Мәскеу халқы Шекспирдің "Отеллосын" қазақ тілінде тамашалады

04 желтоқсан, 2018, 10:55 1601
Мәскеу халқы Шекспирдің

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының ұжымы Армен Джигарханян театрында өнер көрсетті.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының ұжымы Армен Джигарханян театрында өнер көрсетіп, Мәскеу халқы Шекспирдің "Отелло" шығармасын қазақ тілінде тамашалады, деп хабарлайды BNews.kz Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астаналық театр Ресейге "Золотой Витязь" халықаралық театр форумының аясында арнайы шақыртумен барды. "Отелло" пьесасының еліміздегі премьерасы осы жылдың мамыр айында өткен.

Әсерлі қойылымда басты рөлдерді Қуандық Қыстықбаев, Ақмарал Танабаева, Нұркен Өтеуілов және Тілектес Мейрамов сынды тәжірибелі актерлер асқан шеберлікпен орындап шықты.

"Золотой Витязь" фестивалі 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының директоры Айболат Сексенбаев фестиваль туралы пікірімен бөлісті.

"Бұл – біздің театрымызға үлкен серпін беретін фестиваль. Себебі, бұл жерде барлық елдерден келетін сыншылар, сарапшылардың ой-пікірі біз үшін маңызды", - деді Айболат Сексенбаев.

"Золотой Витязь" халықаралық өнер форумының бағдарламалар директоры Наталья Полукарова Қалибек Қуанышбаев театры бұл байқауға бұған дейін де қатысып, "Тыраулап ұшқан тырналар" шығармасы үшін фестивальдің бас сыйлығын алғанын айтты.

"Бұл фестивальге қазақ театрының қатысып жатқаны бізді қуантады. Қазақ достарымыз "Отелло" деп аталатын өте қызық спектакльді әкеліп отыр. Жалпы, Қалибек Қуанышбаев театры "Золотой Витязь" байқауына екінші рет қатысып жатыр. Өткен жолы "Тыраулап ұшқан тырналар" шығармасы үшін қазақ театры фестивальдің бас сыйлығын алған болатын", - деп атап өтті Наталья Полукарова.

Бұған дейін Мәскеу қаласында өтетін XVI Халықаралық "Золотой витязь" Театр форумына Астана қаласы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Уильям Шекспирдің "Отелло" трагедиясымен қатысатыны туралы хабарлаған болатынбыз. 

XVI Халықаралық "Золотой витязь" Театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия мемлекетінен театр ұжымдары қатысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар