Мемлекет гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр – МӘМС - Жаңалықтар | BNews

Мемлекет гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр – МӘМС

26 шілде, 17:16 3390 Астана
Мемлекет гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр – МӘМС

МӘМС қорының басқарушы директоры мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті арқылы Қазақстан азаматтарына қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Мемлекет гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне айтып берді. Ол аурудың алдын алу үшін әрбір адамға гигиена талаптарын сақтап, дұрыс тамақтануға кеңес берді.

"Бүгінгі таңда гепатиттен қорғанудың ең тиімді жолы – екпе салдыру. Мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті арқылы азаматтарға қауіпті аурулардың, соның ішінде, гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Әр адам гигиена талаптарын сақтап, дұрыс тамақтанса, зиянды әдеттерден бас тартып, спортпен айналысса, аурудың алдын алу мақсатында дәрігерге уақтылы қаралып, тиісті вакциналарды салдырып тұрса, болашақта ұлт денсаулығы жақсара түсетініне сенімдімін", - деді Серік Тәңірбергенов.

Гепатит – бауырдың қабынуынан болатын ауру. Оның A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіпті саналатын Е гепатитін ерте анықтау қиын. Негізінен сырқаттардың 90 пайызы – өткір гепатитке шалдығады. Мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Емделіп шыққаннан кейін пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады.

"Сарғаю – гепатиттің айқын әрі көпшілікке жақсы таныс белгілерінің бірі. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушылардың орнында ешбір функция атқармайтын тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін", - деп түсіндірді МӘМС қорының басқарушы директоры.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында вирусты гепатит салдарынан туындаған өткір инфекциялар, цирроз сынды бауыр аурулары 890 мың адамның өмірін қиды. 2013 жылы бұл көрсеткіш 1,45 миллионға жетті. Мұның бәрі гепатитті қауіпті дерт ретінде мойындамаудан, көпшіліктің бұл ауру жайлы көп біле бермеуінен дейді мамандар.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде 250 миллионнан астам адам В гепатиті вирусын жұқтырған. Оған С гепатитімен ауыратын 71 миллионды қосыңыз. Негізінен сарыаурудан болатын өлім-жітімнің 96 пайызына гепатиттің дәл осы екі түрі себепкер. Қазақстандағы статистика да көңіл көншітпейді. 2017 жылы елімізде гепатитпен ауыратындардың саны  70 мыңға жуықтапты. Оның 5 147-сі ауруды жаңадан жұқтырғандар.  

Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар немесе жыныстық қатынас кезінде сақтанбайтын адамдар ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.

"Әлем ғалымдары вирусты гепатиттің өлім-жітім жағынан малярия, ВИЧ, СПИД пен туберкулезден кем түспейтінін дәлелдеді. 1990-2013 жылдар аралығында әлемнің 183 елінен мәлімет жинақтаған ғалымдар осы 23 жылда бауыр ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 63 пайызға өскенін жазады. 1982 жылдан бастап дүние жүзінде В гепатитіне қарсы 1 миллиард доза вакцина салынған. Соған қарамастан одан болатын өлім саны азаймай отыр. Ал, туберкулез, ВИЧ пен СПИД-тен болатын өлім-жітім зерттеу жұмыстарына жұмсалған инвестиция мен күштің арқасында азайып келеді. 2013 жылы әлем бойынша СПИД-тен 1,3 млн, туберкулезден 1,4 млн, маляриядан - 855 мың адам көз жұмған. 2000-2016 жылдар аралығында ВИЧ індетін жаңадан жұқтырғандар саны 39 пайызға, одан болатын өлім-жітім де едәуір қысқарған. Ал, гепатиттен 2013 жылы 145 млн адам көз жұмыпты. Гепатиттің қаһары қайтпауының бір себебі - қаржының тиісінше бөлінбеуі, дейді мамандар", - деп баяндады қор басшысы.

Оның мәліметінше, жалпы, бұл аурудың тырнағына кез келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы бақуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан "сақтықта қорлық жоғын" естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Оған 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сарыауру жұқтырған Шанхай оқиғасын мысалға келтіруге болады.

"Дегенмен, сақтықты көпшілік жиналатын орындардан, науқастардан іргені аулақ салу деп түсінбеген жөн. Шын мәнінде, В гепатиті бассейн арқылы, сүйіскенде немесе құшақтасқанда, сондай-ақ, ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұқпайды. Сондықтан ауырмаудың: таза жүру, таза ауыз су ішу, гигиена сақтау, жыныстық қатынаста сауатты болу, екпе салдыру сынды басты қағидаларын сақтағандар ұтылмайды", - деді Серік Тәңірбергенов.

Вакцина егу керек пе әлде, жоқ па? Екпеге қарсылық білдіріп жүргендер олардың құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететінін заттар барын алға тартады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина организмнің қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Иммундау халық денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды.

"Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ", - деп сөзін қорытындылады Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған. Сондықтан "сақтанғанды сақтайтынын" естен шығармаған жөн.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: