Media-2020 конференциясы тиімді коммуникация жолдарын ашты – "Радио Румыния" президенті

12 шілде, 2018, 11:54 1786 Астана
 Media-2020 конференциясы тиімді коммуникация жолдарын ашты –

Георге Севериннің пікірінше, "Media-2020" шарасы диалог құрып, еркін ой-пікір білдіре алатын пайдалы алаң.

Елордада Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында Media-2020 конференциясы өтіп жатыр. Бұл конференция "Азия медиа диалогы" атты Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағының шарасы шеңберінде өткізіліп отыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Media-2020" конференциясы Азия-Тынық мұхиты өңірі арқылы хабар таратушылар үшін жаңа тиімді коммуникация жолдарын ашты. Біздер болашаққа бағдар жасау үшін барлығымызды біріктіретін мүмкіндіктер, әлеуетті арттыру конференцияның негізгі жетістіктерінің бірі болып табылады. Барлығымыз да саяси өзгерістерге бірдей бейімделе білу керекпіз. "Media-2020" шарасы диалог құрып, еркін ой-пікір білдіре алатын пайдалы алаң. Мұнда Еуропа, Азия және Австралиядан келген сарапшылар бар. Румыния Радиосы үшін аталған конференцияның маңыздылығы жоғары", - деді "Радио Румыния" президенті Георге Северин.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова медиа саласындағы проблемаларды шешу үшін әріптестікке ұмтылу керектігін атап өтті.

"Бүгін біз "Азия медиа диалогы" атты ірі шараны аяқтаймыз және оны үлкен нәтижелермен аяқтап отырмыз деп сенемін. Осы өткен төрт күн ішінде табысты конференциялар, семинарлар мен келіссөздер жүргізілді. Бүгінгі күні біздің барлығымызды медиа саласындағы проблемаларды шешу үшін әріптестікке ұмтылу біріктіріп отыр. Бұл істе Азия медиа диалогы өз миссиясын сәтті орындады деп білемін", - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова.

Сондай-ақ, "Media-2020" конференциясы аясында "COPEAM" компаниясының Бас хатшысы Клаудио Каппон "Spirit of Tengri" халықаралық жобасымен әріптестік орнату өте қызықты болатынын мәлімдеді. 

"Біз диалог туралы сөз айтқан кезде Жерорта теңізін мысал етуге болады. Себебі, Жерорта теңізі әртүрлі мәдениеттердің бесігі болып табылады. Бұл жағдай кейде әлсіз тұс ретінде де қарастырылады. Себебі, жаңа мыңжылдықта өркениеттің дамығанына қарамастан, біздер кейде дауласамыз, кейде тату боламыз, бірақ, әруақытта өзара қарым-қатынастамыз. Біз алуан түрлі көп мәдениетті орта құра алдық. Сондықтан, бұл алуан түрлілікті қалай байлық пен жетістікке айналдыруға болатыны жөнінде үлгі бола аламыз", - деді Клаудио Каппон.

Клаудио Каппон СОРЕАМ қауымдастығының жұмысына тоқталып, жақын уақытта Алжирде жұмыс жүргізетінін атап өтті. Алжирлік 12 журналист компания аясында өткізілетін тренингтер мен семинарларға қатысып, өз біліктіліктерін арттыратын болады.

"Телевидениеге қатысты жұмыстарға тоқталатын болсақ, Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағымен бірлесіп, арнайы сұхбаттар ұйымдастырамыз. Сұхбат тақырыбы ортақ өзекті мәселелерге арналады. Сонымен қатар, саяхат пен мәдениет, спорт жайлы бағдарламалар әзірлейміз. Сондай-ақ, біздің жетекшілігіміздегі 3 апталық радиожурнал бар. Біз фольклорды танымал музыкаға айналдыруға тырыспаймыз. Бірақ, заманауи музыкадағы ұқсастықтарды табуға күш саламыз", - деген ол "Spirit of Tengri" халықаралық жобасымен әріптестік орнатуға қызығушылық танытты.

Еске сала кетсек, Астанада "Media-2020" конференциясы өтуде. Конференция шілденің 10-12 аралығында елордада алғаш рет Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағымен (ABU) бірлесіп ұйымдастырылған ауқымды шаралар аясында жүзеге асырылуда. Айта кету керек, Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы коммерциялық емес ірі кәсіби қауымдастық және ол 69 елдегі 292 хабар тарату ұйымының басын біріктіріп отыр. Оның әлеуетті аудиториясы шамамен 3 млрд адамды құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: