Мемлекет басшысының төрағалығымен халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды

29 қараша, 2018, 16:42 1614 Астана
Мемлекет басшысының төрағалығымен халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды

Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру Үкіметтің негізгі міндеті саналатынын айтты.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің негізгі қорытындылары, сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру Үкіметтің негізгі міндеті саналатынын айтты.

"Мемлекет жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемін арттырып, міндеттемелердің бәрін орындап келеді. Биыл осы мақсаттарға 2,6 триллион теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 21,3 пайызға көп", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тұрғындардың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға арналған биылғы Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту үшін шаралар кешені қамтылғанын ерекше атап өтті.

"2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын еңбеккерлердің, соның ішінде азаматтық қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есе өседі. Сондай-ақ, әкімшілік, көмекші және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлердің жалақысы артады. Экономиканың барлық саласындағы төмен жалақы алатын 1,3 миллион жалдамалы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 30 пайызға көбейеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды тарту мақсатымен жыл басынан бері 2,7 миллион адамның 1,8 миллионының мәртебесі жаңартылғанын айтты. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанның жұмыс істейтін барлық азаматтары үшін Бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

"2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрмысы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгіздік. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде 103 мыңға жуық отбасы немесе 534 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды", – деді Қазақстан Президенті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар