Мәжілісмендер аймақтарда жас ұрпақтың әлеуетін дамыту мәселесін талқылады - Жаңалықтар | BNews

Мәжілісмендер аймақтарда жас ұрпақтың әлеуетін дамыту мәселесін талқылады

Мәжілісмендер аймақтарда жас ұрпақтың әлеуетін дамыту мәселесін талқылады

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман мен депутат Сергей Звольский Петропавда Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен танысты.

Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі сапарлары жалғасуда. Халық қалаулылары Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отырыстарда жас ұрпақты қолдауға ерекше көңіл бөлді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Мәжілістегі "Нұр Отан" партиясы депутаттық фракция мүшелері Тарас Хитуов, Кәрібай Мұсырман, Асылбек Смағұлов және Сәкен Өтебаев Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы "Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне" барды. Кездесуге ауыл ақсақалдары, балалар, мектеп ұжымы мен қызметкерлері қатысты.

Қазіргі уақытта мектепте 9-15 жас аралығындағы 750 бала 42 спорт тобында жаттығады. Оларға 26 жаттықтырушы сабақ береді. Кездесу барысында мектептің 2015 жылы салынғанын және бүгінгі таңда жыл сайын спорт секцияларына түсетін балалар санының артуына байланысты оның аумағы таршылық ететіні, қосымша ашық және жабық спорт алаңдары қажет екенділігі айтылды.

Осыған орай, Мәжіліс депутаттары аталған мәселенің шешілуін өз бақылауларына алатынын жеткізді.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман мен депутат Сергей Звольский Петропавда Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен танысты.

Жаңа Оқушылар сарайы 1800 балаға есептелген. Оның салыну мерзімі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Нысанның басты мақсаты – балалардың жобалау-зерттеу қызметін және ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту болып табылады. Оқушылар сарайының базасында IT-орталығы жұмыс істейтін болады.

Бұдан басқа, сарай базасында инновациялық коворкинг-аймағы болады. Онда сөйлесу бөлмелері, смарт офистер, компьютерлендірілген аймақтар қамтылады. Сарайда көркемдік-эстетикалық бағыттағы шығармашылық аймағы да қарастырылған. Онда балалар хореография, театр және вокалдық дағдыларды үйренеді.

"Оқушылар сарайы мен жоғары технологиялық базасы бар бірегей IT-орталығы балалар мен жастардың интеллектуалды дамуының ошағы болып табылады. Мұнда ғылыми және шығармашылық қызмет үшін ең жақсы жағдайлар жасалады. Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Жолдауында айтқан болатын", - деді Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман.

Сондай-ақ, депутат бүгінгі таңда "Нұр Отан" партиясының жастарға бағытталған жаңа жобалары бар екеніне, ол еліміздегі көптеген талантты жастардың өз әлеуетін жан-жақты іске асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: