Мен экстремалды спорт түрлерін жақсы көремін – мүмкіндігі шектеулі қыз

25 шілде, 2018, 19:23 2588 Астана
Мен экстремалды спорт түрлерін жақсы көремін – мүмкіндігі шектеулі қыз

Жаннат Бабағұлованың айтуынша, ешбір адам үшін басқа біреу өмір сүрмейді. Ол адам баласы басынан қандай да бір оқыс оқиғаны өткерсе, оған қарамастан, үнемі еңсесін тік ұстап, ары қарай өмір сүру үшін бойынан күш таба білуі керек деп есептейді.

Біз қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі жайлы, олардың айналысатын істері, қызығушылықтары, сондай-ақ алға қойған мақсаттары мен арман-тілектері жайлы не білеміз?! Осы сұрақтардың жауабын табу үшін BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Астанадағы "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігіне барып, сол ұйымның мүшесі Жаннат Бабағұловамен сұхбаттасқан болатын.

– Спортқа қашан және қалай келдіңіз?

Мен осыдан бірнеше жыл бұрын парашютпен секірген адамдарды көріп, соған қатты қызығушылығым оянды. Сосын мүгедектерге арналған арбада отырған менде "Ал мен солай жасай аламын ба?" деген сұрақ туындады. Менің бір танысым парашют клубында әуесқой спортшы екен. Ол маған клуб жұмысы, парашютпен секіру туралы айтып берді. "Жазық далаға мен де барсам бола ма?" деп сұрадым, ол "әрине болады, кеттік" деді. Мені Астана қалалық парашют спорты федерацясының төрағасы Сергей Кобелев күтіп алды, таныстым.

Әрине, басында өзім де бұл спорт түрімен айналыса алатыныма күмәнмен қарадым. Кейін сол базадағы адамдармен таныстым. Кәсіби спортшылардың бір-бірін қалай құрметтейтінін, парашютпен секіруді қалай сүйетінін өз көзіммен көріп, олардың керемет атмосферасын өте ұнаттым. Базаға келушілер отбасымен, балаларымен жүрді. Даладағы атмосфера, шөптің иісі, парашютпен секірудегі көрініс, бәрі мені өзіне қатты тартып, содан кейін осы спортпен айналысамын деп нақты шешім қабылдадым. Ең алғашқы рет 2014 жылы парашютпен секірдім.

Қазақстанда мүгедектер арасында парашют спортының болашағы зор деген ойдамын. Бұл біздің еліміз үшін де, мүгедек жандар үшін де үлкен бастама.

– Неге дәл осы экстремалды спорт түрін таңдадыңыз?

Мен жылдамдықты, адреналинді жақсы көремін. Мүмкін сондықтан да спорттың дәл осы саласына келген шығармын...

– Парашютпен секіруге мүмкіндігі шектеулі жандарды айтпай-ақ, дені сау, 12 мүшесі аман адамдардың өзі жүрексініп, көп бара бермейді. Ал сізде алғаш рет биіктіктен секіргенде қорқыныш сезімі болған жоқ па, болса оны қалай жеңдіңіз?

Неге екенін білмеймін, бірақ менде ешқашан қорқыныш сезімі болған жоқ. Не себепті мүлдем қорықпағаным өзім үшін де қызық. Қазіргі уақытқа дейін менде бұл спортпен айналысуды тоқтату туралы ой болған емес. Қорқыныш сезімі жайлы сөз де болуы мүмкін емес, әуелден тек үлкен қызығушылық қана болды.

– Бұдан басқа қандай спортпен айналысасыз?

"ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі бола тұрып, биіктіктен парашютпен секіруден басқа, үстел теннисімен әуесқой түрде айналысамын. Алайда қазір оған өте аз уақыт бөлемін. Одан басқа тұрақты түрде Астанадағы дәрігер Бубновскийдің әдісі бойынша жаттықтыратын "КИНЕЗИС" функционалдық реабилитация орталығына барамын. Онда қолды, аяқты жаттықтыруға арналған құрылғылар бар. Мен сонда барып жаттығуды өзім үшін спортпен айналысу деп санаймын. Бұл менің жалпы денемнің тонусын сақтап тұруға көмектеседі. Аталған орталыққа мен жеті жылдан бері үзбей аптасына үш рет барамын. Мұны мен екінші жұмысым десем де болады.

– Ал өзіңіз нақты қайда жұмыс істейсіз?

Мен ауыл шаруашылы техникаларын сатумен айналысатын компаниялардың бірінде кадрлар бойынша маман болып қызмет атқарамын. Жұмыстағы ортам өте тыныш, бір қалыпты болғанымен, менің жұмыстан тыс өмірім оған тіптен қарама-қайшы келеді десем де болады. (Күлді.)

– Хоббиіңіз бар ма?

Мен жаңа айтып өткенімдей, үнемі спортпен шұғылданамын, өзім айналысып жүрген парашютпен секіру сияқты экстремалды спорт түрлерін жақсы көремін. Міне, осыларды менің хоббиім деуге болады.

– Алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз.

Мүгедек жан болғандықтан, өзім де, мен сияқты басқа адамдар да толықтай қолжетімді ортада өмір сүреміз деп үміттенемін. Яғни бізге қажетті пандустар мен арнайы техника, автобустар мен автокөліктер барынша қызмет етіп, ешбір кедергі туындамайды деп сенемін. Қазіргі менің мақсатым – не істесем де осы атап өткен ойларға қол жеткізу және барша адамдар қатарында өмір сүру.

– Қазақстан Республикасы 2008 жылы Біріккен ұлттар ұйымының "Мүгедектердің құқықтары туралы" Конвенциясына қол қойып, барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға міндеттенген. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға біздің елімізде жасалып жатқан жағдайларға көңіліңіз тола ма?

Мен Астанада 2012 жылдан бері өмір сүріп келемін. Мүгедектер арбасында отырғаныма 11 жылдың көлемі болды. Қазақстан Үкіметі, қала әкімдігі тарапынан барлық адамдар үшін көп жағдай жасалып келеді. Алайда, біздер секілді мүгедек жандарға жасалып жатқан дүниелер аз және өте жай жасалып жатыр деуге болады. Тек соңғы төрт жылда ғана іске асырылып жатқан жұмыстар, мысалы ғимараттар мен автобустарға пандустарды қою дамып жатыр деп ойлаймын. Бірақ өкінішке орай, көп жағдайда олардың біршамасы ыңғайсыз, жарамсыз болып жатады. Біз жақсы жағдайлар жасалсын десек, бұл туралы үнемі айтып отыруымыз керек.

– Мүгедектігі бар азаматтарды өмірге талпындыру мақсатында жалпы атқарылатын іс-шаралар қаншалықты жиі өткізіледі?

Қазіргі кезде мүгедек адамдарды жігерлендіретін көптеген шаралар іске асырылады. Мүгедектік әртүрлі болады, кейбіреулер арбамен қозғалса, біреулердің көзі нашар көреді немесе мүлдем көрмейді. Сондай-ақ, тағы біреулердің құлағы нашар естиді немесе тіптен естімейді. Елімізде осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі орталықтар, клубтар мен қоғамдық бірлестіктер бар. Әр адам өзін түсінетін, қабылдайтын, қол ұшын беретін сондай ортаны іздеп, өзі сияқты адамдар қатарына қосылып, кез келген іс-шараға қатысу – тек сол адамның ғана қолында.

Бір кездері мен де "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ердилдиновамен таныстым, ол мені осы ортаға алып келді де мұндағы ән айтып, би билейтін белсенді адамдармен таныстырды. Және мен сол уақыттан бері жеке басымның қайғысын ұмыттым.

– Егер мүмкін болса, айтып бере аласыз ба, сіз мұндай жағдайға қалай тап болдыңыз?

Ешбір адам аяқасты болатын оқыс оқиғалардан сақтандырылмаған. Мейлі ол жол-көлік оқиғасы болсын, мейлі кездейсоқ жағдай болсын... Мен де осыдан 11 жыл бұрын жол-көлік оқиғасына тап болып, қазір соның салдарынан арбаға таңылдым. Алайда, мен бұған қарамастан, үнемі еңсемді тік ұстап, ары қарай өмір сүру керек деп есептеймін.

– Өмірде он екі мүшесі бүтін адамдардың өздері кейде немен айналысарын білмей, жұмыссыз, босқа сенделіп жүреді. Олардың жанында физикалық тұрғыдан мүмкіндігі шектеулі болса да, өзіңіздей жандардың рухы биік, нақты алға қойған мақсаттары мен айналысып жүрген ісі болады. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай, сондай адамдарға берер қандай да бір кеңесіңіз бар ма?

Мен ауыр жарақат алған кезде, әрине бұл жағдай маған өте ауыр тиді, бұдан кейін өз аяғыммен жүре алмайтынымды мүлдем қабылдай алмадым, оны түсінгім де келген жоқ, өз-өзіме келуім өте қиын болды... Бірақ өмір бір орында қатып қалмайды, өзіңнен өмір сүруге деген күш таба алуың қажет. Мұндай қорқынышты жағдайды басынан өткерген жан төрт қабырғаның ішінде бір ғана терезеден сыртқа телміре қарап отырмауы керек. Адам ол үшін дүниеге келмейді.

Мен түрлі себептермен мүмкіндігі шектеліп, қол қусырып отыратын адамдарды, әсіресе жастарды түсіне алмаймын. Әрбір адам өзіне берілген өмірді тек өзі ғана қалағанынша сүре алатынын түсінуі қажет. Сен үшін басқа ешкім де, тіпті ата-анаң, бауырың не болмаса құрбы-құрдасың да өмір сүрмейді. Сондықтан да барлығы тек сенің ғана қолыңда, атқара алатын шаруаңдың барлығын жүзеге асыр!

– Сұхбатыңызға рахмет! Сізге өмірде үлкен сәттілік тілеймін!

Айта кету керек, Астанадағы "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жаннат Бабағұлова биыл 25-29 шілде аралығында Ресей Федерациясының Рязан облысында Парашютпен секіру спорты бойынша мүгедек жандар арасында өтетін үшінші халықаралық фестивальге қатысады. Еліміз мұндай халықаралық дәрежедегі спорт сайысында биыл алғаш рет өнер көрсетпек.

Бұл фестиваль үш жыл бұрын Франция елінде бастау алып, кейін Беларусь Республикасында өткізілген болса, енді биыл Ресейде жалғасын тауып отыр. Фестиваль барысында биіктіктен парашютпен секіру бойынша шеберлік сағаттары көрсетіледі. 

Аталған қоғамдық бірлестік мүгедектігі бар адамдар арасында спорттық-экстремалдық туризмді дамыту бағытында "Инватуризм КЗ" жобасын іске асырып жатыр.

Іс-шараның мақсаты – мүгедек жандарды парашютпен секіруге тарту, әлемдік спорт қоғамдастығында олардың қатысуымен парашютпен секірумен айналысатын жаңа спорт алаңын кеңінен тарату, халықаралық ынтымақтастықты құру мен нығайту мәселелерін шешуде тәжірибе алмасу арқылы физикалық жағынан мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік және психологиялық оңалтуға үлес қосу.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар