Маңғыстаулық кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы-2020" қолдауын іс жүзінде көріп отыр

23 қазан, 2018, 13:02 1676 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық кәсіпкерлер

Жеке кәсіпкер Бауыржан Қибас Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылында ауыз су шығаратын өндіріс орнын іске қосты.

Шағын және орта бизнес өкілі кәсіпкерлікті қолдау қорынан алған 85 млн теңге несиеге зауыт салып, инновациялық қондырғыларды туған жеріне жеткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

"Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорын әзірге алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көлемі 0,6-дан бастап 5 литрге дейінгі пластмаст бөтелкелерге құйылған ауыз судың бір данасы 70-90 теңгеден жергілікті сауда орындарында сатылып жатыр.

Маңғыстау облысының тұрғындары Каспий теңізінің суын тұщытып ішеді. Ақтаудағы атомөнеркәсібінен шығатын тіршілік нәрі орталықтандырылған су жүйелері арқылы елді мекендерге таралады. Ал құбыр суын минералдармен байытып, тұтынушыларға ұсынатын өндіріс орны өңірде саусақпен санарлық. Қала іргесіндегі ауылда салынған шағын кәсіпорынның басты артықшылығы да осында.

"Құбыр арқылы сырттан келетін су төрт кезеңді сүзгілеуден өтеді. Грайвер, минералды құм, олардан кейін судың түсін келтіретін смола, "Экофор" дейтін минералды қоспалар ауыз судың иісін, дәмін алады. Енді қанша дегенмен теңіз суы болған соң, осындай жұмыстар жасалады. Тәулігіне цех қондырғылары 10 тонна суды жуып-шаюға қауқарлы", - дейді зауыт технологы Медет Сарбасов.

Зауытқа құбырмен келетін өлі су бірнеше кезеңді сүзгілеу қондырғыларынан өтіп, құрамына ағзаға пайдалы қоспалар қосылған соң барып бөтелкелерге құйылады. Мұндағы жұмыстың тоқсан пайызын автоматты құрылғылар атқарады. Заманауи технологияны жетік меңгерген ауыл жастары өнім сапасын бақылап, дайын тауарды қоймаға жинап алады.

Зауыт директоры Бауыржан Қибастың айтуынша, өндіріске қолданылып жатырған материалдардың барлығы да қазақстандық өндіріс орындарында шығарылған.

"Тіптеп пласмаст бөтелкелерді де осы жерде үріп дайындаймыз. Жұмысшыларға келсек, барлығы осы Мұнайлы ауданының тұрғындары. Қазіргі таңда алты адам еңбек етуде, келешек 25 адамға дейін дейін жеткіземіз деген жоспар бар", - дейді іскер жігіт. 

Мұнайлы өңірдегі мұнай-газ кенорындары елді мекендерден қашық қонған. Осы себепті ауыл кәсіпкері 25 тонналық жүк көліктеріне ауыз су тиеп, жеткізіп беруді көздеп отыр. Бұдан бөлек, келер жылы жеміс шырындарын шығаруды қолға алмақшы.

Айта кеткен жөн, Маңғыстау облысындағы бизнес-орта мемлекеттік бағдарлама қолдауына сүйеніп, облыс тарихында бұрын болмаған жобаларды батыл қолға алып, нәтижелі жүзеге асырып келеді. Осы жылдың өткен тоғыз айында жалпы құны 1 млрд 652 млн теңгеге бағаланған 65 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 33 жоба ауылдық жерлерде, қалғаны Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында жүзеге асуда.

Биылғы жыл басынан бері Ақтауда 14, ал Жаңаөзенде 18 жоба мақұлданды. Өңір кәсіпкерлері автокөлікпен жүк тасымалы қызметін ұсыну, сауда орындары мен әлеуметтік кешендер салу бойынша кәсібін жандандырып келеді. Мемлекеттік бағдарлама қолдауына өңдеуші өнеркәсіп ашып, тұрғын үй құрылысын қолға алған бизнес өкілдері де сүйеніп отыр. 

Жалпы кәсіпкерлікті, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында биылғы жылға республикалық бюджеттен 1 млрд 244 млн теңге бөлінген. Аймақ әкімінің қаулысымен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 822 млн теңге, сондай-ақ аграрлық несие корпорациясына 423 млнға жуық қаржы берілді.

Аталған соманың 534 млн-дай теңгесі игерілді. 144 адамға несие берілуінің нәтижесінде өңір бойынша 242 жаңа жұмыс орны құрылған. Қалған қаржыны жыл соңына дейін игерілу жоспарда бар.  

Сондай-ақ, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының арқасында Қызылорда өңірінде де кәсіпкерлік сала қарқынды даму үстінде. Мысалы, жеке кәсіпкер Айгүл Мұхабетжанова жеңіл тоқыма өндірісін ашып, онға тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Іскер әйел екінші деңгейлі банктен алған 25 млн теңге берешек қаржысын құрал-жабдықтар мен шикізатты шетелден алдыруға жұмсапты. 

"Кәсіпорын ашылған сәттен бері алты адам қызметке алғам, қазірде бірлесе жұмыс жасап келеміз. Шетелден арнайы шақыртылған мамандар жаңа үлгідегі құралдармен жұмыс жасауды үйретіп кетті. Цех ашқан кәсіпкер деп қол қусырып отырғаным жоқ, жұмысшылармен бірге қимылдап, жоғары сапалы шұлықтарды дайындаймын", - дейді ол.

Қызылорда қаласындағы цех тәулігіне 400 дана шұлық шығарады. Отандық тауардан бағасы халыққа қолжетімді, бір данасы 150 теңгеден басталады. Келешекте мұнда жұмысшы қолғаптары мен қаптар, сондай-ақ, әйелдер және жасөспірім қыздарға арналған капрон шұлықтар тоқылмақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: