Мемлекет басшысы Колядинді Паралимпиада-2018 ойындарындағы жеңісімен құттықтады

14 наурыз, 2018, 19:48 1659 Астана
Мемлекет басшысы Колядинді Паралимпиада-2018 ойындарындағы жеңісімен құттықтады

Қазақстан Президенті спортшыға зор денсаулық пен амандық тілеп, спортта жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XII қысқы Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен Александр Колядинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XII қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленген шаңғышы Александр Колядинді құттықтады.

"Бұл жарқын жеңіс Қазақстанның миллиондаған жанкүйеріне қуаныш сыйлап, еліміз үшін мақтаныш сезімін ұялатады. Сенің жетістігің Қазақстан спортының тарихына еніп, өскелең ұрпаққа лайықты үлгі болары сөзсіз", – делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті спортшыға зор денсаулық пен амандық тілеп, спортта жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық параатлетші Александр Колядин Пхенчхандағы қысқы Паралимпиада ойындарында алтын медаль алды. Бұл – еліміздің қысқы Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын жүлде.

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында "алтын" алған шаңғышы Александр Колядинді құттықтады. Мәдениет министрлігінің басшысы бұл жүлде Қазақстандағы Паралимпиада спорты бойынша үлкен жетістік екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарында 15 км қашықтықтағы спринтте алтын медаль алған қазақстандық спортшы Александр Колядин жеңісінен кейінгі әсерімен бөлісті. Ол "алтынға" көңілі толмағанын, егер де ресейлік қарсыластары Паралимпиада ойындарына қатысып, солардан озғанда өзін толықтай чемпион деп есептейтінін айтқан болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар