Мәжілісте Экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заң жобасы таныстырылды - Жаңалықтар | BNews

Мәжілісте Экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заң жобасы таныстырылды

29 желтоқсан, 10:39 1913 Астана
Мәжілісте Экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заң жобасы таныстырылды

ҚР Парламент Мәжілісінде «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекованың жетекшілігімен өткен Заң жобасын ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров таныстырды.

Инвестиция тарту бойынша жетекші орынды сақтау туралы Елбасының халыққа жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында, қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі мен Инвестициялар және даму министрлігі жұмысты бірнеше бағытта айқындады.

Елбасының жүргізіп жатқан саясатының арқасында, 2005 жылдан бастап Қазақстанның экономикасына 253 млрд. доллардан астам шетелдік инвестиция тартылғанына тоқталған вице-министр Индустриалды аймаққа заңнамалық базаның жоқтығын, осыған байланысты Заң жобасы аясында Индустриалдық аймақтарды реттеу қарастырылғанын айтты. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша бүгінгі күнде Қазақстанда АЭА ерекше құқықтық режимі кедендік жеңілдіктерді көздеп ғана қоймай, оның қатысушыларына салықтар бойынша түрлі жеңілдіктер береді, АЭА аумағындағы жер учаскелеріне қолжетімділіктің оңайлатылған тәртібін ұсынады.

Бұдан басқа, Индустриялық аймақтар қызметін заңнамалық реттеудің жеткілікті болмауы олардың дамуы үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін күрделі тосқауыл болып табылады.Тұтастай алғанда, заң жобасында «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұл заңның қабылдануына орай оның күші жойылатын болады) қолданылу мерзімінің ішінде ойдағыдай іске асырылған қолданыстағы АЭА қызметін құқықтық реттеу тетіктерін сақтау және төменде санамаланған бірқатар жаңашылдық көзделеді.

Біріншіден, АЭА құру туралы шешімдер қабылдау деңгейін өзгерту. Екіншіден, рұқсат етілген қызмет түрлерін айқындау тәртібін қайта қарау. Үшіншіден, қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің АЭА құру туралы қаулысында көзделген қызмет түрлеріне жатпайтын субъектілердің қатысуы. Сонымен қатар, Заң жобасында салық заңнамасына сілтеме жасайтын салықтық реттеудің бұрынғы тәсілдері сақталады. Бұл ретте салық заңнамасына жаңалықтардың тұжырымдамалық ережелері ілеспе заң жобасының («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы) тұжырымдамасында көрсетілген. Заң жобасында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ жанындағы Бірыңғай үйлестіру орталығының инфрақұрылым құруды жоспарлауды қамтамасыз ету, АЭА аумағында жобалардың іске асырылуын бағалау және мониторингтеу, басқарушы компаниялардың білікті персоналын даярлау және қайта даярлау, тізілімді жүргізу және АЭА қатысушысының куәлігін беру бөлігіндегі өкілеттіктерін де кеңейту көзделген.

Жер мәселелері бойынша негізгі және ілеспе заң жобаларында қатысушылар үшін рәсімдердің одан әрі қысқа мерзімдері мен ең аз көлемі бар АЭА-ға арналған жер учаскелерін алу тәртібін жеңілдетуге бағытталған түзету көзделген (Жер кодексіне қажет етілетін өзгерістер тиісті заң жобасының тұжырымдамасы шеңберінде толық сипатталған).

Жалпы, заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 Кодексіне және 7 заңына түзетулер көзделген. Олар Жер, Салық және Кәсіпкерлік кодекстер мен «Сақтандыру қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Республикасының Заңдары.

Отырыс барысында депутаттардың сұрақтарына жауап бергеннен кейін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев жетекшілік ететін Жұмыс тобында одан әрі талқылау жалғасатын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар