Маңғыстаулық белсенді жастар 80 жастағы қарияға үй салып берді - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстаулық белсенді жастар 80 жастағы қарияға үй салып берді

16 шілде, 17:16 1789 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық белсенді жастар 80 жастағы қарияға үй салып берді

Осыған дейін халық көмегіне зәру болып келген ақсақал Мұнайлы ауданының Баянды ауылында тұрады.

Апатты жағдайдағы шағын баспанада тұрып келген Сатыбалды атай қайырымды жастардың арқасында бас-аяғы екі айдың ішінде жаңа үйге көшіп кірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Өздерін "Ақтаудың қайырымды жандары" деп атайтын еріктілер тобы бастама көтерген сауабы мол шараға маңғыстаулық жүздеген жас белсенді атсалысқан. Бірі табиғат әсеріне төзімді үй шатырын әкеп берсе, енді бірі кірпішін қалауға жәрдемдесті.

Сатыбалды Алаев қабырғасы сөгіліп, қирағалы тұрған ескі үйін осыдан 50 жыл бұрын өзі тұрғызған екен. Соңғы жылдары іргетасы қаусап, тозығы жеткен шатырынан бөлме ішіне лай су аға бастаған.

"Жығылғанға жұдырық" демекші, қиын жағдайды термиттер мүлдем ушықтырып жіберді. Қаптаған сары құмырсқалар еден мен қабырғаны тесіп, жеп тастапты. Ал үйді жаңартуға жасы 80-нен асқан қарияның шамасы қайдан келсін. Үміт артып отырған жалғыз ұлының денсаулығы тағы жоқ, еңбекке жарамсыз.

Еріктілер тобының белсенді мүшесі Алсұлу Өтешқалиеваның айтуынша, жомарт жүрек жастар осыған дейін де таныс атайға азық-түлік, киім-кешек әкеп көмектесіп тұратын болған.

"Алғаш осы үйге келген кезде осы атаның аянышты жағдайын көріп, барлығымыз бірауыздан осындай үй салып берейік деген шешімге келдік. Осы шешімімізді халқымыз қолдап, барлығы үй жабдықтарымен көмектесіп, екі айда осындай үй салып бердік", - дейді жігерлі жас.

Еріктілер тобының бұл бастамасын өңірдің ерікті жастары лезде іліп әкетті. Биылғы жылдың мамыр айында басталған құрылысқа жүзге жуық адам атсалысқан. Кәсіпкер жастардан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін қол ұшын берді. Бірі тасын түсіріп, енді бірі шатырын әкеп берсе, тағы бірі үйді көтеріп, ішкі-сыртқы қабырғасын сылаған.

Тіптен, қайырымды жандар үй ішіндегі жиһазына дейін алып беріпті. Ауылдың қыз-келіншектері де көпшіліктен қалыспай, атайға қажет көрпе-төсегін тігіп берген. Екі бөлмелі жаңа үйге қоныстанған қарияның қуанышында шек жоқ.

"Қайырымды жандарға көп-көп рахмет! Барлығы жақсы, үйім осы заманға лайық үлгідегі жоспармен салынды. Көп жылдарға шыдас беретін берік іргетасы бар. Астарына термитке қарсы май құйылған. Жаңа баспанама газ, ауыз су, электр тогы келіп тұр. Үлкенге қол ұшын беруге дайын балаларға алғысым шексіз", - дейді зейнеткер Сатыбалды Алаев.  

Айта кету керек, бұл ата-бабамыздан қалған асарлату дәстүрін жаңғыртуды көздеген маңғыстаулық жастардың алғашқы жобасы.

Түрлі мамандық иелерінен құрылған еріктілер тобы алдағы уақытта баспанаға аса мұқтаж жандарға үй салып беруді жалғастырмақ ниетте.

"Жұмыла көтерсе кез келген жүктің жеңіл болары анық", - дейді белсенді жастар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: