Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді

26 қазан, 2018, 17:04 3142 Маңғыстау облысы
Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді

Мәжілісмендер еңбек ұжымымен кездесуде Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді түсіндірді.

Маңғыстау өңірінде Парламент Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен жүр. Халық қалаулылары Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы өндірістік базада болды.

Маңғыстау облысында ҚР Мәжіліс депутаты, "Нұр Отан" партиясының фракция мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов және Ахмет Мурадов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Депутаттар облыстағы алғашқы кездесуін Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы "Шлюмберже" мега базасынан бастады. "Шлюмберже" компаниясының еңбек ұжымымен кездесуге облыс әкімі Ералы Тоғжанов, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Н. Тумышев қатысты.

Мәжілісмендер еңбек ұжымымен кездесуде Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді түсіндірді. Қолжетімді баспана алу, еңбек өнімділігі мен тауар экспортын арттыруға қатысты сауалдарға жауап берді.

"Елбасы өзінің Жолдауында келесі 2019 жылды  - жастар жылы деп атап өтуді ұйғарды. Мына компанияда жұмыс жасайтын 250-ден астам қызметкерлердің ішінде 60 пайыздан астамы жастар екен. Олар және жоғары санаттағы мамандар екен. Бұл, өте қуанарлық жағдай. Сондай-ақ, Президенттің жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және мұнай-газ секторының тиімділігін арттыру үшін цифрландыру туралы тапсырмаларының толыққанды орындалғанын куә болып тұрмыз" - деді көпшілік алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Аталған өндірістік база инвестор қаржысына салынған. Шығаратын құрал-жабдығы Қазақстанда және шет мемлекеттерде мұнай өндіру саласында қолданылады. Биыл жаңа цех ашылуымен жылына 1 мың дана сорғы қондырғы бөлшектері дайындала бастады. Өндірістік база қызметі толық автоматтандырылған.

Мәжілісмендермен кездесуде жас мамандардың қойған сауалдардың дені әлеуметтік қамсыздандыру саласын қамтыды. Атап айтсақ, зейнетақы, жалақыны көтеру, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қолжетімділігін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарларға көпшіліктің қызығушылығы жоғары болды.

Мәжілісмен Абай Тасболатов айтуынша, Мұнайлы ауданындағы өндірістік база  мұнай-газ өндіру саласы бойынша сандық жүйеге көшуді жолға қойып, қарқынды дамуға бет бұрғаны өзгелерге үлгі етуге тұрады.

"Мұнда 300-ден аса адам қызмет атқарады екен. Олардың әлеуметтік жағдайы жақсы екендігімен таныстық, көңіліміз толды. Себебі біз үшін ең басты мәселе қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсарту" - деді халық қалаулысы.

"Шлюмберже" - әлемнің 80-ге жуық елдерінде істейтін, 100 мыңға жуық жұмыскерлері бар дүниежүзілік ірі мұнай саласындағы қызмет көрсету корпорациясы.

Компания сейсмикалық ақпарат пен формацияның дамуы процесі, ұңғы тесті мен тура бұрғылау, ұңғы цементтеу мен қоздыру, жасанды көтеру, ұңғыны аяқтау және консалтинг, бағдарламалар мен ақпаратты басқару сияқты кең ауқымды өнімдер мен қызметтер ұсынады.

Қазіргі күні аталған компанияның Маңғыстаудағы базасында 300-ге жуық адам еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі шетелде кәсіби білім алған жергілікті мамандар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: