Маңғыстаулық кәсіпкер жерлестеріне арнап озық үлгідегі спорт кешенін салып берді - Жаңалықтар | BNews

Маңғыстаулық кәсіпкер жерлестеріне арнап озық үлгідегі спорт кешенін салып берді

27 шілде, 15:30 3151 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық кәсіпкер жерлестеріне арнап озық үлгідегі спорт кешенін салып берді

Енді Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылының балалары аптасына жеті күн спортпен шұғылдана алады.

Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлердің бірі жерлестеріне арнап озық үлгідегі спорт кешенін салып берді. Бір мезгілде 70 адам жаттығатын кешенде әзірге төрт үйірме жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында өңір спортында енді дами бастаған ММА "Ережесіз жекпе-жегі" мен панкратион секциялары бар, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Болашақта бұдан да үлкен ғимарат саламын деп зор сеніммен айта аламын. Тұрмыстық жағдайын ескеріп көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер қарастырып отырмыз. Басты ерекшелігі, мұнда біздің өңірде спорт түрлері осы жерде қалыптасады. Егерде әр кәсіпкер өзі туған ауылына осындай сауапты іс жасайтын болса, Қазақстанның туы әрдайым биік болады деп ойлаймын", - дейді жеке кәсіпкер Ерболат Айтжанов.

Ауыл балаларын Ақтаудан арнайы шақыртылған тәжірибелі мамандар жаттықтырады. Жаңа кешен құрылысы мен қажет құрал-жабдығын алуға 5 млн теңге жұмсаған кәсіпкер келешекте спорт сарайын кеңейтуді жоспарлап отыр.

"Біз жаттықтыратын балалар аймақтық жарыстардың іріктеу кезеңдеріне қызу дайындалып жатыр. Қазақтың кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев секілді танымал спорт саңлақтарын арнайы шақырып, маңғыстаулық жастармен тәжірибе бөлісуіне жағдай жасауды шештік. Басты мұратымыз - ауылдықтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру", - дейді ауылдағы спорт сарайының бас жаттықтырушысы Константин Пустоветов.

Айта кетейік, биыл тәуелсіз қазақ елінің ең жас ауданы Мұнайлыға 11 жыл толады. Былтыр кең көлемде атап өтілген мерейтой аудан орталығы Маңғыстау ауылында "Мәңгілік ел" монументінің ашылуымен басталған еді.

"Тәуелсіздік" саябағына қойылған сәулет ескерткішін жергілікті шеберлер жасаған. Ұлутастан салынған нышанның биіктігі 12 метр. Төбесіне алтын қыран қонған монумент жанында "Мұнайлы колоннасы" тұр. Бас-аяғы жеті бағана Мұнайлыға қарайтын елдімекендер санын білдіреді.

Саябақ құрылысы мен абаттандыруға туған жерін түлетуге ниетті азаматтар қол ұшын созған. Мерейтойға келген көпшілік Ұлы Отан соғысы мен Ауғанстан және тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандықтарға арналған ескерткіш тақталарға гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара 2050 жылғы ұрпаққа аманат хаты салынған капсуланы саябаққа қоюмен түйінделді.

Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаевтың айтуынша, қоғамдық парк қазірде жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Елбасының "Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар" атты мақаласында айтылған қанатты сөздерге сәйкес, ауыл саябабығнда қазақтың ою-өрнектері бейнеленген тас мүсіндер мен EXPO-2017 композициялары қойылған.   

"Тәуелсіздік алған жылдары қараусыз қалып, қирап қалған саябақты аудан әкімі мен кәсіпкерлері қолға алды. Нәтижесінде, "Мәңгілік ел" боларлық, ел жақсы демаларлық саябаққа айналды. Жомарт жүрек азаматтардың жасап жатқан игі істері үлгі боларлықтай. Мен бұл жерде алғаш келгенімде 10 шақты ғана үй болатын. Қазір адам танымастай. Халық саны 150 мыңға көбейді. Бұл, егемендіктің арқасы деп ойлаймын", - дейді аудан тұрғыны Алдаберген Амандық.

Тәуелсіздіктің тұңғышы - Мұнайлы ауданы 2007 жылдың шілде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. Бюджеті бастапқыда млрд теңгеге жетпейтін еді. 10 жылда 6,5 есе өсіп, 17 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінен түскен табыс 2008 жылы 65 млн теңге болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 58 млрд 700 млн теңгеден асты. Қазір барлық ауылдары  көлік жолы, орталық ауыз су құбыры, газ және электр желілерімен толық қамтылған.

Бүгінде Мұнайлыда құрылыс қарқынды. Халық саны артуымен баспанаға сұраныс жоғары. Жергілікті әкімдік алдымен тұрғын үйге мұқтаж жандарды пәтермен қамтып жатыр. Жыл сайын орта есеппен 135 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуде. Былтыр Маңғыстау ауылында 12 көпқабатты үй салынды. Ақтаумен салыстырғанда мұндағы үй бағасы 40 пайызға арзан.

2 баланың анасы Гүлмира Аңғарова, мемлекеттік бағдарламамен арзан баспана алған алғашқы 8 тұрғынның бірі. Екі жыл бойы пәтер жағалап, үй жалдап келген жас отбасының банкке салған салымдары бастапқы жарнаға жеткен. Бірден құжат рәсімдеп, тез арада жаңа пәтердің кілтін алды.

"Өз алдыма баспаналы болып жатқаным үшін Елбасыға, Үкіметке мың алғыс айтамын. Үй ала алмай жүрген адамдардың барлығы осындай қуаныш тілеймін. Қуаныштымын, көп қиындықты көрдік. Енді барлығы жақсы болады деп ойлаймын", - дейді ол.

3 бөлмелі пәтер төрт жылға несиеге берілген. Ай сайынғы төлем 25 мың теңге. Асүй мен жуыну бөлмелеріне қажетті техникалары тағы бар. Яғни, үй иелері қосымша шығынданбайды. Жергілікті жұмыс күші тартылған қолжетімді баспана құрылысына отандық құрылыс материалдары қолданылған.

Құрылыс учаскесінің шебері Құрманбай Мейловтың айтуынша, көпқабатты үй салуға қолданылған құрылыс материалдарының 98 пайызы Қазақстанда шығарылған.

"Сапасы берік болуымен көп жылдарға шыдас береді. Подъезд алдына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып пандустар жасалған. Қазіргі таңда беріліп жатқан үш үйіміз бар. Оларды салуға Ақтау мен Мұнайлы ауданынан 40-қа жуық жұмысшы тартылды", - дейді ол.

Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін аудан әкімдігі арнайы жұмыс жоспарын жасақтаған. Бүгінде 3 мыңға жуық жас отбасы мен әртүрлі топтағы аз қамтылған азаматтар тұрғын үй кезегінде тұр. Сондай-ақ, жыл сайын дипломмен ауылға келетін жастарға да пәтер беру қалыпты үрдіске айналған.

"Ақтау қаласында бір шаршы метр үй бағасы 140 мың теңге болса, біздің үйлердің құны 100 мың теңге. Байқасаңыз, бағасы 30-40 пайызға арзан. Сонымен қатар кезекте тұрған адамдарға сегіз 24 пәтерлік, барлығы 192 пәтерлік тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп жатыр. Олар жуық арада халық игілігіне беріледі, Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр, уақытында бітеді деп жоспарлап отырмыз", - дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев.

Биыл Маңғыстау ауылында тағы 30 көпқабатты үй бой көтереді деп жоспарланған. Сондай-ақ, меценат есебінен тұрғызылған 100 орындық жанұялық жатақхана қолданысқа берілді. Осы елдімекенге іргелес Батыр ауылында да әрқайсысы 4 пәтерлік 7 үй салынып жатыр.

Жыл санап әл-ауқаты жақсарған аудан халқының саны 10 жылда 53 мыңнан 148 мыңға жетіп отыр. Табиғи өсім жағынан республикада жетекші орында тұрған Мұнайлыда бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. 2007 жылы мұнда жалғыз балабақша болса, мектепке дейінгі мекемелердің бүгінгі саны 40-тан асады. Олардың 15-і мемлекет меншігінде.

Мәселен, таяуда Маңғыстау ауылында 100 орындық балабақша пайдалануға берілді. Игі іс жергілікті әкімдіктің бөбекжай тапшылығын жоюға арналған жоспары негізінде жүзеге асып отыр. "Балапан" бағдарламасымен салынған балабақша құрылысына 65 млн теңге жұмсалған. Мұндағы екі топта 3 пен 6 жас аралығындағы 50 бүлдіршін тәрбиеленеді. Жыл соңына дейін қосымша екі топ ашылса, 25 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

"Бұл балабақшада баланың өсіп-дамуына, білім алуына, қауіпсіздігіне, оның жеке тұлға болып қалыптасуына, мектепке дайын болып баруына барлық жағдай жасалған. Төрт мезгіл тамақтануы бар. Балалар аптасына екі рет ағылшын, орыс тілдері мен музыка пәніне қатысады", - дейді балабақша меңгерушісі Әйгерім Дүйсенбаева.

Есіңізге сала кетейік, Мұнайлы - "Балапан" бағдарламасы жемісті жүзеге асып жатқан аудандардың бірі. Игі жоба аясында жаңадан салынған балабақшалар төлемақысын мемлекет пен халық тең бөліп төлейді.

Маңғыстау ауылында 50 орындық тағы бір іскер әйел қаржысына салынды. Кәсіпкер мұратына жету үшін "Бизнестің Жол картасы - 2020" бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктен жеңілдетілген несие алған. Мектепке дейінгі мекемеге баласын берген ата-ана айына 15 мың теңге төлейді. Қосымша осы көлемдегі қаражат мемлекеттен бөлінеді. Бүлдіршіндер тәулігіне төрт мезгіл тамақтанып, жайлы бөлмелерде асыр салып ойнап, аптасына бес күн уақытын осында өткізеді.

Бастапқыда тігіншілікпен шұғылданған Назираның басты мақсаты - жекебалабақша ашу болатын. Бұрын тігін шеберханасы болған ғимарат босаған бойда арманына жетуге кіріседі. Аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгініп, мамандар кеңесімен қысқа мерзімдік кәсіп ашу курсынан өтеді. Бизнес-жоспар жасақтап, банктен 3 млн теңге несие алады. Оған қажетті бұйымдар алып, бала қабылдай бастайды.

"Ауданымызда балабақша жетіспеушілігінен, халықтың, балалардың көптігінен балабақша ашуды ойға алдым. Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, төмен пайызды несие алғанмын. Бұл жерде қазір 50 орындық балабақша, 23 адамды жұмыспен қамтып отырмын", - дейді ол.

Жеке кәсіпкер ашқан балабақшада Мұнайлы ауданына қарайтын бірнеше ауылдың тұрғындары жұмыс істейді. Төрт педагог-тәрбиеші кіші және орта топтарға бөлінген 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды тәрбиелейді. Жалпы, мұндағы дәрістің мемлекеттік балабақшадан айырмашылығы жоқ.

"Балаларды шахмат ойынынан жарыстарға дайындаймыз. Жақында №5 мектепте өткен сайыста 3-ші орын алдық. Осы жетістікпен шектелмейміз деген  ойдамын", - дейді жеке бөбекжай тәрбиешісі Толғанай Нұрғалиева.

Іскер әйел 2019 жылы банктегі қарызын жапқан соң, тағы 5 млн теңге несие рәсімдеуді жоспарлап отыр. Бұл қаражатын балабақша ғимаратын кеңейтуге жұмсап, 25 адамдық тағы бір топ ашуды жоспарлап қойған. Сәйкесінше, бірнеше ауыл тұрғынын тұрақты жұмысқа алмақ.

Мұнайлыда 10 жыл бұрын бар болғаны үш мектеп болған. Қазірде алпысқа жуық орта білім беру кешені бар. Биылғы оқу жылында Қызылтөбе мен Басқұдық ауылдарында екі мектеп ашу жоспарда тұр. Жыл сайын аудан бойынша жүздеген  оқушы білім алып шығады. Олардың арасынан дарынды ұландардың көптігі қуантады.

Мәселен, Қызылтөбе лицейінің оқушылары баламалы қуат көзін алудың жаңа әдістерін ойлап тапты. Бірі жерасты суының буы электр генераторын айналдыру арқылы тоқ беруге қауқарлы екенін дәлелдесе, тағы бірі теңіз толқынынан толассыз энергия алатын станция макетін жасап шығарды. Дарынды өрендер өз жобаларының жүзеге асуына Маңғыстау табиғатының қолайлы екенін алға тартып отыр.

"Гүлжазира Қалиева ұстазының сыныптан тыс жұмыстарды өткізуіне әрдайым көмектеседі. 15 жасар жеткіншек бұл жолы өз жобасын 7-ші сынып оқушыларына таныстырып тұр. Маңғыстау жер асты суларынан қоршаған ортаға залалсыз, таусылмайтын энергия алуға болады. Арзезиан суы шығатын жерлерге станциялар салынса, тұрғын үйлер мен ғимараттар тегін электр қуаты және жылумен қамтылар еді", - дейді ол.

Дарынды оқушы өзі ойлап тапқан жобасын "Жер асты ыстық суына 2500 және 3500 метр тереңдікке турбина жіберіледі. Турбина арқылы гейзерден ыстық су келіп, 60 метр биіктікке оқтын-оқтын көтеріп, бу қазанына жібереді. Бу қалақшалары іске қосылып, вал арқылы генераторды іске қосады. Генератор құрылысы екі өзекшеден тұрады. Ротор қозғалады, стартер қозғалмайды. Екеуі жанасқан кезде арасында электр энергиясы пайда болады. Бұл энергия трансформаторға беріледі", - деп таныстырады.

Қызылтөбе лицейі - Мұнайлы ауданындағы жетекші оқу орындарының бірі. Іргелі білім ордасы қалыптасқан он жылда 19 түлек оқуды алтын медальмен бітірді. Биыл 5 оқушы "Алтын белгіге" ие болып, тағы 7 адам үздік аттестат алып шықты. Оқуды озат аяқтаған түлектер кейінгі буынға үлгі.

Олардың ізін қуған Олжас Сәрсенғали Каспий толқынын қуат көзіне айналдыруға ниетті. Дарынды  оқушы қолға алған жоба республикалық білім сайыстарында екі мәрте үздік деп танылды.

"Ұзындығы шамамен 5 км жағажайдан 1 сағат ішінде бөлінетін электр энергия 10 млрд джоулді құрайды. Бұл, 500 үйді электрмен қамтуға жеткілікті. Қалтқы толқынның әсерімен жоғары және төмен қозғалғанда оның астындағы гидроцилиндр жұмысқа қосылғасын су қоймасы су жинақтай бастайды. Ол су өз қысымымен турбина қалақшаларын айналдырады. Вал генераторды іске қосып, стартер мен ротор жанасқан кезде электр энергиясын өндіреді. Менің ұсынысым, осы жұмысты Каспий теңізінде тұрғызу", - дейді дарынды жас.  

Айта кетейік, теңіз толқынынан қуат алатын станция Дания мемлекетінде қолданыста бар. Демек, мұндай кешенді Каспий жағасында салуға болады. Ал жер асты суын баламалы энергия көзіне айналдыруға жол ашқалы тұрған тың жоба әлі де талдауды қажет етеді.  

Қызылтөбе лицейінің физика пәнінің мұғалімі Қарлығаш Сүлейменованың айтуынша, су құрамында өте белсенді элементтер болғандықтан, металл тотығуға бейім келеді.

"Осыған жеткізбеу үшін қазір химиктермен бірлесе жұмыстанып жатырмыз. Болашақта осы туралы жоба қорғалатын болады", - дейді ұстаз.

Ақтаудың іргесіндегі ауданның медицина саласында да жетістіктер көп. Мәселен, Басқұдық ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған кешенді жергілікті кәсіпкер тарту еткен. 200 миллионға жуық қаржы жұмсалған орталықта 12 дәрігер, 20 мейірбике еңбек етеді. Мамандар бір мезгілде 150, ал жылына 10 мың адамды қабылдауға дайын. Бұрын ауыл тұрғындары невропотолог, гинеколог, құлақ-көз дәрігерлерін іздеп қалаға баратын. Енді білікті мамандарды ауданға шақыруға мүмкіндік бар. Ауданда бастапқы жылдары 15 дәрігер болған болса, медицина қызметкерлерінің қазіргі саны 900-ге жетті.     

"Ауданымызда медицина инфрақұрылымын дамыту шаралары қарқынды қолға алынған. Нәтижесінде, жаңадан 7 дәрігерлік амбулатория, бір ауысымда 250 адам қабылдайтын орталық емхана ашылды. Жедел-жәрдем бөлімшесі мен туберкулезге қарсы бөлімше халық игілігіне берілді", - дейді Мұнайлы ауданы бойынша денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі Айларбек Шыршықбаев.

Мұнайлы ауданына қызметке барған 20 жас дәрігер баспаналы болған. "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен осында жіберілген түлектер бірінші кезекте жатақханаға қабылданады. Көпшіліктен бөлек тұруды қалаған жанның жалға алған пәтер ақысы қызмет орнынан өтеледі. Жергілікті әкімдік әр маманға 3 млн 400 мың теңге береді. Бір реттік 138 мың теңге жәрдемақы тағы бар. Яғни, ерлі-зайыптылар үшін 7 млн-ға жуық қаражат үй алуға жеткілікті.

Ерлі-зайыпты Дәрмен мен Жадыра Мұнайлыға көршілес өңірлерден шақыртумен келген жас дәрігерлер. Отағасы аудандық емханада, жұбайы Басқұдық ауылындағы медициналық амбулаторияда еңбек етеді. Осы жылы Маңғыстау-4 елді мекенінен сатып алған үш бөлмелі шаңырағын үй иесі өз қолымен жөндеп жатыр. Жаңа жылға дейін қоныс тойын тойламақ. Жастарды баспана әрі жұмыспен қамтитын бағдарламамен олар оқу орнында танысқан.     

"Оқуды бітіргеннен кейін өзіміздің бас дәрігеріміз бізге келіп, Мұнайлы ауданында жұмыс бар екендігін, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша көмек берілетіндігі жөнінде айтып, бізге ұсыныс білдірді. Бұл үйді 8 млн теңгеге алдық. 7 млн теңгесі әкімшіліктен берілді, қалған бір миллионды өзіміз қосып осы үйді алдық. Қазір жөндеу жүріп жатыр, жақында қоныс тойын тойлаймыз", - дейді үй иесі.

Отағасы Дәрмен Базарбаев - Ақтөбе медицина университетінің түлегі. Мұнайлы ауданы емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері қызметін биыл үшінші жыл атқарып келеді. Тәулік бойы науқастарды қабылдап, ауру түрлерін бастапқы сатысында анықтап, ем жасауымен көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.

Жалпы табиғи өсім бойынша Мұнайлы ауданы облыста көш бастап тұр. Осы тұрғыдан ана мен бала денсаулығын сақтау жіті назарға алынған. Сәйкесінше, бұл бағыттағы дәрігерлерге әлі күнге сұраныс жоғары.

Мұнайлы ауданы емхана басшылығының айтуынша, халықтың көбеюіне орай ауданға дәрігер мамандар өте қажет. Елбасының қолдауымен үймен қамту мәселесі жолға қойылып, жас мамандарға баспана беріліп жатыр. Келешек Маңғыстау тұрғындары немесе басқа облыстардан дәрігерлердің барлық қажеттілігін өтеу күн тәртібінде тұр.

Былтыр өңірге 160-тан аса дәрігер шақыртумен келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 6 қазақстандық, 1 ресейлік жоғары оқу орнымен байланыс орнатып, жәрмеңке өткізу арқылы жас мамандарды жұмысқа қабылдап жатыр. Биыл аудандарға тұрақты қызметке бару үшін 7 акушер-гиноколог, 2 балалар хирургі мен 2 педиатор-дәрігерге жолдама берілген.   

Салауатты өмір салтын ұстану бағытында да жетістік көп. Былтыр Маңғыстау ауылында озық үлгідегі құралдармен қамтылған спорт алаңы ашылды. Бұл, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасымен жүзеге асқан алғашқы жоба. Құрылысына 26 млн теңге жұмсалған кешеннен тәулік бойы адам үзілмейді.

Ауыл балалары жасыл алаңда доп қуалап, баскетбол ойнаса, жастарға үлгі қариялар тренажерларда жаттығу жасайды. Алаңға іргелес "Тәуелсіздік"  саябағында көше фитнесіне арналған жабдықтар орнатылғалы бұл маң спортсүйер жеткіншектердің сүйікті орнына айналған. Аудан әкімдігі "Самұрық - Қазына Trust" қорымен бірлесе Мұнайлыға қарайтын жеті елді мекенде осындай спорт алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.

"Айтар алғысымыз шексіз, өте жақсы спорт алаңы салынған. Бес баламды ертіп, осы жерге күнде келемін. Бұл жердегі спорттық құралдар мен жұмсақ жабынды жазатайым жарақат алудан сақтайды екен. Соған қуаныштымыз", - дейді ауыл тұрғыны Анар Кісібаева.

Аудан халқы жалақыға қарап отырмай, өз алдына кәсіп ашып, табыс тауып жатыр. Тәуелсіздік жылдары мұнда жүздеген кәсіпкерлік кешендері салынды. Мұнайлы тарихында бұрын болмаған өндіріс орындары қолданысқа ене бастады. Олардың қатарында Маңғыстау ауылындағы ұн-жарма комбинаты бар. Бұл, Маңғыстау облысындағы астық сақтап, ұн шығаратын екінші өндіріс орны.  

Комбинаттың екі кезеңге бөлінген құрылысы өткен жылы аяқталды. Қостанайдан теміржолмен жеткізілетін бидай дайын қоймаларда сақталады. Комбинатты салған  кәсіпкер осы мақсатқа екінші деңгейлі банктен 420 млн теңге несие алған. Осы қаржысының 250 млн теңгесін шетелдік қондырғылар алуға жұмсап, қалғанын құрылысқа жаратқан. Комбинатта 100-ге жуық ауыл тұрғыны еңбек етеді.

"Ұн-жарма комбинатында тәулігіне 150 тоннадай ұн шығарлады. Оның ішінде 30 тоннадай кебек те бар, мал шаруашылығына қолдануға болады. Бидай келген кезде бір тәуліктің ішінде вагоннан түсірмей тұрып сапасын тексереміз. Егерде жіберген кездегі сапасымен сай болатын болса, біз өзіміздің қоймамызға бір тәуліктің ішінде түсіріп аламыз", - дейді жеке кәсіпорын иесі Жібек Бердібекова.

Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Аманкелді Аманжаевтың сөзіне сенсек, мұндай комбинат бұрын тек Бейнеу ауданында болған.

"Жұмысқа орналасушы біздің ауылдың жастары. Біз сол үшін қуаныштымыз. Нан деген тоқшылықтың белгісі - қазақ халқы үшін. Бұл, біз үшін зор мәртебе, зор қуаныш. Мұнайлының келешегі алда", - дейді еңбек ардагері.

Жеке кәсіпкер Медет Сарбасов осы ауданға қарайтын Қызылтөбе ауылында ауыз су шығаратын өндіріс орнын іске қосты. Кәсіпкерлікті қолдау қорынан алған 85 млн теңге несиеге зауыт салып, инновациялық қондырғыларды туған жеріне жеткізген. "Бизнестің Жол картасы 2020" бағдарламасымен ашылған кәсіпорын әзірге 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Көлемі 0,6-дан бастап 5 литрге дейінгі пластмаст бөтелкелерге құйылған ауыз судың бір данасы 70-90 теңгеден дүкендерде сатылып жатыр.

Айта кетейік, маңғыстаулықтар Каспий теңізінің суын тұщытып ішеді. Ақтаудағы атомөнеркәсібінен шығатын тіршілік нәрі орталықтандырылған су жүйелері арқылы елді мекендерге таралады. Ал құбыр суын минералдармен байытып, тұтынушыларға ұсынатын  өндіріс орны өңірде саусақпен санарлық. Ауылда салынған шағын кәсіпорынның басты артықшылығы да осы.

"Сырттан келетін суымыз төрт кезеңді сүзгілеуден өтеді. Грайвер, минералды құм, олардан кейін судың түсін келтіретін смола, "Экофор" дейтін минералды қоспа қосылады. Қанша дегенмен теңіз суы болған соң иісін, дәмін алады. Бір кезекте 10 тонна су шайылып, тазаланады", - дейді зауыт технологы Медет Сарбасов.

Сонымен, бұл зауытқа құбырмен келетін өлі су төрт кезеңді сүзгілеу қондырғыларынан өтіп, құрамына ағзаға пайдалы қоспалар қосылып барып бөтелкелерге құйылады екен. Мұндағы жұмыстың 90 пайызын автоматты құрылғылар атқарады. Заманауи технологияны жетік меңгерген ауыл жастары өнім сапасын бақылап, дайын тауарды қоймаға жинап алып тұр.

Ауылдағы зауыттың директоры Бауыржан Қибастың айтуынша, өндіріске пайдаланып жатқан материалдардың барлығы да елімізде шығарылған.  Бөтелкелер осы жерде үріп дайындалады.

"Жұмысшыларға келсек, барлығы осы ауданның балалары. Қазір бізде жасап жатқан 6 адам бар. Сәтін салса, биыл 25 жұмысшыға дейін жеткіземін деп алдыма  мақсат қойдым", - дейді кәсіпкер.

Өңірдегі мұнай-газ кенорындары елдімекендерден шалғай орналасқан. Осы себепті ауыл кәсіпкері 25 тонналық жүк көліктеріне ауыз су тиеп, жеткізіп беруді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, келер жылы жеміс шырындарын шығаруды қолға алмақ.

Ал келесі кәсіпкер аймаққа келген туристерге экзотикалық құстардың өнімдерін ұсынып жатыр Осы ауданда тұратын 23 жастағы Есен Боранбай өзінің құс фермасының жанынан этнокафе ашсам дейді. Шаруашылықта қазір 3 мыңнан астам қанаттылар бар. Арасында үндінің тауысы, қытайдың қырғауылы және африканың түйеқұсы да жүр.

Канадада білім алған Есен Боранбай туған жерге оралған бойы құс өсіруге кіріскен екен. Алдымен африканың 5 түйеқұсын алдырып, табиғаты бөлек Маңғыстауға жерсіндірген. Әлемдегі ең биік құстардың бірі жуырда жұмыртқа бере бастады.

Фермада тауыс, қырғауыл сияқты экзотикалық құстармен қатар қоянның оншақты түрі өсірілуде. Жас кәсіпкер аймақта кенжелеп қалған құс шаруашылығына да ден қойған. Қазір үш мыңнан астам үй құсынан тәулігіне 1,5 мың жұмыртқа алып, аймақтағы барлық сауда орталықтарына өткізуде. Келер айдан бастап түйетауық, қаз, үйрек пен бөдененің еті ішкі нарыққа шығарылады.

"Біздің өнімдерімізге сұраныс жоғары. Негізгі бәсекелестеріміздің дені ресейлік кәсіпорындар. Олар шығарған құс жұмыртқалары арзандау. Сонда да құс еті мен жұмыртқасы тез өтіп жатыр. Жергілікті халыққа отандық өнімнің сапасы ұнаса болса керек", - дейді жеке кәсіп иесі Есен Боранбай.

"Табыстың көзі еңбекте" екенін түсінген жас кәсіпкер биыл жылыжай өсіруді де қолға алған. 10 гектар жерге құлпынай, қияр, қызанақ егіп, алғашқы өнімін жинай бастады.

"Шаруашылықты дамыту үшін көгілдір отын мен су қажет", - дейді ол.

Қазір жергілікті билік жас фермерге қолдау көрсету мақсатында газ бен су құбырын тартып беру мәселесін қарастырып жатыр. Жалпы, ауданның ауылшаруашылығы секторындағы өнім көлемі орасан. 10 жылда 20 есеге өсіп, 1 млрд 400 млн теңгеге жетіп отыр.

Ақтауға теміржол арқылы кіретін жалғыз қақпа Маңғыстау ауылында орналасқан. Былтыр орталық теміржол вокзалының қауіпсіздігі күшейтілді. Ендігі жерде жолаушылар сканер құрылғысымен, ал жүктері рентгенмен тексеріледі.

Өлке тарихында тұңғыш рет қолға алынған қауіпсіздік шараcы сапарға шығушылардың уақытын алады. Сондықтан дыбыс күшейткіш құралдары арқылы жолаушылардың ерте келуі хабарланып тұрады.

Тәулігіне бір мыңнан астам адам қабылдайтын кешенде 20-ға жуық бейнебақылау камералары орнатылған. Ғимарат алдындағы жылу жүйелерін жерге көмуге өңір бюджетінен 65 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, көлік тұрағы қосымша 150 орынға кеңейді.

Маңғыстау теміржол вокзалы басшысының орынбасары Алма Айымқұлованың айтуынша, стратегиялық маңызды ғимарат алдына арнайы қызмет және мүгедек жүргізушілердің көліктері ғана тоқтай алады.

"Кіреберіс есікте шақыру түймесі орнатылған. Оны басу арқылы шақырылған вокзал кезекшісі мүмкіндігі шектеулі адамды арбаға отырғызып, вагонға жеткізеді", - дейді теміржолшы маман. 

"Бұрын мұндағы көлік тұрағы өте тар болатын. Сол себепті осы күнге дейін меймандарымызға, ауыл тұрғындарына көптеген қолайсыздықтар тудырып келді. Бұл мәселені шешу мақсатында облыс бюджеттен қаржы бөлініп, Маңғыстау вокзалы төңірегінде автотұрақты кеңейту жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, қосымша 3200 шаршы метрге кеңейіп, бұл мәселе түбегейлі шешілді", - дейді Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов.

Биыл Маңғыстау облысының Батыр ауылында күннен қуат алатын станция қолданысқа берілді. Кешен сағатына 2 млн киловатт энергия өндіруге қауқарлы. Жоба құны 1 млрд 210 млн теңге. Баламалы қуат көзі жалпы саны 50 мың адам тұратын үш елді мекенді электр тогымен қамти алады.

Аумағы 10 гектар жерде 8 мыңнан астам күн панелдерін орнату жергілікті мамандарға жүктелген. Отандық үлесі 90 пайызды құрайтын жоба қолданысқа берілгелі осы ауылдың 10 азаматы жұмысқа алынды.  

Ауа-райы ашық болса да, қысы-жазы жел соғып тұратын Маңғыстаудың  климаты "Жасыл энергетика" жобаларын іске асыруға аса қолайлы. Демек, Мұнайлы ауданы облыс тарихында баламалы энергия көздерін кең қолданысқа енгізген алғашқы елді мекен деп айтуға толық негіз бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: