Астанада кәсіби медиаторлар ақысыз кеңес берді

03 тамыз, 2018, 12:17 3429 Ақмола облысы
Астанада кәсіби медиаторлар ақысыз кеңес берді

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен республика бойынша осындай іс-шаралар өтіп жатыр.

Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Бірыңғай медиация күнін өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аталған акция шеңберінде қаладағы достық үйінде "Ашық есік күні" ұйымдастырылды. "Ашық есік күніне" Қоғамдық келісім мен Аналар кеңесі, қала тұрғындары, сондай-ақ кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты. Медативтік қызмет көрсету бойынша медиация кабинетінде тұрғындарды қабылдады.

Акция Мемлекет басшысының "Бес әлеуметтік бастама" атты Үндеуін, қоғамымыздың әлеуметтік және рухани тұрақтылығын қамтамасыз етуге және заңда нақтыланған медиацияның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге, дау-дамай мен жанжалдарды тиімді шешуге бағытталған.

"2011 жылдың 5 тамызы күні Медиация туралы заң қабылданған. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Республика бойынша осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Оған Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Қоғамдық келісім де атсалысып отыр. Басты міндет - халыққа медиация қызметін түсіндіру. Медиация деген ұғым бізге жат емес, ол ата-бабамыздан келе жатқан бітімгершілік", - деді Астана қаласы әкімдігінің жанындағы "Қоғамдық келісім" КММ директоры Нұр-Ахмет Досмұхамет.

Оның айтуынша, қазір қаламызда медиацияның екі түрі қолдануда. Оның бірі стационарлық медиация. Оған адамдар кез келген уақытта келіп, өзіне керекті ақпаратты тегін ала алады. Екінші түрі, ол көшпелі медиация. Қаладағы ең ірі деген мекемелерге барып өткізу. 

Астананың бірнеше аудандарының әкімдіктерінде кәсіби медиаторлардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы қалалық қоғамдық медиаторларының, Ардагерлер кеңесі мүшелерінің, ПИК төрағаларының, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандарының және осы аудандарға қарасты тұрғындардың қатысуымен шарпалар өткізілуде.

"Медиатор екіге бөлінеді. Кәсіби және кәсіби емес. Астана қаласы бойынша 11 кәсіби емес медиатор тіркелген. Кәсіби медиаторға келетін болсақ, қалада кәсіби медиаторларды оқытатын оннан астам қоғамдық ұйым бар, оларда жүзден астам адам кәсіби медиатор сертификатын алу үшін оқып жатыр", - деді Президент жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші сарапшысы Талшын Италиева.

Оның айтуынша, егер сіз кәсіби емес немесе кәсіби медиатор болғыңыз келсе мынадай талаптарға сай келуіңіз керек. Кәсіби емес медиатор болу үшін, бірінші – жасы қырықтан асқан болуы, екінші – жоғары білімі, үшінші сотталмағаны туралы анықтама және медициналық анықтама болуы тиіс. Осы құжаттарды жинаған соң жергілікті әкімдікке барып кәсіби емес медиатор болуға өтініш жазуы тиіс.

Кәсіби медиатор болу үшін, бірінші – жасы 25-тен асқан болуы, екінші – жоғары білімі, үшінші – сотталмағаны туралы анықтама және медициналық анықтамасы болуы тиіс және кәсіби медиатор болуға лайық деген сертификат болуы қажет.

Бүгін Елорданың 4 ауданы бітімгерлік рәсімдерін үйлестірушілерімен бірлесе отырып, "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдауы медиаторлармен бірлесіп, азаматтарға қабылдау жүргізуде және "Артем" сауда үйінде "Құқық" қоғамдық қорының заңгерлері және кәсіби медиаторлар ақысыз қызмет көрсету негізінде медиацияны қолдану және медиативтік қызмет көрсету бойынша заңға сәйкес кеңес беріп, ақпарат ұсынады.

Сондай-ақ, облыстық ассамблеяда Республикалық бірыңғай медиация күні қарсаңында "Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік салаларындағы медиация институтының рөлі" тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.

2018 жылғы 27 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" ҚР-ның Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қол қойып, соның арқасында Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік салаларында медиацияны дамыту ісіне жәрдемдесу механизміне айналды.

Семинар жұмысына Ақмола облыстық сотының төрағасы Әміров Досжан, "Нұр Отан" партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Біржанов Азамат, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Шөкеева Гүлжанар, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеғұл Ғосман, Ақмола облысы кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Ләззат Есжанова, "Медиацияны дамыту орталығы" РҚБ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бойынша өңірлік директоры Әміржанов Асқар, сонымен қатар судьялар, түрлі мемлекеттік мекемелер, азаматтық қоғам институттарының, кәсіподақ мекемелерінің өкілдері, облыстық ассамблеяның жанындағы құрылымдардың мүшелері, облыс аудандары мен қалаларынан келген кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Облыстық семинар шеңберінде қоғамның негізгі бөлшегі саналатын отбасылық даулардан бастап, мемлекеттік көлемдегі маңызы бар еңбек, азаматтық, экономикалық және өмірдің басқа да салаларындағы даулар мен жанжалдар мәселесі талқыланды.

Іс-шара соңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары Галлямов Ринат қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға қосып келе жатқан үлестері үшін семинар қатысушыларына ризашылығын білдіріп, өңірдегі медиация институтының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірнеше адамға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: