Мемлекеттік тапсырысты орындаған медицина ұйымдарына 142 млрд теңге төленді

08 ақпан, 2019, 18:23 9610 Алматы
Мемлекеттік тапсырысты орындаған медицина ұйымдарына 142 млрд теңге төленді

Биыл жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 59-ға көбейген.  

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ 2019 жылдың алғашқы айында халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 142,1 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті  (ТМККК) шеңберінде бөлінді, деп хабарлады "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ жұртшылықпен байланыс департаменті.  

"1 ақпандағы мәлімет бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 142,1 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 16,8 пайызын құрайды. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. Егер сұраныс күшейген жағдайда қор қосымша қаражат бөледі. Қордың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан қаржыны өзге қаражат көздерінен алып, қайта бөліске салу тиімдірек болып отыр", - деді МСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Қаржыны қайта бөліске салу үшін медицина ұйымдарының өкілдері қорға өтінім жолдайды. Өтініш заңда белгіленген тәртіп бойынша қаралады.

Медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. 2019 жылы бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 846 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайыз көп.  

Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 1412 медицина ұйымы орындамақ. Оның 698-і – жеке меншік. Тағы бір айта кетерлігі, биыл жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 59-ға көбейген.  

Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Шымкент, Астана, Алматы қалалары, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алумен айналысады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар