Мәжіліс сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты заң жобасын жұмысқа алды 

28 қараша, 2018, 19:47 1623 Астана
Мәжіліс сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты заң жобасын жұмысқа алды 

Аталған конституциялық заң жобасына Мемлекет басшысы бастамашы болды.

Мәжіліс Елбасы бастамашы болған сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты конституциялық заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Мәжілісте Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Мәжіліс Елбасының бастамасы бойынша әзірлеген "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Бұл Заң жобалары сот жүйесін жаңғыртуға бағытталады.

Сонымен қатар, Палата "Табиғи монополиялар туралы" заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жетілдіруге, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында олардың қызметін реттеудің ынталандырушы әдістерін кезең-кезеңімен енгізуге және әкімшілік кедергілерді қысқартуға, сондай-ақ, субъектілер мен уәкілетті орган қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталды.

Осы заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар табиғи монополиялар салаларын тарифтік реттеу әдістерін нақтылау, табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекітуден бас тарту негіздері мен мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін нақтылау және тариф белгілеу тетігінің және олардың инвестициялық міндеттемелерді орындау мониторингінің ашықтығын арттыруды қамтамасыз ету және басқа да бірқатар түзетулер енгізді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Мемлекет басшысының жақында отандық энергетикалық компанияларға жасаған сын-ескертпесі отандық табиғи монополистердің негізгі активтерді жаңғыртуға кірістерді бағыттай отырып, жұмыс істеуге дайын еместігін көрсетті.

Осыған байланысты, Мәжіліс төрағасы табиғи монополиялар субьектілері өздерінің кірістері мен шығыстары туралы есеп беруге байланысты Экономика министрілігін қолдауды, ал құзыретті органның олардың шығындарының көлемі мен түрлерін шектеуге құқығы болуы туралы ұсынды.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. Ол "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы № 8156-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Шығыс – Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы – Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы" заң жобасы.

Қарыз туралы келісімге енгізілетін түзетулер "Орталық – Оңтүстік" дәлізінің "Балқаш – Бурылбайтал" қосымша учаскесін (297 км) қосуды көздейді.

"Балқаш – Бурылбайтал" учаскесін реконструкциялау "Орталық – Оңтүстік" дәлізінің өткізу қабілетін арттыруға және елдің көлік жүйесінің озық инфрақұрылымын құруға бағытталған. Автомобиль жолының осы учаскесін реконструкциялау "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген.

Отырыста "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы да мақұлданды.

Келісімнің мақсаты – ортақ тұқым нарығын дамыту, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ өзара саудадағы кедергілерді жою болып табылады.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста бірқатар заңнамалық құжаттар екінші оқылымда мақұлданды. Олар мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы және халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары.

Палата отырысында Мәжіліс "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы" және Қазақстан мен Беларусь Үкіметтері арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алып, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Сенат енгізген толықтырулармен келісті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар