Медицина ұйымдарына жыл басынан бері 5 млрд теңгеге жуық қаржы төленді

10 қыркүйек, 2018, 15:14 1701 Астана
Медицина ұйымдарына жыл басынан бері 5 млрд теңгеге жуық қаржы төленді

Аталған қаржыны "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ 2018 жылдың басынан бері еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарына бөлді.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ жыл басынан бері Қазақстандағы медицина ұйымдарына 497,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"5 млрд теңгеге жуық қаржы кепілдендірілген көмек шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсеткен емдеу мекемелеріне 6 қыркүйекке дейін аударылды. Бұл – кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 65 пайызы", - деді Ботагөз Жақселекова.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерімен Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті аясында халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы – 768,4 млрд теңге.

"Жұмыс кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті", - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 1365 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 623-і – жеке меншік клиникалар. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 158-ге көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылғыдан 2 есе артып, 110,6 млрд теңгені құрады.

Ботагөз Жақселекованың мәліметінше, тамыз айында Медициналық сақтандыру қорына 8 млрд 156,9 млн теңге көлемінде жарна аударылды. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта түскен қаржының жалпы сомасы 97 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: