Мәжіліс денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

07 қараша, 2018, 16:15 3813 Астана
Мәжіліс денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

Палата Спикері аталған құжат азаматтарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды ғана емес, ақылы медициналық қызметтерге мемлекеттік шығындарды қысқартуды көздейтініне тоқталды.

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заңнамалық құжаттар мақұлданды, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар қарауына ұсынылған денсаулық сақтау туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Нұрлан Нығматулин денсаулық сақтау туралы заң жобасы Мемлекет Басшысының кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу туралы тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті. Палата Спикері аталған құжат азаматтарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды ғана емес, ақылы медициналық қызметтерге мемлекеттік шығындарды қысқартуды көздейтініне тоқталды.

Бұл заң жобасы медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, донор және трансплантациялау институтын дамыту, медициналық білім беру жүйесін жетілдіру және медицина кадрларын даярлау сапасын арттыруға арналған. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу қарастырылған.

Атап айтқанда, донорларды ақылы негізде тартып, заң жобасында науқасқа берілетін дәрілік заттарға қосымша ақы төлеу тетіктері енгізілген. Мәжіліс Төрағасы осы нормалардың қажеттігі туралы келісе отырып, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар қаупін болдырмау үшін төлеудің айқын тәртібін реттейтін барлық ережелерге нақты және түсінікті түзетулер енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бекітілген ережелер туралы ақпарат медициналық мекемелерде, интернет-ресурстарда орналастырылып, жұртшылық үшін қолжетімді болуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы, айтылғандар пікірлерді екінші оқылымға дейін ескеруді ұсынды.

Сонымен қатар, жалпы отырыста "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заң жобасы және оған ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеуі барысында "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағын республикалық маңызы бар Алматы қаласының жергілікті атқарушы органының басқаруына беру жөніндегі нақтылаушы нормаларды енгізуді, астананың жергілікті атқарушы органының "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын басқару бөлігіндегі құзыретін алып тастау жөніндегі нормаларды нақтылауды, "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу ерекшеліктерін осы орталықтың арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алуына байланысты заңнамалық деңгейде бекітуді, уәкілетті органның Үкіметке арнайы экономикалық аймақты құру, оның жұмыс істеу мерзімін ұзарту немесе тарату туралы ұсыныстар енгізу жөніндегі құзыретін кеңейту сияқты және басқа да түзетулер енгізді.

Отырыс барысында Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметтері арасындағы ҚХР-дың жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы және Қазақстан мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Г. Бижанова, Д. Нұрманбетова, М. Теміржанов, Т. Яковлева, Б.Жылқышиев, М.Қазбекова, Е. Барлыбаев, А.Перуашев, И. Смирнова, В. Косарев, Ш. Хахазов, Р. Ким.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар