Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысының әлеуметтік нысандарын аралады

23 тамыз, 2018, 10:20 1400 Жамбыл облысы
Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысының әлеуметтік нысандарын аралады

Депутаттар "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Мәжіліс депутаттары, "Нұр Отан" партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Зәуреш Аманжолова, Бақытгүл Хаменова және Нұрлан Дулатбеков Жамбыл облысына келіп, аймақтағы әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, өңір тынысымен танысты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Депутаттар Елбасы бастамаларының орындалу барысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, шағын несиелеу, сондай-ақ мектептердің оқу жылына дайындығы барысынан хабардар болды. Депутаттар алдымен Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округіндегі "Даму" кәсіпорнын аралап көрді. Еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған құс фабрикасы халыққа таза әрі сапалы өнім ұсынып отыр.

Сонымен қатар, олар "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова "7-20-25" бағдарламасына кеңінен тоқталып өтті.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылған "7-20-25" бағдарламасы әр отбасына зор мүмкіндік береді. Баспаналы болу үшін алғашқы жарнаның көлемі де 20 пайызға дейін төмендетілген. Бұл тұрғындар үшін үлкен жеңілдік. Жергілікті әкімдікке, жауапты мемлекеттік органдарға осы бағдарламаның артықшылықтары жайлы халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру қажет", - деді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.

Халық қалаулылары аудандық "Рухани жаңғыру" жобалық офисінің жұмысымен және аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқу жылына дайындығымен танысты. Сонымен қатар, депутаттар Орталық емхананың қызметкерлерімен кездесіп, науқастармен тілдесіп, өздерінің жұмыс сапары аясындағы мақсат-міндеттерін түсіндірді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: