Мемлекет саясатының басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету – Әбдіқалықова - Жаңалықтар | BNews

Мемлекет саясатының басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету – Әбдіқалықова

18 мамыр, 19:05 3828 Астана
Мемлекет саясатының басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету – Әбдіқалықова

Бүгінде Қазақстанның қаржы саласында басшылық қызметтегі әйелдердің саны  30 пайыздан асты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Артықшылық орнына құқық. Әйелдер көшбасшылығы қазіргі әлемге қалай әсер етуі мүмкін?" атты дөңгелек үстел отырысына қатысты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен "EXPO & Women" халықаралық ұйымы Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" құрылымымен бірлесіп ұйымдастырды.

Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері әйел капиталын дамыту арқылы инклюзивті экономиканы қалыптастыру қажеттігін түсінгенін айтты.

"Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сондай-ақ олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып саналады", – деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың "Шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің кеңеюіне қол жеткізу қажет" деген сөзін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның қаржы саласында басшылық қызметтегі әйелдердің саны  30 пайыздан асты. Әйелдер 500-ден астам шағын және орта бизнес компанияларын басқаруда, яғни олардың 43 пайызын құрап отыр. Осы секторда құрылған барлық жұмыс орнының үштен бірі әйелдерге тиесілі.

Мемлекеттік хатшы әйелдердің әлеуеті мен рөлін арттыру бүкіл әлемнің ілгерілеуімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оған қол жеткізу үшін БҰҰ ұсынған төрт К бағытына негізделген жаңа машықтарды меңгеру қажет. Олар: сыни ойлау, коллаборативтілік, креативтілік және коммуникативтілік. Әлем сарапшыларының болжамы бойынша, 2020 жылға қарай бүгінгі еңбек қызметін айқындайтын білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретін болады.

Жиын қорытындысы бойынша гендерлік мейнстримингті ілгерілету үшін саясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары