Мәжіліс депутаттары Жетісу өңіріне барды

24 қазан, 2018, 16:21 1878 Алматы облысы
Мәжіліс депутаттары Жетісу өңіріне барды

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына арналған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру.

Бүгін Мәжіліс депутаттары Серік Үмбетов, Бақытжан Ертаев, Зағипа Балиева, Нұрлан Дулатбеков, Жексенбай Дүйсебаев Алматы облысындағы сапарлары барысында Талғар ауданындағы Кеңдала ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына арналған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру.

"Биылғы Жолдау осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелер нақты шешімін табатын болады. Яғни, әр отбасының, әрбір адамның жағдайын, тіршілік ортасын жақсартуға арналған. Елбасының дәстүрлі Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеру сияқты күнделікті өмірдегі мәселелерге ерекше мән беріліп отыр", - деді депутат Нұрлан Дулатбеков.

Кездесуде Талғар қаласындағы №1 орта мектеп директоры Замзагуль Мушрапилова ұстаздар қауымының беделін көтеруге қатысты пікір білдірсе, ауыл жастары да "Жастар жылына" байланысты келер жылға жоспарланған шаралар туралы айтты.

"Елбасы Жолдауының әр тармағы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеріп, табысы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған. Біз бұл жұмысты бірлесіп жасауымыз керек. Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру, жастарға демеу көрсетіп, болашағына дұрыс бағыт-бағдар берсек қана, егемен еліміздің тұғыры бекем, тіршілігі бейбіт болмақ. Елбасы ұсынған "Ауыл – ел бесігі" жобасы Кеңдала ауылының тұрғындарының көңілінен шықты. Біз жоба аясында келер жылға қойған мақсат міндеттеріміз көп, азаматтарымыздың қолдауы да бар", - деді Кеңдала ауылының әкімі Алмас Өмірзақов.

Ауыл тұрғындары бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар