Мәжілісте валюталық реттеу және бақылау туралы заң жобасы таныстырылды - Жаңалықтар | BNews

Мәжілісте валюталық реттеу және бақылау туралы заң жобасы таныстырылды

06 ақпан, 10:32 359 Астана
Мәжілісте валюталық реттеу және бақылау туралы заң жобасы таныстырылды

Заң жобасының негізгі міндеті Қазақстан аумағындағы шетел валютасын есеп айырысуларда пайдалануды қысқарту болып табылады.

Отырыс Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті шеңберінде ұйымдастырылып, осы комитеттің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілік етуімен өтті, деп хабарлайды BNews.kz parlam.kz-ке сілтеме жасап.

Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары О. Смоляков жаңа заң жобасының негізгі мақсаты мен міндетіне, жобадағы негізгі өзгерістерге тоқталды.

Жаңа заң жобасының мақсаты - Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі және "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру жағдайында валюталық заңнамаға жоспарлы түрде өзгерістер енгізу.

Заң жобасының негізгі міндеті - валюталық операциялардың статистикалық мониторингінің қамтылуын кеңейту және Қазақстан аумағындағы шетел валютасын есеп айырысуларда пайдалануды қысқарту болып табылады.

Аталған нормаларды іске асыру валюталық операциялар туралы ақпараттың қамтылуын кеңейтуге, валюталық бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобасында ырықтандырылған валюталық режим қағидаттарын сақтау көзделген.

Жалпы заң жобасы біріншіден, валюталық операцияларды статистикалық мониторингпен қамтуды, екіншіден, биржалық валюта нарығындағы операцияларға бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қолжетімділігін кеңейтуді, үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, республика аумағында валюталық құндылықтардың айналыста болу мәселелерін және резиденттер арасында рұқсат етілген валюталық операциялар тізбесін нақтылау сияқты міндеттерді шешуге бағытталған.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк, қаржыгерлер қауымдастығы және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары