Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынады – Тимур Сүлейменов - Жаңалықтар | BNews

Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынады – Тимур Сүлейменов

13 ақпан, 13:32 828 Астана
Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынады – Тимур Сүлейменов

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметтің  9 ақпандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы бойынша нақты жоспарлар туралы баяндады.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, салық саясатын іске асыру шаралары 2025 жылға дейін ЖІӨ түсетін салық түсімдерін 25%-ға дейін жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс, деп хабарлайды  BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап. Бұдан өзге, мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатын болады. Аталған мәселені шешу үшін ҚР ҰЭМ 2018 жылдың соңына дейін Ұлттық қор тұжырымдамасына қарыз индикаторлары есебінен Үкіметтің ішкі қарызын алып тастау тұрғысынан өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізеді.

"Елдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті өнідірісі мен экспорттық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Инвестициялар және даму министрлігімен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесе отырып, осы бағытта мемлекеттік қолдаудың талдау шаралары жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті экспорттық өнімдерді шығаратын "Ұлттық чемпиондар" санын көбейту үшін қызметтер алгоритмі мен шараларды іске асыру бойынша ұсыныстар жасалады", - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар аясында 100 нақты қадам Ұлт жоспарының "Индустрияландыру және экономикалық өсу" үшінші бағытын іске асыруға тұрақты бақылау жүргізіледі.

"Биыл 1 қаңтардан бастап 4-ші деңгейдегі бюджеттер енгізілді. Бүгінгі таңда салық ауылдардың, кенттердің және халық саны 2000 адамнан асатын ауылдық округтердің бюджеттеріне түсіп жатыр", - деді Тимур Сүлейменов.

Министрлік Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырады. Аталған бағытта іске асырылып жатқан жұмысты бағалау мақсатында биыл жалпы экономика, мемлекеттік бюджет пен бизнеске жекешелендіру әсерін есепке ала отырып талдау жасалатын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары