан "Банк Центр Кредит" АҚ өңірлік филиалының директоры Дилшод Оразыметовтың айтуынша, шалғай өңірде "7-20-25" ипотекалық тұрғын үй несиелендірудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша облыстар арасында Маңғыстау өңірі сатылған пәтерлер көлемі мен саны бойынша үшінші орында тұр.

"7-20-25" мемлекеттік ипотикелық бағдарламасы басталғалы бері "ЦентрКредитБанкі" АҚ Маңғыстау облыстық филиалы 1,4 млрд теңгеден астам сомаға 140-тан аса тұрғынға қарыз берді", - дейді екінші деңгейлі банк филиалының директоры. 

Облыс активімен өткен жиналыста мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту мәселесі де кеңінен сөз болды.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 93,7 пайызды (2017 жылы 93,1 пайыз болған) құрайды.

Осы жылдың басынан 919 орындық 10 балабақша пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 23 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде, осы саладағы көрсеткіш 97,1 пайызға жетпек.

Ал медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесіне тоқталар болсақ, шалғай өңірде 1219 медицина қызметкері жалақыға үстемақы алады. Сонымен қатар, медицина саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ең алдымен, барлық медициналық ұйымдар 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қағазсыз құжат айналымына көшіріледі. Тағы бір маңызды міндет – 2020 жылға дейін облыстың барлық тұрғындары үшін электрондық денсаулық төлқұжатын әзірлеу мәселесін шешу күн тәртібінде тұр.

Қазіргі таңда Маңғыстау халқының бұқаралық спорт түрлерімен және дене белсенділігімен қамтылуы 29,6 пайызға жеткен. Осы салаға жауапты мамандардың сөзінде, бұл соңғы үш жылмен салыстырғанда сегіз есеге көп көрсеткіш.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз аймақтық деңгейде резервтер тауып, облыс тұрғындары үшін спортты қолжетімді етуге тиіспіз. Сондай-ақ, соңғы жылда 20-дан астам спорт алаңы мен 11 ірі спорт нысаны жеке инвесторлар есебінен салынды. Биыл Ақтау қаласында мұз айдынының, бокс орталығының, Бейнеу, Маңғыстау және Сенек ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталды. Ағымдағы маңғыстау футболын дамыту мақсатында Ақтаудағы Мұнайшы стадионына жаңа футбол алаңы салынып, спорт кешені қайта жөндеуден өтті", - деп мәлімдеді Ералы Тоғжанов.

Елбасы Жолдауында өмір сүрудің қолайлы ортасын құру мәселесі бойынша өңірлік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылған.  

Бұл бағытта осы жылдың соңына қарай Маңғыстау облысының ауылдық елді мекендерінің 69 пайызы немесе ауыл халқының 89 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қазіргі уақытта ауданаралық жолдардың көпшілігінің жағдайы жақсы деп бағалануда. Осы тұрғыдан ауылішілік жолдардың құрылысына қажет қаражат бөлінетін болады.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірінде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2-2 және 5 есе арттыру бойынша пилоттық жоба енгізілген болатын. Оны іске асыру бойынша өткен 8 айда мемлекеттік қызметке түсуге ниет білдірушілер саны бір орынға 2-ден 16 адамға дейін артты. Сондай-ақ, ұсынылған жоғары сапалы мемлекеттік қызметтер саны үш есеге көбейді.

Сәйкесінше, мемлекеттік қызметтерді алуға халықтың шағымдарының төрт есеге қысқарғаны байқалады. Бұл салаға жауапты мамандардың айтуынша, оңтайландыру есебінен мемлекеттік қызметшілердің саны 84 бірлікке, ал басқару кадрларының саны 24 бірлікке қысқартудың сәті түскен. 

Елбасы Жолдауын іске асырудың басқа да аспектілерін кеңінен қолдану туралы ойларымен қоғам белсенділері де бөлісті. Каспий жағасында салынған демалыс базасының директоры Ұлболсын Ахметова өңірде туризмді дамыту бойынша мемлекет басшысының тапсырмалары нақты орындалып жатқанын атап өтті.  

"Биылғы жазда Маңғыстауға сапары кезінде ел Президенті Ақтау қаласы Түрік Анталиясының аналогы болуы тиіс деген тапсырма берді. Мінекей, бір ай ғана уақыт өтті. Қазір Үкімет деңгейінде "Каспий теңізі жағалауындағы теңіз курортын дамыту жөніндегі" Жол картасы қабылданды. Оның негізгі бағыты – Ақтау қаласынан Құрық кентіне дейінгі жағажай аймағының инженерлік инфрақұрылымын салу болып табылады. Аймақ әкімдігі өз кезегінде су және электр желілерімен жабдықтау үшін жобалық құжаттаманы дайындауға кіріскенін және 2019 жылы іс-шараларды іс жүзінде жүзеге асыруға уәде беріп отырғаны бізді қуантады", - дейді жеке кәсіпкер.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: