Медицина мекемелеріне тіркелу ХҚКО арқылы да жүргізіледі – Біртанов - Жаңалықтар | BNews

Медицина мекемелеріне тіркелу ХҚКО арқылы да жүргізіледі – Біртанов

11 шілде, 16:02 1579 Астана
Медицина мекемелеріне тіркелу ХҚКО арқылы да жүргізіледі – Біртанов

Осыған дейін тіркелу үшін өтініш пен жеке куәлік көшірмесі ғана керек болатын. Ал азаматтарды тексере бастағанда жалған өтініштер бары анықталған.

Тұрғындар медицина мекемелеріне egov.kz арқылы онлайн және ХҚКО барып тіркеле алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Бұрындары адамдар тұратын ауданына қарайтын дәрігерге баратын. Бүгінде азаматтарда дәрігер мен медицина ұйымын таңдау мүмкіндігі бар. Жүйе бойынша 18 млн адамның әрбірінде жан басына берілетін тарифтер бар. Ол адам қай емханаға тіркелсе ақша сол емханаға беріледі", - деді ол.

Министрдің айтуынша, республика бойынша күн сайын 6 мың адам, ал жылына миллион адамға дейін медицина мекемелеріне тіркеуге тұрады. Алайда, тіркелген адамның барлығы, емханаға жүгіне бермейді.

"Жас, дені сау адамдар емханаларға бармайды. Қарт, жүкті әйелдер, балалар жан басына қаржыландыруға бөлінген ақшаны пайдаланады. Бірақ бұл жерде де тәжірибе мен уақыт деген нәрсе бар. Медициналық сақтандыру қоры биыл бірінші рет төлеуші ретінде жұмыс істеп жатыр. 2010-2012 жылдары жүйе пайда болғанда бәрі жаппай электронды тіркеле бастады. Тіпті өзім 5 жыл Астанада тұрсам да басқа облыста тіркеуде тұрғанымды білдім", - деді Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі мұндай жағдайға Парламент депутаттарының да тап болғанын атап өтті.

"Жүйе бойынша ЖСН арқылы қайда тіркелгенін көруге болады. Биыл көптеген депутат басқа облыстарда тіркеуде тұрғанын байқағандарын айтты, бұл дегеніміз ақша ай сайын басқа жерге барады. Ендігі кезекте тіркелу ХҚКО арқылы жүргізіледі. Осыған дейін тіркелу үшін өтініш пен жеке куәлік көшірмесі ғана керек болатын. Ал азаматтарды тексере бастағанда жалған өтініштерді анықтадық. Енді egov.kz арқылы онлайн тіркелуге және ХҚКО барып тіркелуге болады", - деді министр.

Сондай ақ, отырыс барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жеке медицина мекемелерінің артықшылықтарын атады.

Оның айтуынша, жеке медицина мекемелер санының артуы бәсекені арттырып, дәрігерлерге жақсы жалақы төлеу мүмкіндігін береді. Қала әкімі медицина саласында сауықтыру шараларына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

"Биыл жалпы аумағы 115 мың га қосымша 9 саябақ пен парк саламыз. Қазір қаладағы парктердің бәрінде веложолдар болады. Бұқаралық спортпен айналысу өмір сапасын арттырады және адамдар аз ауыратын болады", - деді Исекешев.

Астана әкімі қаладағы медицина қызметінің сапасын арттыру мәселесіне тоқталды.

"Сол себепті емханаларда медицина қызметінің сапасын арттыру жәй міндет болып отырған жоқ. Астанада 250 медицина мекемесінің 200-і жеке меншікте және олардың саны артып келеді. Биыл да жеке емханалар мен медицина орталықтары ашылады. Бұл бәсекені жақсартатын, дәрігерлерге жақсы жалақы төлеу мүмкіндігін беретін қалыпты процесс. Бірақ біз барлық тұрғындарымызды сапалы қызметпен қамтамасыз етуге тиіспіз. Сол себепті біз үшін бұл саланы қалай дұрыс реттеп, қадағалау керек деген сұрақтармен жаңа сын-тегеурінге айналып отыр. Сол себепті бұған ерекше назар аударамыз", - деді Астана қаласының әкімі медициналық қызмет көрсету саласын жетілдіру мәселелері бойынша өткен республикалық семинар-кеңесте.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: