Мен отбасым үшін қорықтым – Тоқмәди банкир Тәтішевті өлтіргенін мойындады - Жаңалықтар | BNews

Мен отбасым үшін қорықтым – Тоқмәди банкир Тәтішевті өлтіргенін мойындады

16 ақпан, 14:48 1334 Жамбыл облысы
Мен отбасым үшін қорықтым – Тоқмәди банкир Тәтішевті өлтіргенін мойындады

Таразда "шыны патшасы" Мұратхан Тоқмәдидың ісі бойынша сот басталды. Кәсіпкерге белгілі банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылып отыр.

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "БТА банкінің" бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылып отырған Мұратхан Тоқмәдидың ісі бойынша басты сот ісін қарау басталды. Аталған қылмыстық іс 2004 жылдың желтоқсан айында болған. Сотталушы тыңдалым барысында айыбын толық мойындады, деп хабарлайды BNews.kz.

Сот алқабилерінің қатысуынсыз өтуде. Сондай-ақ, сотталушының қорғаушысы сот барысын фото- және видеоға түсіруге тыйым салды.

5 ақпанда Бас прокуратурадан істің 79 томы қаралымға жіберілді. Аталған сот ісін судья Азамат Тілепов қарап жатыр. Кәсіпкер, "КазСтройСтекло" компаниясының директоры 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-баптың 2-тармағының "ж", "з" пунктерi (алдын ала келiсiп, топпен қасақана адам өлтiру) бойынша айыпталып отыр.

Айта кетейік, 2007 жылы Тараз қаласы сотының үкімімен Тоқмәди Ержан Тәтішевті өлтіру ісі бойынша рақымшылыққа ілініп, айыбын өтеуден босатылған болатын. Сол кезде ол абайсызда кісі өлтірді деп айыпталған.

Тыңдалым барысында Мұратхан Тоқмәди айыбын толық мойындады және істеген ісіне өкінді.

"Ия, айыбымды мойындаймын", - деді Тоқмәди.

Ол өз әрекеттерiне оның отбасына Мұхтар Әбләзов тарапынан жасалған қоқан-лоққы мен ақшалай сыйақы ықпал еткенiн айтты. Сондай-ақ, жақындары үшiн қорыққанын жеткiздi.

"...Ол (Әбләзов-авт.) қоқан-лоққы көрсеттi, оның ішінде менің отбасы мүшелеріме де. Мен бұл қоқан-лоққыны шынайы деп қабылдадым, себебі мен оның байланыстары бар екенін білетінмін. (...) Менің ондай ниетім болмаған, менің отбасымдағыларға қысым түсірілгендіктен, бұл тек үлкен уайымнан болды", - дедi Тоқмәди сотта.

Сотталушы айтып өткендей, банкирді өлтіргені үшін ол екі траншпен сыйақы алған. Бірінші рет 2004 жылы 2 млн доллар төленген, қаржының көп бөлігін ол банктен бұрын алған несиесін жабуға жұмсаған. Ал 2005 жылы Тоқмәди екінші рет тағы да 2 млн доллар көлемінде сыйақы алған. 

Еске сала кетсек, 2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында "ҚазСтройСтекло" ЖШС директоры Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен "Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау" бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен тұтқындалды. Кәсiпкер 2005 жылы "Семурюжком" және "Казстройстекло" ЖШС тең құрылтайшысына қоқан-лоққы көрсетiп, ақша бопсалап, кәсiпкерлердiң жарғылық қорының үлестерiн иемденген. Ол осындай әрекеттерiмен 185 миллион теңге көлемiнде шығын келтiруi мүмкiн едi. Осылайша, сот Мұратхан Тоқмәдидi үш жылға бас бостандығынан айырды.

Бұдан кейiн 2017 жылғы қазанда КТК телеарнасында деректi фильм көрсетiлiп, онда Тоқмәди "БТА Банкінің" бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындады. Ол Тәтiшевтi өлтiруге Мұхтар Әбләзов тапсырыс бергенiн айтты. Осылайша, Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн БТА банкiн басқарған. Бұған дейiн тергеу барысында Мұратхан Тоқмәди Тәтiшевтiң басына абайсызда оқ атты деген қорытындыға келген болатын. Кейiннен дәлелдердiң арқасында Тәтiшев абайсызда оқ атқаннан емес, қасақана оқ атқаннан қайтыс болғаны анықталды. Осылайша, Жамбыл облыстық сотына Тоқмәдиге қатысты үкiмдi жоққа шығаруға негiздiң бар екенi жайлы қорытынды жолданып, жаңа деректердiң пайда болуына байланысты қылмыстық iс қайта қарала бастады.

Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда Жамбыл облысында аң аулап жүрген кезде қаза тапқан. Бұрында, ресми нұсқа бойынша, Тәтішев қарудың өздігінен атылып кетуі салдарынан жазатайым қайтыс болды деген сот шешімі қабылданған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары