Мемлекет басшысы Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын аралап көрді - Жаңалықтар | BNews

Мемлекет басшысы Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын аралап көрді

11 тамыз, 09:32 2797 Маңғыстау облысы
Мемлекет басшысы Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын аралап көрді

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласының және Маңғыстау өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын аралап көрді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы заманауи дыбыс күшейткіш және жарық техникасымен, сондай-ақ LED экранмен жабдықталған, бір мезгілде 1000 әртіс өнер көрсететін, көпфункциялы сахнасының ені 70 метр болатын ашық аспан астындағы амфитеатрді көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев өнер адамдарымен әңгімелесу барысында Ақтау қаласының және Маңғыстау өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

"Құрметті маңғыстаулықтар, сіздер әлемдік тарихқа енетін айтулы оқиғаға куә болғалы тұрсыздар. Ертең алғаш рет бес мемлекеттің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын құжатқа қол қояды. Облыста туризм дамып келеді, теңіз порттары мен әлеуметтік нысандар салынуда. Осының бәрі сіздер үшін, балаларыңыз бен сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда", – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында ротондалар, бақылау мұнаралары, балаларға арналған және спортпен шұғылданатын алаңдар, демалушылар үшін шатырлар мен орындықтар орнатылған. Бүкіл жағалау бойына шағын 16 сәулет нысаны қойылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы енді сапар барысында мультимодальды Құрық портының таныстырылым рәсіміне және Бесінші Каспий саммитіне қатысуы, сондай-ақ жоғары деңгейде бірқатар екі жақты кездесулер өткізуі жоспарланып отыр.

12 тамыз күні Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда Каспий маңындағы бес мемлекет президенттері бас қосатын саммитке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жаһандық маңыздағы шара барысында көлік транзиті, экономика және экология, биоресурстарды қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талданады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Ақтау саммитіне Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келеді.

Күн тәртібіне қойылған басты тақырып – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияны қабылдау. Жиырма жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер осы аптада өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Құжатқа қол қойылған соң жағалау мемлекеттері көлік-транзит еркіндігі, балық аулау және өзге де мәселелер бойынша өзара келісімге келеді. Бүгінде қала саммитке қызу дайындық үстінде. Арнайы штаб құрылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Еске салсақ, жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Елбасы ертең Ақтау қаласында Каспий маңындағы бес мемлекеттің басшылары жиналып, тарихи құжатқа – Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоятынын, аталған құжат 20 жылдан астам уақыт бойы дайындалғанын ерекше атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары