Машина жасаудағы технологиялық шешімдерді қолдану арқылы еңбек өнімділігі артады – сарапшы - Жаңалықтар | BNews

Машина жасаудағы технологиялық шешімдерді қолдану арқылы еңбек өнімділігі артады – сарапшы

14 маусым, 14:32 3003 Астана
Машина жасаудағы технологиялық шешімдерді қолдану арқылы еңбек өнімділігі артады – сарапшы

Бекжан Садықовтың айтуынша, Қазақстанда электромобиль шығаруда қытайлық технология қолданылуы мүмкін.

Өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде екі ел бірлесіп Қазақстанда мұнай өңдеу зауытын салу, машина жасау саласын дамыту, күн электр станциясы панельдерін шығаратын кластерлер салу сияқты маңызды жобалар бар. Осы келісімшарттардың Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми маманы Бекжан Садықов айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазақстан-Қытай арасында 40-қа жуық коммерциялық құжаттың арасында машина жасау саласын дамыту да бар. Осы орайда, сарапшының айтуынша, елімізде машина жасау саласы тек 2017 жылы қайта жанданды.

"Машина жасау – Қазақстанда соңғы жылдары қиындыққа тап болған салалардың бірі. Тек 2017 жылы саладағы олқылықтар жойыла бастады. Қазақстан индустрияны дамыту институтының деректеріне сүйенсек, 2017 жылы машина жасаудың физикалық көлемінің индексі 105,6%, жекелеген машина жасау 139% болды", - деді сарапшы.

Маман Қытай Қазақстанның машина жасау саласына инвестиция құйса, еліміздің өнеркәсіп кешеніне оң әсер ететінін атап өтті.

"Қытай Қазақстанның машина жасау саласына инвестиция құйса, агроөнеркәсіп кешеніне оң ықпалын тигізеді, басқа да маңызды салаларда – металлургия және энергетикада тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сондықтан екі ел арасында жасалған келісімдер ауыл шаруашылығы және тау-металлургиялық техниканы жаңартып, қайтадан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, машина жасаудағы технологиялық шешемдерді қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттырады", - деді Садықов.

Сарапшының айтуынша, Қытай тарапымен жасалған машина жасау саласын дамытуға келісім жеңіл көлік бағасын арзандатуға да ықпал етеді.

"Тағы да бір оңтайлы тұсы – жеңіл автокөлік нарығына жаңа серпін береді. "Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібін дамыту" жобасының жол картасын іске асыру қазақстандық кәсіпорындарда қосалқы және жиынтық бөлшектерді шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жеңіл автокөлік бағасын арзандатады", - деді ол.

Мұнымен қоса, маман қазақстандық кәсіпорындар қытайлық электромобиль шығару технологиясын қолдануы әбден ықтимал дегенді жеткізді.

"Соңғы бірнеше жыл бойы қытайлық авто өнеркәсіп нарығында айтарлықтай өзгерістер болды – олар электромобиль өндірісіне ауысты. Электромобиль шығарудағы қытайлық технологиялар болашақта қазақстандық кәсіпорындарда қолданылуы әбден мүмкін", - деп түйіндеді сөзін Садықов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: