Маңғыстаулық бюджет саласының қызметкерлеріне жаңа жатақхана табысталды - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстаулық бюджет саласының қызметкерлеріне жаңа жатақхана табысталды

02 тамыз, 19:25 3150 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық бюджет саласының қызметкерлеріне жаңа жатақхана табысталды

Жоба құны 840 миллион теңгені құрайды. Жатақхана құрылысы бір жылға жуық мерзім ішінде аяқталды.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында бюджет саласының қызметкерлеріне арналған 100 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Екі ғимараттан тұратын жатақханада ас үй, жуынатын бөлме, кіреберіс және зат сақтайтын қоймамен қатар, тұрмысқа қажеттілердің барлығы бар.

Жалпы құрылыс алаңы шамамен 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Жатақхана маңайындағы аумақты абаттандыру мәселесі де ұмыт қалмаған. Ғимарат айналасында жасыл желек алаң мен жаяу жүргіншілер жолына асфальт пен кеспе тастар төселген. 

Шараға қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Әлеуметтік бес бастамасында" көрсетілген тапсырмалар өңірде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

"Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінің бірінші бастамасында: "Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" деп атап өткен болатын. Бүгінгі аудандағы жасалынып жатқан шара соның айғағы деп білемін. Сонымен қатар, осы компания 2017-2018 жылдар аралығында Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі, Маңғыстау ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Маңғыстау-5 елді мекенінен 15 шақырым автокөлік жолының құрылысына 3 миллиардтан астам қаражат бөліп, Мұнайлы ауданының әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуда", - деді Ералы Тоғжанов.

Жоба құны – 840 миллион теңге. Жатақхана құрылысы бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде аяқталды.

"Бұл жатақхана "НКОК" компаниясы үшін маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында салынды. Себебі, Консорциум міндеті жергілікті жұртшылықтың қажеттіліктерін тікелей қамту. Сонымен қатар, Консорциум бұл аймақтарда әлеуметтік жобаларға үлкен қажеттілік бар екенін ескере отырып, Маңғыстау және Атырау облыстарында бірқатар қосымша жобаны жүзеге асыруда", - дейді "NCOC" компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн.

Мұнайлы ауданындағы жағымды жаңалық мұнымен шектелмейді. Қыркүйек айында аудандағы Қызылтөбе мен Басқұдық ауылдарында мектеп ашылады деп жоспарлануда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: